27.03.2026, 16:30
Оқылды: 10

Алтын түстес көліктің артықшылығы неде?

Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады.  Осыған орай ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің ІТ саласы мен цифрлық жүйедегі жетістіктерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

көлік

Университет ғалымдары мен студенттері құрастырған сары түстегі «SOLARX» спорттық көлігін жұртшылық жиі көріп жүр. Бұл экоаутомобиль өңірде өткен көрмелерде де көпшілік назарын өзіне аударған. Ақпараттық цифрлық орталықтың меңгерушісі Бекнұр Қабдығалиев 2007 жылы университет ғалымдары жаңа жобаны қолға алғанын айтады. Осының нәтижесінде күн сәулесі мен тоқ көзінен қуат алатын бірнеше экокөлік құрастырылған.

– ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде ІТ бөлімі, роботтық техника зертханасы, зерттеу, ғылыми жұмыс орталығы бар. Мұнда еңбек ететін ғалымдар мен ғылым жолына бет бұрған студенттер үшін мүмкіндік көп. Олар соңғы жылдары елдегі цифрлы жүйеге елеулі жаңашылдық енгізуде. Біздің университетте 2007 жылдан бері «Электромобиль құрылысы» жобасы жүзеге асып келеді. Алғашында «Жигули» көлігінің негізгі бөлшектері алынып, оның орнына күн сәулесінен қуатталатын панель орнатылды.

Одан кейін бұл жобаны дамыту мақсатында «Ока» ныспылы көлігін де панельмен жабдықтадық. Сөйтіп, оны қар аршығыш техникаға айналдырдық, – деді Бекнұр Асқарұлы.

Орталық меңгерушісінің айтуынша, алтын түстес спорттық көлік осыдан төрт жыл ілгеріде құрастырылған. Оның толық қуатпен 100 шақырым жолды жүріп өтуге әлеуеті жетеді. Екі орындықты көлік есігі қанат тәрізді жоғары ашылады.

– Көліктің спорттық отырғышы, рөлі мен дөңгелегі арнайы тапсырыс бойынша әкелінді. Ал қалған бөліктерін біз өзіміз жасап, құрастырып шықтық. Алдыңғы жетегінде 9 амперлік аккумулятор орнатылған. Қала ішіндегі қозғалысты қамтуға бұл қуат жеткілікті. Оған қоса, көлік ішіне электронды планшет қойылып, оған шам жағу, есік ашу, қуатты қадағалау батырмалары енгізілді. Машинаның моторы жоқ, тек аутоматты беріліс қорабы бар. Сыртқы қаңқасы темір мен пластик қоспалардың қосындысынан жасалды. Бұл көліктің беріктігін сақтап әрі жеңіл жүруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ артқы жүксалғышқа тағы бір панель орнату жоспарда тұр. Яғни негізгі қуат таусылғанда қосымшасы іске қосылады. Алдағы күндерде көлікке жасанды интеллект функцияларын қосуды қарастырып отырмыз. Жасанды интеллект алда келе жатқан көліктің жылдамдығын анықтап, арақашықтық сақтауға көмектеседі. Жүргізуші мас күйде рөлге отырса, көліктің оталдыру жүйесі істен шығады. Аутокөлікте адамның денсаулығы сыр беріп, қозғалыс кезінде шаршап отырса, көлік өздігінен тоқтайды. Бұл функциялардың жол-көлік оқиғаларын болдырмауға, жүргізуші және жолаушы өмірін сақтауға пайдасы зор, – деді Б. Қабдығалиев.

Бұл көліктің жүйесін одан әрі дамытуға студенттер де атсалысуда. Әсіресе, аутомобиль және оларға қызмет көрсету, IT саласындағы мамандықтарда білім алушылардың қызығушылығы басым көрінеді. Олар «Жоғары жылдамдық кезіндегі көлік тепе-теңдігін сақтау», «Машина осьтерінің қызметі» секілді ғылыми зерттеу  жұмыстарын  жүргізуде.

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені облыстық шекара қызметінің тапсырысы бойынша «Шекарашы дрон» жасауда. Бұл ұшу аппаратының шекарадағы қадағалау қызметін жандандыруға қарымы күшті. Жасанды интеллект функциясы арқылы дрон шекарадан өткен адам мен жануарды оңай ажырата алады. «Шекарашы дрон» мәліметтерді жедел орталық базаға жолдайды. Құрылғы қуаты 30 шақырымнан астам қашықтыққа дейін ұшуға қауқарлы. «Облыс әкімі Нариман Төреғалиев осы жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Жаз мезгіліне дейін «Шекарашы дрон» жасалып, сынақтан өтетін болады. Егер құрылғы жоспарға сай жұмыс істесе, онда оның санын көбейтпек-піз. Әрі дрон әлеуетін арттырып, қосымша функциялар енгіземіз», – дейді  Бекнұр  Асқарұлы.

Бүгінде университет сайтында чат-бот, «Izere» қосымшалары жұмыс істейді. Олар сайт қолданушыларының сұрақтарына жауап береді. Қажетті құжат туралы ақпарат беру, директор қабылдауына жазылу және басқа да пәрмендерді орындайды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале