1986 жылдың желтоқсанында Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарының ішінде Қайырғали Есмағамбетов те бар еді.

Ол 1965 жылы 6 қаңтарда Орал облысының Фурманов ауданындағы «Көктерек» совхозында жарық дүниеге көрінген. 1971-1981 жылдары Көктерек орта мектебінде білім алған соң, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік өмірге қадам басады. Бірінші курсты аяқтаған соң, Кеңес Әскерінің қатарына алынған. 1984-1986 жылдары Ресейдің Куйбышев қаласында әскери борышын өтейді. Келген соң оқуын әрі қарай жалғастырады.
– 1986 жылы 21 жастағы қылшылдаған жас жігіт едім. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға куә болдым. Наразылықтың басталуына Мәскеудің Геннадий Колбинді Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Билік республика халқының пікірімен санасқан жоқ. Қазақ жастары КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне наразылық білдірді. Желтоқсанның 16,17,18 күндері мен де замандастарыммен бірге алаңға бардым. Жастық жігер, отаншылдық рух басқа ойға ерік бермеді. Яғни бейбіт шерудің соңы қақтығысқа ұласып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Біз қудалау көріп, қиындыққа тап боламыз деп ойламадық. Орталық алаңға шыққандарды саяси тұрғыдан қудалау талай жастың өміріне балта шапты. Біразы қыршынынан қиылды. Менің де өмірімдегі ең ауыр кезең осы болды. 1986 жылдың желтоқсан айының соңында мені лекция үстінде тұтқындап әкетті. Алты ай бойы Алматы қаласының Сейфуллин көшесіндегі түрмеде қамауда болдым. Тергеу кезінде түрлі сұрақтың астына алды. Шетелде туыстарың бар ма, туыстарыңның ішінде бұрын сотталғандар бар ма деген секілді үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін сұрақтар қойды. Жанымды қинаған алты ай алты жылдай көрінді. Үш айдан соң анам соңымнан іздеп келген еді. Сол кездесу әлі есімнен кетпейді... Кейін сот өкімімен екі жыл мерзімге шартты жазаға тартылдым. Осы екі жыл бойы Алматы, Қапшағай және Бұрындайда әртүрлі жұмыс істедім, – деп сол бір сұрқай уақытты есіне алды Қайырғали ағай.
Қайырғали Қабдығалиұлы шартты жазасын толық өтеген соң туған жері «Көктерек» совхозына оралады. Келе сала еңбекке араласып, бас ағаш шебері болып жұмыс істейді. 1993 жылы ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың ұйымдастыруымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде толық ақталған. Алматыдағы оқуын жалғастыруға шақырту алып, сырттай бөлімге ауысады. Алайда отбасылық жағдайға байланысты оқуды жалғастыра алмай, ауылда қалып қояды. Өз алдына үй салады. 1988 жылы жұбайы Мария екеуі отау құрып, түтін түтетеді. Бүгінде үш ұл, үш қыздан немере-жиендер сүйіп, ардақты әке-ана, сүйікті ата-әже атанды. Әр жылдары Атыраудағы жеке компанияларда жұмыс істеген Қайырғали Қабдығалиұлы 2009 жылдан бері Көктерек тарихи-өлкетану музейінде қызмет істеп жүр. 2016 жылы «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапатталды.
– Бүгінде Желтоқсан оқиғасы болашақ ұрпаққа тарих боп қалды. Өрімдей жастардың қаны төгіліп, жаны азапталып, өмірі қиылған оқиғаның мән-мазмұны тым терең. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінің маңызы зор. Бұл күн менің жүрегімде мәңгі сақталады. Қазіргі жастар да елдегі ұлық мерекені қастерлеп, ерекше бағалайды деп сенемін. Ауылдағы мұражайда, мектепте, жалпы аудан мен облыс көлемінде өтетін іс-шараларға жиі шақырып, құрметтейді. Әсіресе жастармен, оқушылармен өтетін кездесу кештерінің мазмұнды өткенін қалаймын. Себебі, жас ұрпақты еліміз бен жерімізді қастерлеуге, Тәуелсіздікке тәу етуге тәрбиелегеніміз жөн. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін насихаттауымыз керек. Бүгінде «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшесімін, – деп әңгімесін аяқтады Қайырғали Қабдығалиұлы.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz