12.12.2021, 9:38
Оқылды: 127

«Алтын таға-2021»: Ақ Жайықтың атбегілері жыл үздіктерін марапаттады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Батыс Қазақстан облысы «Бәйге федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алтын таға - 2021» марапаттау рәсімі өтті.

695F6EDE-EAAC-437D-8E4E-993F30E26BA8

 

Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, алыстан ат терлетіп келген еліміздегі қолтума жылқылардың жанашыры, белгілі алматылық атбегі Ертілеу Сатыбалды, айтулы атыраулық атбегі, меценат Қайырбек Баймұратов қатысты.

Жиында сөз алған басқарма басшысы Қаймен Есендияров ата салтты сақтап, дәстүрді жалғап, жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып, тәрбиелеп жүрген батысқазақстандық атбегілердің еңбегіне тоқталып, жетістіктерімен құттықтады. Кейін Қаймен Есенаманұлы бірқатар атбегі азаматтарды облыс әкімінің және басқарма атынан алғысхаттармен марапаттады.

FB6AE717-4D91-473A-BAAA-78D82B884FA2

Шараны жалғастырған облыстық Бәйге федерациясының Президенті Берік Есенғалиев федерацияның атқарған жұмыстарын, өңіріміздегі атбегілік дәстүрдің дамуын, ата салтты жалғап жүрген атбегілердің жыл бойғы жеткен жетістіктерін атап өтті, бұдан әрі қарай да бірлесе табысты қызмет атқаруға шақырды. Федерация атынан кейінгі ұрпаққа өнегелі өмірімен үлгі болған ардагер атбегілер Құсайын Бақтияров пен Мүтәлі Төреғалиевтің арқасына шапан жауып, бәйгелерге демеушілік көрсетіп жүрген, атқарылған жұмыстарды насихаттауға атсалысып келе жатқан азаматтарға алғысхаттар табыстады. Шараға қатысқан алматылық атбегі, қолтума жылқылардың жанашыры, "Qazaq Golden Steed" компаниясының Президенті Ертілеу Сатыбалды батысқазақстандық атбегілердің ауызбіршілігіне ризашылығын білдіріп, осы жылы қолтума жылқыларды тіркеуде белсенділік танытып қолдаған азаматтарды алғысхаттармен марапаттады.

074876FE-8945-4AE3-87D2-877849CCB367

Айта кетейік, Ертілеу Оңдасынұлы бастаған топ өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанда туылған жылқыларды есепке алып құжаттарын жасау ісін қолға алды, сол арқылы еліміздің төл өнімін дамытып, өз арғымағын дәріптеу жұмыстарын жүргізудің кешенді жоспарларын жасап отыр. Осы бастаманы қолдаған батысқазақстандық атбегілер де 100-ден аса жылқы тіркетіп, құжаттарын алған болатын. Тұңғыш рет өткізілген бұл шараның негізгі мақсатының бірі - жыл бойғы бәйгелерде оза шапқан үздіктерді марапаттау.

Сонымен 2021 жылы "Тай жарысының үздігі" болып "Қазына" атты таймен топ жарған бөкейордалық Қалиақпаров Нұрдәулет, "Құнан жарысының үздігі" ретінде "Еркеқыз" атты сәйгүліктің иесі Меңдіханов Мербол, "Топ бәйгенің үздігі" деп "Байрақ" атты арғымақты баптаған Төлегенов Миржас танылса, "Аламанның үздігі" болып Елбасы кубогінде жүлде алып, ел мерейін асқақтатқан "Абадан" атты арғымақтың иесі Жамбыл Сатпаев марапатталды.

FBA03853-2C74-4128-9630-B8876D790C32

Сонымен қатар тақымы құтты, білегі мықты казталовтық Ершат Омарғалиев "Ең үздік шабандоз", Елбасы кубогінде елге жүлде әкелген "Абаданның" бапкері Ерназ Сатпаев "Ең үздік бапкер" аталымдарын иеленді.

Тағы бір айта кететін жайт, Ақ Жайықта туып, Арқада бәйгеге шауып жүрген, 2020 жылғы Президент кубогінің иегері, республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, Арқаның үздік шабандозы деп танылған Казталов елінің тумасы Мирлан Нұрболатовқа "Шебер шабандоз" атағы берілді. Жыл бойғы бәйгелерді ұйымдастыру, атбегілікті дамыту жұмыстарына берілген бағалар бойынша федерацияның аудандағы филиалдары арасынан үздік болып Казталов ауданы таңдалды.

463D0BB9-CE87-4FE5-B0DF-DA9615D6610E

БҚО "Бәйге федерациясының" атқарушы директоры Сатқали Байзулиннің айтуынша, соңғы жылдары өңірімізде атбегілік өнер қарқынды дамуда. Құрамында 160-тан астам мүшесі бар федерация облысымыздың барлық аудандарында бәйгелер ұйымдастырып, ата салтты дамытуға үлкен үлес қосуда. Сонымен қатар облыстың басты "Жайық жүйрігі" бәйгесін республика көлемінде тұрақты өткізуді қолға алған. Өңір атбегілері көрші облыстар мен Нұрсұлтан қаласындағы айтулы бәйгелерге қатысып, Ақ Жайық арғымақтары бірнеше мәрте аламанның алдынан көрінген.

Федерация келешекте қолтума жылқылардың бәйгесін өткізу, бәйгенің бұқаралық сипатын арттыру, шабандоздар мектебін ашу секілді бірқатар іргелі істерді қолға алмақ. Тұңғыш рет өткен бұл шарада өңір атбегілері ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін көрсетті, осы марапаттау арқылы оларға үлкен сенім мен жауапкершілік артылды.

Салтанатты жиында өңір өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.

4DA13EC9-C700-446C-84E8-F3B3E66B69C2

49FFC87D-869C-466D-AFEB-4DB979E336A3

70D09B10-9F65-42C9-B62A-0FE81CC794D0
03625A18-C50F-4D82-A2D1-459D39608AE8
71D4520B-2D4F-4B40-B8BA-6B7F630B9164
4D2652AA-18F6-4790-A999-CCAB108322D5

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале