Алматылық 17 жасар Сайфулла Тілекұлы Қазақстанның көркем жерлерін аралап, туған еліне саяхаттау мақсатында биыл 2 шілдеде Алматы қаласынан жеке велосипедімен шыққан болатын. Веложорыққа қызыққан жас жеткіншек алдымен Алматы облысының әсем жерлерін көріп, тауларына саяхат жасаған, кейін «Қазақстанды неге араламасқа» деген ой келіп, аталмыш саяхатқа бір жыл бойы дайындалған.
Жасы кәмелетке толмаған бозбаланың мұндай саяхатқа шығуы, сөз жоқ, көзсіз батылдық. Осы ретте «Анаңыз қалай рұқсат берді?» деген сұраққа «Анам менің әрбір бастамамды қолдап, әрқашан тілекші болатын, осы жолы да ақ батасы мен рұқсатын берді. Мен күн сайын басымнан өткен оқиғаларымды анаммен бөлісіп отырамын» деп жауап берді.
Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласына Сайфулла 53 күн дегенде жеткен. Ол күніне 100-120 км жүріп отырып, жолда кездескен қонақүйлерде болмаса өзімен бірге алып шыққан палаткаға қонған.
Орал қаласына дейін Қапшағай, Талдықорған, Өскемен, Семей, Петропавл, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Нұр-сұлтан, Бурабай, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе қалаларында болған. Жолда өткен қызықты оқиғалары туралы біліп, түсірген әсерлі фото-видеоларың көргілеріңіз келсе@supersaifsyt инстапарақшасына кіріп немесе Tlekuly Saifulla ютуб каналынан көре аласыз.
zhaikpress.kz