Бүгін Орал қалалық мәслихатының ІХ сессиясы өтті. Сессия күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттерді жергілікті атқарушы және өкілді органдардың іске асыруы туралы және бұдан бөлек 12 сұрақ қаралды. Бүгінгі мәслихатта кәсіпкерлерді қуантқан жаңалық болды. Қалалық мәслихаттың шешімімен бөлшек саудадағы салық 4 пайыздан 3 пайызға түсті. Бұл ұсынысты Орал қалалық «AMANAT» партиясы көтеріпті.
Алдымен депутаттар алдына Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев шықты. Қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттерді жергілікті атқарушы және өкілді органдардың іске асыруы туралы баяндады.
- Мақалада Президентіміз тағы бір көкейкесті мәселеге назар аударды. Ол – зорлық-зомбылық. Елде болған оқиғаларға байланысты Президент өз сұхбатында зорлық-зомбылыққа арнайы тоқталып кетті. Атап айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Осы ретте қаламызда қолға алынған жоба туралы айта кетейін. Шаһарымыздың барлық мектебі мен колледжінде және қоғамдық көліктерде «Komek Stop bullying» ақпараттық жүйесі жұмысын бастады. Оқушылар мен студенттер арнайы QR-код арқылы өз шағымдарын тастай алады. Бүгінгі таңда 700-ден астам хабарлама келіп түсті. Біз өз кезегімізде хабарламаларды инспекторлар және мектеп әкімшілігімен бірге саралап, тексеріс жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта осындай QR-кодтарды көпқабатты үйлерге орналастыру бойынша жұмыстану үстіндеміз, - деп баяндап өтті қала әкімінің орынбасары Арсен Зинатұлы.
Бүгінгі мәслихат сессиясындағы басты жаңалық кәсіпкерлер үшін жағымды болып отыр. Олай дейтініміз «AMANAT» партиясының бөлшек саудадағы салықты түсіру туралы ұсыныстары қолдау тауып отыр.
- Салық туралы кодекстің 699-баптың 5-тармағына сәйкес жергілікті өкілетті органдар салық мөлшерін төрт пайыздан екі пайызға дейін түсіре алады. Біз «AMANAT» партиясы соның ішінде мен өзім «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі ретінде осы сұрақты былтырдан бастап көтеріп келеміз. Бүгін біз мәслихаттың отырысында осы салықты төмендету туралы ұсынысымызға қолдау таптық. Енді бүгіннен бастап бөлшек саудадағы салық мөлшері төрт пайыздан үш пайызға түсті. Бұл салық мөлшері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді, - деп атап өтті Орал қалалық мәслихатының «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Бауыржан Мухамбетжанов.
Бұл жаңалық мәслихат депутатары тарапынан қолдау тауып, бәрі бір ауыздан дауыс берді.
- Бұл салық режимі өзі тек былтыр ғана күшіне енді. Бұл кезінде қабылданғанда төрт пайыз болып бекітілді. Бірақ заңға сәйкес жергілікті мәслихаттар салықты екі пайызға дейін түсіруге құқылы деп жазылған. Осыған орай кәсіпкерлік бөлімі аталған салық жобасын дайындап бірнеше этаптан тұратын эксперттік тексерістен өткіздік. Атап айтсақ бұл жоба қоғамдық кеңестің талқысында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексерісіснен оң қорытынды алды. Енді бүгін мәслихат депуттарының алдына шығарып отырмыз. Бұл салық режимінің оң жақтары баршылық. Бұрынғы ережеге сәйкес кәсіпкерлердің табысы 70 млн асып кетпеуі керек болатын. Енді жаңа ережеге сәйкес кәсіпкер 2 миллиардқа дейінгі аралықта табыс тауып, жұмысқа 200 адамға дейін тарта алады, - деп жаңа салық режимінің оң жақтары туралы Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрам Хайыров атап өтті.
Сессия барасында барлық депутат осы салықты түсіруге қатысты партияның ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Сессия жұмысы басқа сұрақтарды талдаумен жалғасты.
Жанат Көшкінбай,
Фотоға түсірген: Светлана Аманғалиева
zhaikpress.kz