7.09.2021, 11:22
Оқылды: 45

«Алтын көпірге» Ресейден бауырларымыз келді

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үшінші қыркүйек күні «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Аltyn kópir» халықаралық онлайн фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

555555

Ұлттық бірегейлікті сақтауға, рухани және тарихи-мәдени мұраны қадірлеуге бағытталған іс-шара Ресейде тұратын қазақ диаспора өкілдерімен мәдени байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға БҚО «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медғат Қамбетов, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев  қатысты.

– Бұл шара 2019 жылдан бері бір апталық лагерь ретінде өткізіліп келеді. Фестиваль аясында облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандар таныстырылып, түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі», «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында тренингтер өткізіледі. Шетелдік бауырларымызға ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Қазақ тілін оқыту курстары желтоқсан айына дейін онлайн форматта жалғасады, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света  Ғаниева.

Ресейден жоғары оқу орындарының белсенді және көшбасшы студенттері, қоғамдық пікір көшбасшылары, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері келді. Аталмыш шара 8 кыркүйекке дейін жалғаспақ. Шараға жергілікті лингвист-ғалымдар, өлкетанушылар, қолөнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандар, тарихшылар және жастар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары қатысып, ұсыныс-тілектерін айтып, ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале