7.10.2026, 13:00
Оқылды: 0

Алматыда ЖИ дәуіріндегі болашақ туралы ауқымды халықаралық диалог өтеді

15 қазанда Алматыда өтетін BE WOMAN ASIA 2026 форумы 25 елдің ғылым, кәсіп, технология және мәдениет салаларындағы көшбасшыларының басын қосып, жасанды интеллект дәуіріндегі болашақ пен даму бағыттарын талқылайды.

Фото

Алғашқы графикалық интернет браузерлерін жасаушылардың бірін, Facebook Live негізін қалаушысын, «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегерін және ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйелді ортақ бір идея мен жаһандық диалог алаңы тоғыстырады.

Биылғы форум тақырыбы – «Этика күші». Технология алға қарыштап, жасанды интеллект өміріміздегі маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей ықпал ете бастады. Осы орайда басты сұрақ туындайды: қабылданған шешім мен оның салдары үшін жауапкершілік кімге жүктеледі?

Бұл сұраққа теория жүзінде ғана ой толғайтындар емес, технологияларды өз қолымен жасаған, халықаралық компаниялардың негізін қалаған, жаңа индустриялар қалыптастырып, қоғам нормалары мен жүйелі өзгерістерге ықпал еткен тәжірибелі халықаралық сарапшылар пікір білдіреді.

BE WOMAN ASIA 2026 форумының халықаралық спикерлері:

Рэнди Цукерберг – Facebook Live жобасын жасаушылардың бірі әрі Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы;

Пин Фу – Mosaic браузерін әзірлеуге қатысқан кәсіпкер әрі технология саласының көшбасшысы;

Шармин Обейд-Чиной – режиссер, «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері;

Джо Мэлоун CBE – британдық парфюмер, Jo Loves брендінің негізін қалаушы;

Тити Акинсанми – жасанды интеллект саласындағы саясат пен реттеу мәселелері бойынша халықаралық сарапшы;

Аюми Мур Аоки – Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушы;

Кьяра Корацца – G20 EMPOWER бастамасының Франция өкілі.

Олардың тәжірибесі – заманауи интернеттің пайда болуынан бастап жасанды интеллект дәуіріне дейінгі бірнеше онжылдықты қамтитын әлемдегі өзгерістер тарихымен тығыз байланысты.

BE WOMAN ASIA форумында Орта Азияның болашағын нақты жобалары, инновация шешімдері мен жетістіктері арқылы қалыптастырып отырған өңір көшбасшылары таныстырмақ:

Данна Карагусова – ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйел.

Диляра Қайдарова – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, онкология саласының сарапшысы.

Ләззат Қалтаева – мүгедектігі бар адам құқықтарын қорғау мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп жүрген қоғам қайраткері.

Абзал Исабеков – Ferragamo сән үйінің аға дизайнері.

Әсел Амангелді – Гарвард университеті түлегі, білім беру саласындағы EdTech платформасының негізін қалаушы.

Спикерлер қатарында Өзбекстаннан Шохида Ибрагимова, Тәжікстаннан Нафиса Имранова және Қырғызстаннан Эрке Жұмақматова бар.

Фото 2

BE WOMAN ASIA форумы бұған дейін әртүрлі платформаларда жеке талқыланып келген технология, кәсіп, адам құқықтары, мәдениет, білім және әлеуметтік өзгерістер мәселелерін біртұтас диалогқа тоғыстырады. Бұл салалар бүгінде бір-бірімен тығыз астасып жатыр, сондықтан олардың бірінде қабылданған шешім қалғандарына да тікелей ықпал етеді.

Форум ұйымдастырушылары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале