8.06.2023, 9:00
Оқылды: 74

Алыс аудан-ауылдарға барған маманға 5 млн теңге көтермеақы!

Өңіріміздің аудан орталығы мен ауылдық елді мекендеріндегі медициналық нысандарға 127 дәрігер жетіспейді. Маман тапшылығының алдын алу үшін былтыр резидентураға республикалық бюджет қаражатынан 88 грант бөлінсе, биыл жергілікті қаражат есебінен 55 грантқа квота бөлінген.

Бұрын ауылдық елді мекендерге барып, қызметке кіріскен жас мамандарға 1 млн теңге көлемінде бір жолғы көтермеақы берілсе, биылдан бастап облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықтағы аудандарға қызметке баратын мамандарға 5 млн теңге көтермеақы беріледі. Ал Орал қаласынан 250 шақырымдағы ауылға барып еңбек етсе, 2,5 млн теңге, шаһарға жақын маңдағы аудандарға баратын мамандарға 1,5 млн теңге көтермеақы беріледі. Қалада жұмысқа орналасушыларға 1 млн теңге көлемінде көтермеақы қарастырылған және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы дүйсенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен кеңес отырысында айтылды. Сондай-ақ аталмыш жиында ауылдағы медицина және ветеринария саласы бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

– Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған барлық Жолдауында медицина саласына ерекше тоқталып өтеді.
Бұл орайда «Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет» деген болатын. Адам капиталын дамытуға қатысты басты мәселелердің бірі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Облыстағы медицина саласының жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Оларды шешу үшін тұрақты жұмыстар жасалып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс аумағындағы ауыл-аймақта 50-ден астам медициналық нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиынның ашылуында.

Бөрлі мен Казталовта ауданаралық аурухана ашылмақ

Кеңес отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов медицина саласы бойынша өңірдегі ахуал мен өзекті мәселелерді баяндады. Оның мәліметінше, облыстағы 416 ауылдық елді мекенде 342 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 204-і – медициналық пункт, 62-сі – дәрігерлік амбулатория, 59-ы – фельдшерлік-акушерлік пункт. Сондай-ақ 15 аудандық аурухана болса, бір-бірден ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығы мен ауылдық аурухана тіркелген. Аталмыш нысандарда 2873 медицина қызметкері еңбек етуде. Былтыр облысымызға 52 жас дәрігер келсе, оның 26-сы ауылдарға жолданған. Десе де ауылдық елді мекендерде әлі де медицина мамандары тапшы. Биыл республикалық бюджеттің жалпы сипаттағы трансферттері есебінен және «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында ауылдағы ауруханаларға 259 бірлік медициналық жабдық сатып алуға 4,6 млрд теңге ақшалай қаражат бөлінген.

38bd25c3-5d33-4aa5-8fe8-670b6a8bfb1c
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Облыстағы медициналық ғимараттардың тозу көрсеткіші 69,4%-ды құрайды.
Мысалы, Казталов ауданының Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулатория апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ Ерлан Виленұлы Бөрлі және Казталов аудандық ауруханаларды ауданаралық ауруханаға айналдыру үшін жаңғырту жұмыстары басталғанын айтты. Яғни Бөрлі аудандық аурухана Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе аудандарының 93 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетпек. Ал Казталовтағы аурухана 57 мың тұрғынға (Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының тұрғындарына) медициналық көмек көрсетуге лайықталған ауданаралық аурухана болмақ. Аталмыш ауруханалар «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, ауыр жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсететін болады. Жаңғырту және медициналық құрал-жабдықтар үшін қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінуде.
– Бір қуантарлығы, биылғы жылдың төрт айында ауыл тұрғындарының қайтыс болу көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 11,5%-ға төмендеп отыр. Нәресте өлімінің көрсеткіші де 6,6%-ға азайып, ана өлімі тіркелмеді. Қан айналым жүйесі ауруларынан қайтыс болу көрсеткіші 6,1%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 3,2%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан өлім 13,4%-ға төмендеді. Туберкулезден өлім-жітім жағдайы тіркелмеді. Өкінішке орай, жол апатының салдарынан қайтыс болған тұрғындардың саны 4,6%-ға көбейіп, көрсеткіш 64,2%-ды құрады, – деді Ерлан Виленұлы.

