Батыс Қазақстан облысы – еліміздің бағбандық дәстүрі қалыптасқан аймақтарының бірі. Табиғи-климаттық жағдайдың ерекшелігіне қарамастан, өңірде алма ағашы бұрыннан өсіріледі. Бірақ соңғы жылдары бұл салада бірқатар қиындықтар мен өзекті мәселелер пайда болды.

Өткен ғасырдың 7080-жылдары Батыс Қазақстан өңірінде алма шаруашылығы кең өріс алды. Сол кезеңде облыс орталығы маңындағы кеңшарларда жүздеген гектар алма бақтары отырғызылып, халықты өніммен қамтып қоймай, алманы өңдейтін де өнеркәсіп орны болды. «Антоновка», «Мелба», «Апорт», «Ренет Симиренко» сияқты сұрыптар жергілікті жағдайға жақсы бейімделіп, жоғары өнім берді. Алайда нарықтық экономикаға көшу кезеңінде бақтардың көп бөлігі жойылып, күтім жасалмады. Осылайша бір кездері гүлденген бақтар бүгінде сирек кездесетін көне ағаштарға айналды.
Қазіргі жағдайды қарастырсақ, бүгінгі таңда облыс бойынша алма бақтарының жалпы ауданы айтарлықтай қысқарды. Көптеген шаруалар алманың орнына жылдам өнім беретін дақылдарға көшті. Дегенмен соңғы жылдары жеке шаруашылықтар мен ғылыми мекемелердің бастамасымен алма шаруашылығын қайта жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Айталық, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мен жергілікті ғалымдар клондық телітушілерге (мысалы, 54-118, Урал 1,5 типтері) егілген алма ағаштарын зерттеу үстінде. Мұндай бақтар ерте жеміс береді, өнім сапасы жоғары және күтімі жеңіл. Дейтұрғанмен климаттық бейімделу және ауа райының тұрақсыздығы өзекті. Біздің өңір күрт континенталды климатымен ерекшеленеді қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ, көктем мезгілінде су тасқыны да орын алып тұрады. Соңғы жылдары көктемде үсіктердің жиілеуі, күздің ерте түсуі және жаздағы аптап ыстық алма ағаштарының тіршілігіне елеулі әсер етуде.
Бүршіктердің үсуі мен гүлдеу кезеңіндегі температура ауытқуы өнім көлемін 30-40%-ға дейін төмендетеді.
Бұл мәселені шешу жолдарының бірі – қысқа төзімді және кеш гүлдейтін сұрыптарды енгізу, бақтарды қорғаныш жолақтарымен (желек белдеулермен) қорғау, қысқы кезеңге ағаш діңдерін әктеу және топырақты жабын (мульчирлеу) арқылы қорғау.
Сонымен қатар облысымыздағы алма сұрыптарының көбі – ескі, бұрынғы кеңшар кезеңінен қалған ағаштар. Олардың өнімділігі төмендеп, ауруларға төзімділігі азайған. Қазіргі селекция жұмыстары баяу жүруде, ал жаңа жергілікті жағдайға бейімделген сұрыптар аз. Батыс Қазақстан жағдайына бейімделген сұрыптар бойынша ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізу, отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнату, жергілікті селекция мектебін қалыптастыру – ғалымдар мен кәсіпкерлердің басты мәселесі.

Көптеген ауданда алма бақтарын суаруға арналған инфрақұрылым ескі немесе мүлде жоқ. Осы ретте климаттың құрғақтануы салдарынан су тапшылығы ағаштардың өсуін тежейді, ол өнім сапасын төмендетеді. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін тамшылатып суару технологиясын енгізу, жер асты суларын үнемді пайдалану, су жинау және сақтау тоғандарын салу сияқты жұмыстар жүргізілуі керек. Топырақтың құнарлылығы мен тыңайтқыш қолдану мәдениетін де ұмытпағанымыз дұрыс. Кейбір шаруашылықтарда минералдық тыңайтқыштар мен органикалық заттар жеткіліксіз қолданылады. Бұл ағаштардың әлсіз өсуіне және жеміс сапасының төмендеуіне әкеледі. Органикалық тыңайтқыштарды (көң, компост) пайдалану, жапырақ арқылы қоректендіру (жапырақ үсті тыңайтқыштар) әдістерін кеңейту, топырақ талдауын (агрохимиялық мониторинг) тұрақты жүргізу секілді әдістерді тәжірибеге енгізу қажет.
Соңғы жылдары алма бақтарында алма паршасы, ұнтақты зең, жапырақ ширатқыш және жеміс көбелегі сияқты аурулар жиі кездеседі. Кейбір шаруалар химиялық препараттарды дұрыс қолданбайды, соның салдарынан экологияға және экономикаға залал келеді. Осыған байланысты биологиялық қорғау әдістерін (триходерма, биофунгицидтер) қолдану, зиянкестерге қарсы феромондық тұзақтар орнату, кешенді интеграцияланған қорғау жүйесін енгізу керек.
Бұл мәселеде тұрақты қолдау мен кадр тапшылығын да ескергеніміз абзал. Алма шаруашылығында жастар аз, тәжірибелі мамандардың өзі – жасы келген адамдар. Мемлекеттік бағдарламалар негізінен егіншілікке бағытталғандықтан, жеміс бағы саласы көбіне көлеңкеде қалады. Мәселені шешу жолдарын қарастырып, бағбандыққа арналған оқу курстары мен тәжірибелік орталықтар ашу, мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несие бағдарламаларына алма өсірушілерді қосу, жастарды ауыл кәсіпкерлігіне тарту керек деп ойлаймын.

Батыс Қазақстан облысы үшін алма шаруашылығын дамыту – экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан маңызды бағыт. Өткеннің тәжірибесін ескере отырып, жаңа технологиялар мен ғылыми тәсілдерді енгізу арқылы өңірде заманауи, жоғары өнімді алма бақтарын қайта қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар. Алма – дәстүр мен мәдениеттің символы ғана емес, сонымен бірге ауылдың өркендеуіне жол ашатын сала. Егер қолдау жүйелі болса, алдағы он жылда Батыс Қазақстан қайтадан хош иісті алманың отанына айнала алады. Бұл мәселеде ғылым мен өндірістің ынтымақтастығы маңызды. Соңғы жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен «Исаев атындағы халықаралық тәжірибелік коллекциялық тәлімбақ» ЖК бірлесіп, өңірдегі алма шаруашылығының өзекті мәселелерін шешу бағытында жұмыстанып келеді. Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты – жергілікті климатқа бейім, өнімділігі жоғары және ауруға төзімді сұрыптарын сынақтан өткізу, заманауи агротехнологияларды тәжірибеге енгізу. Университет базасында студенттер мен жас ғалымдарға арналған оқу-тәжірибелік тәлімбағы жұмыс істейді. Мұнда болашақ агрономдар ағаш отырғызу, телу, тәж қалыптастыру және агротехникалық күтім әдістерін тәжірибе жүзінде меңгеруде. Бұл тәжірибе жастардың кәсіби дағдыларын нығайтып қана қоймай, облыстың жеміс шаруашылығын дамытуға нақты үлес қосуда. Ғалымдар мен студенттердің бірлескен еңбегі арқылы болашақта өңірдің алма шаруашылығы өзекті мәселелердің шешімін тауып, жаңа даму кезеңіне өтеді деген сенім бар.
Мейрамгүл Мусина,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ доцентінің міндетін атқарушы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты