ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, деп жазады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтында.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізді. Нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ды құрады.
Оң өсу қарқыны құрылыс (+9,4%), ауыл шаруашылығы (+9,1%), ақпарат және байланыс (+8%), сауда (+5%), көлік және қоймалау (+3,9%), өңдеу өнеркәсібі (+3,4%) салаларында тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8%-ды құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға, көлік және қоймалауда – 5,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 5,6%-ға ұлғайды.
2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, $122,2 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, $77,6 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $44,6 млрд-қа тең (+20,1%). Жалпы, республиканың оң сауда балансы $33,1 млрд-ты құрады (+89,7%).
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев есептік кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке 15 трлн 668 млрд теңге сомасында кірістер түсті (жоспар 104,4%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (103%), жергілікті бюджеттердің кірістері 5,2 трлн теңгені (107,3%) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ға (18,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ға (10,8 трлн теңге) атқарылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өз баяндамасында атап өткендей, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіп салаларының өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайтылды, оның көлемі жиырма фунттық баламада 1 млн 129 мың контейнерді құрады. 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар – 15,1 млн шаршы м).
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, есептік кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны құрады, оның ішінде Теңіз кен орнында 29,2 млн тонна, Қарашығанақ кен орнында 11,3 млн тонна, Қашағанда 12,7 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны құрады.
2022 жылы газ өндіру көлемі 53,3 млрд текше метр газды, тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метрді, ішкі тұтыну 19,3 млрд текше метрді, экспорт 4,6 млрд текше метрді құрады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 15%-ға, мал шаруашылығында – 0,9%-ға өсті.
Аталған кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады: өсімдік майы – 49,5%-ға, қант – 34,4%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балық – 15,5%-ға, жарма – 11,5%-ға, ұн – 10,2%-ға, шұжық өнімдері – 5%-ға, макарон 3,8%-ға, өңделген күріш – 3,1%-ға.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалғанын атап өтті.
«Былтыр экономиканың нақты өсімі 3,1%-ды құрады. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Бұл ретте өндірістің шикізаттық емес секторына инвестиция тарту белсенді жүрді.
Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалды. Ал, ең төмен көрсеткіш Ұлытау, Маңғыстау, Атырау және Абай облыстарында тіркеліп отыр.
Әлихан Смайылов биыл барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бар күшін жұмылдыруы тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамалары қоғамның сұранысына және ағымдағы сын-тегеуріндерге негізделген. Осы міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», — деді ол.
Оның айтуынша, ең кемі 4% экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу керек. Сондықтан, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет.
«Халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрақты өсімге байланысты», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Әр инвестормен жұмыс істеп, әрқайсысына бөлек жағдай жасап, қарсы міндеттемелер белгілеу қажет.
«Біз әр жобаның экономикалық нәтижесін көруіміз керек», — деді ол.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов бағаның өсуін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Инфляцияға ең алдымен, азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр.
«Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан, кез-келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының пікірінше, бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат түсінікті әрі әділ болуға тиіс. 2023 жылы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.
Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуы тиіс.
«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін қысқартуымыз керек. Биыл Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ын орындау қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Тозығы жеткен электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін азайту үшін түпкілікті шаралар қабылдап, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет.
Әлихан Смайылов биыл Үкімет алдында жаңа Салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол салық заңнамасын жеңілдетіп, өндіріс көлемі мен инвестицияларды ұлғайтуға, инновацияларды енгізуге, жұмыспен қамтуға ынталандыруы тиіс. Салықтық әкімшілендіру толығымен тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі керек.
Премьер-Министрдің айтуынша, алда тұрған тағы бір маңызды міндет – жаңа Бюджет кодексін әзірлеу.
«Біз биыл қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджет жүйесінің ашықтығын кеңейтуге тиіспіз. Сонымен қатар мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру керек. Бюджеттеу тәсілдерін жетілдіру шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының жедел әрі дербес әрекет етуін қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол экономиканы цифрландыру жұмыстарын күшейту керек екенін атап өтті: ақпараттық жүйелердің бірыңғай платформаға интеграциялануын қамтамасыз ету қажет, мемлекеттік қызметтерді барынша электрондық форматқа көшіріп, оларды халыққа ұсыну процесін жеңілдету керек.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру жалғасатынын айтты. Әкімшілік реформа шеңберінде саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттырып, өкілеттіктерді орталықсыздандыруға баса назар аударылады.
«Әріптестер! Мұның барлығы – осы жылы іске асырылатын маңызды міндеттер. Министрлер мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштерін ерекше бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.