Биыл 24 меднысан салынуы тиіс

Жиын барысында салынатын медициналық нысандардың жай-жапсарына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев тоқталды. Оның мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін өңірдің ауылдық елді мекендерінде медициналық 50 нысан бой көтермек. Оның 17-сі – медициналық пункт, 21-і фельдшерлік-акушерлік пункт және 12-сі дәрігерлік амбулатория болмақ. Биыл 24 медициналық нысан салынуы тиіс болса, оның 14-і бойынша ЖСҚ әзірленген (6 – ДА, 8 – ФАП). Сметалық құжаттардың 12-сі сараптамадан шығып, оларға қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алыныпты. Қалған жеті меднысанға ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 36 902,0 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ қалған 26 медициналық нысанды 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Оларға жер телімдері бөлініп, рәсімделген. Сәулет-жоспарлау құжаттары мен техникалық шарттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

642 тұрғынды ит қапқан

Кеңесте талқыланған келесі тақырып ветеринария саласындағы өзекті мәселелер болды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті және эпизоотикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қолға алынған іс-шараларды баяндады. Оның айтуынша, биыл облыс аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2 млрд 564 млн теңге қаражат бөлінген. Осы жылы 782 530 бас мүйізді ірі қара мен 1 377 220 бас ұсақ малды бруцеллезге зерттеу жоспарланған. 1 маусымдағы жағдай бойынша бруцеллезге қатысты 362,4 мың бас мүйізді ірі қара зерттеліп, 2 377 сиыр малынан аталмыш ауру белгілері анықталған. Бүгінде бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен барлық санитарлық мал ет қабылдайтын кәсіпорындарға сою үшін тапсырылған. Сондай-ақ жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының екі ошағы (2 құтыру ошағы) тіркеліпті. Ауру ошақтарында тиісті ветеринариялық іс-шаралардың кешені жүргізілген. Ал былтыр осы кезеңде қауіпті 11 ошақ (1 қарасан ошағы, 2 құтыру ошағы, 7 жұқпалы ринотрахеит, 1 брадзот) анықталған екен.
Басқарма басшысы Серік Базарұлының мәліметіне қарағанда, ветеринария саласында туындап отырған өзекті мәселелер – елді мекендерде арнайы мал қорымдарының жоқтығы, ветеринариялық мекемелерге ғимараттың қажеттілігі және материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту, оның ішінде арнайы аутокөліктердің жетіспеушілігі болып отыр. Облыс аумағындағы елді мекендердің маңында 260 мал моласы бар. Оның 63-і типтік үлгіде (биотермиялық), 197-сі қарапайым шұңқырлар. Мал қорымдарының басым көпшілігі мал өлекселеріне толып, тозығы жетіп, жарамсыз күйге жеткен. Облыс бойынша 106 мал моласын жаңғырту және көмінділерге арналған шұңқырларды жаңадан қазу қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ облыс аумағында 13 ветеринариялық станса бар. Оның 12-сінің ғимараты өз құзырында болса, 1 ветстансаның ғимараты уақытша жалға алынған. Ал ауылдық округтерде 147 ветеринариялық пункт жұмыс істеп тұр. Оның 63-інің теңгерімінде ғимарат болса, қалған 84 ветпункт ғимараты уақытша жалға алынған. Аудандық және ауылдық округтегі ветеринариялық пункттердің көбінің тозығы жеткен, апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқандықтан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл саладағы тағы бір толғандыратын мәселе – бұралқы ит-мысықтарды аулау, уақытша ұстау, жансыздандыру және биозарарсыздандыру. Өйткені былтыр облыста 2214 адамды ит қапса, биылғы жылдың бес айында 642 адам (соның 153-і – 14 жасқа дейінге балалар) итке қабылған. Қаңғыбас жануарларды аулауға және биозарарсыздандыруға биыл 66,8 млн теңге бөлінген, 6925 қаңғыбас итті аулау жоспарланып отыр екен. Қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары аудандық және қалалық ветеринариялық стансаларда жүргізілуде. Ал Орал қаласы бойынша биостерилдеу Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветстансасында ұйымдастырылады. Бүгінде облыс бойынша 2135 қаңғыбас ит ауланып, оның 1477-сі биозарарсыздандырылып, кері босатылған. Қалған 658-і тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылған.
Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев басқарма басшыларына мәселені шешу жолдары туралы сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірін айтты.
– Кеңесті қорытындылай келе күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырма жүктеймін. Орал қаласының және аудан әкімдері, сіздер жаңадан салынатын денсаулық сақтау нысандар құрылысының жобасына қатысты құжаттамаларды дайындап, облыстық құрылыс басқармасына тезірек ұсыныңыздар. Содан соң облыстық құрылыс басқармасының жауапты мамандары, медициналық нысандардың жоспарға сәйкес қолдануға берілуін қадағалаңыздар. Конкурстық рәсімдер уақтылы ұйымдастырылсын.
Бөрлі, Казталов аудандарының әкімдері, сіздер дәрігер жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді пысықтаңыздар. Ерлан Виленұлы (облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы), көпбейінді ауданаралық ауруханаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін резидентураға жолданатын мамандарды іріктеңіздер. Облыстық ветеринария басқармасы, Орал қаласының және аудандардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендердегі ветеринариялық пункттерді талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз ету үшін қаражат қарастырыңыздар. Типтік үлгідегі мал қорымын салу мәселесі де назардан тыс қалмасын. Осы тапсырмаларды орындауда жауапты сала мамандары бір кісідей атсалысыңыздар, – деді өңір басшысы жиынды қорытындылап.

Гүлсезім Ерболатқызы
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале