16.01.2026, 9:00
Оқылды: 106

Алтын бесіктің адал перзенті

«Ел іші – алтын бесік» дейді халқымыз. Сол алтын бесіктің қадірін біліп, аялап, туған жердің игілігі жолында тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Хамит Сәбенов.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 13.25.14

Жаңақала ауданына қарасты Жаңажол ауылында дүниеге келген Хамит Зейноллаұлы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» қағидасын берік ұстанған елжанды тұлға. Оның есімі бүгінде туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған азамат ретінде жұртшылыққа кеңінен танымал.

1974-1984 жылдары Айдархан орта мектебінде орта білім алған ол жастайынан еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» демекші, 1985-1987 жылдары әскери борышын абыроймен өтеп, елге оралып, көлік жүргізуші, токарь мамандықтарын меңгерді. Сөйтіп, еңбек майданына біржола білек  сыбанып  кірісті.

Хамит Зейноллаұлы 1991-2000 жылдар аралығында гараж меңгерушісі қызметінде ауданның ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеуіне сүбелі үлесін қосты.

Бұл оның нағыз шыңдалу мектебі еді. Одан әрі «Тәуекел түбі – жел қайық» деп кәсіпкерлікке бет бұрды, іргелі шаруашылықтың негізін  қалады. Нарықтық экономиканың атан белін сындырар алғашқы қиын уақытында жеке басының қамын күйттеп қана қоймай, ауыл халқын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ісімен дәлелдеп, елмен бірге еңсесін тіктеді. Яғни оның өнегелі өмірі елге қалтқысыз қызмет етудің  жарқын  бір  мысалы.

2e35ae1d-6a85-4771-9b43-e7a626afd69a (1) 1cfec6a4-3893-416b-a1bb-03fd2b4249ae (1)

Оның сыртында кәсіпкер ағамыз ауылдағы спорт пен мәдениет салаларын дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Түрлі іс-шараларды өткізуде демеушілік көмегін аяған емес. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – оның азаматтық ұстанымы  десе де болады.

Хамит Зейноллаұлының тағы бір кісілік қыры – тапқанын ауылдастарымен бөлісіп, қолындағысын шашып жейтін шарапаты мол жомарттығы. Мысалы, тұрмысы төмен, көпбалалы екі отбасыға баспана сыйлауы сөзімізге айқын дәлел. Алған алғыстың әсері шығар, бүгінде кәсіпкер Жаңақала ауданы орталығынан екі үлкен сауда орнын (супермаркет) салып, бір шағын  дүкен ашып, жалпы саны 35 адамға жұмыс беріп, кәсібін дөңгелетуде. Одан бөлек шаруа қожалығында тағы алты адамды еңбекпен қамтыған. «Сәбен» дүкендерінде күнделікті тұрмысқа қажет тауарлардың барлығы бар және бағалары анағұрлым төмен, тіпті, кей тауарлар қаладағыдан да арзан.

Мемлекет тарапынан кәсіпкер Х. Сәбеновтың көп жылғы қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, жоғары награданы өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің өз қолынан алды. Отбасында Хамит Зейноллаұлы асқар тау әке, ақылшы  ата. Жолдасы Света Тілепбергенқызымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған сегіз немеренің қызығына кенеліп отыр. Ұлдары Манас пен Мейрамбек те әке жолын жалғап, жеке кәсіппен шұғылданады. Екеуі де елгезек, еңбекқор, әрдайым көпке көмек қолын созатын қайырымды  азаматтар. «Елге қызмет ету – ерге міндет». Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Хамит Зейноллаұлы қазіргі еңбек адамының жарқын үлгісі. Оның өмір жолы мен азаматтық болмысы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге деп білеміз.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 13.25.12

Немере ағасы Сатыбалды Сәбенов:

– Хамит көпбалалы, қарапайым отбасында тәрбиеленді. Ата-анасы бес ұл, үш қыз өсірді. Бала кезінен пысық, кейде тентектеу болғанымен, алғырлығы байқалып тұратын. Мектепте жүріп бірдеңе бүлдіріп келсе, анасы Қамеш ұрысатын. Сондай сәттердің бірінде менің анам: «Хамитке ұрыспа, бұл бала түбінде асырайды», – деп айтқан-тұғын. Уақыт өте келе сол сөз шындыққа айналды. Оқу бітірген соң Украинадағы Одесса қаласынан токарь мамандығын алып келді. Дегенмен, бұл салада ұзақ тұрақ тамады. Алдымен совхозда механик, кейін аутокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. Уақыт өте аудан орталығына көшіп келіп, кәсіпкерлік жолын таңдады.

Қазір ұлдарымен бірге екі ірі сауда үйі мен шаруа қожалығын  табысты  басқарып  отыр.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 13.25.13 (1)

Спорт ардагері, досы Жайсаң Есекенов:

– Мен Хамитті бала кезден білемін, бірге өсіп, қатар ер жеттік. Ол жастайынан тәуекелшіл, батыл, еңбекке бейім еді. Түрлі кәсіпті бастап көрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде дүкен сөрелері бос тұрған шақта Хамит ауылдан мал алып, оны Алғайға (РФ-ның Александров-Гай ауданы) апарып, азық-түлікке айырбастап әкелетін. Қамыс-Самар жайылмаларынан балық аулап, сатқан кездері де болды. Сол тұста жанында серік боп мен жүрдім. Кәсіп жолында талай сәтсіздікке ұшырап, небір қиындықты бастан өткерді. Соған қарамастан, ешқашан мойыған емес. Табандылық пен ерен еңбектің арқасында бүгінгі биігіне жетті. Өзім спорт саласының ардагері болған соң, күрестен өтетін жарыстарға демеуші бол деп жиі өтініш жасаймын. Хамит ешқашан сөзімді жерге тастаған емес.

Өзі де спортты серік етіп, күнде жаяу жүруді  дағдыға  айналдырған азамат.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 13.25.13

Жаңақала  ауылының тұрғыны Айнагүл Баймұратова:

– Үйіме жақын болғандықтан «Сәбен» супермаркетіне жиі барып тұрамын. Дүкенде күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрі толып тұр, қаладан кем түспейтіндей жағдай жасалған. Маған ең ұнайтыны мұнда күн сайын ыстық нан пісіріп, сатады. Сондай-ақ супермаркет ішінде көтерме сауда бөлімі бар. Бізге көрші аудандардың тұрғындары да келіп сауда жасайды. Баға қолжетімді. Жалпы, ауылымыздың күн санап көркейіп, жаңа сауда орындарының ашылып жатқанына тұрғын ретінде өте қуаныштымын.

Сыйлыхан Жұмасалық,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале