5.09.2024, 18:00
Оқылды: 162

Аманат Жасқайрат – Таудың таудай батыры

Жайма-шуақ, мамыражай маусым айы. Бала үшін ең қызыққа толы жаз мезгілі. Орал қаласының Зашаған кентінде аутобостан түсіп, бірі бауырын, бірі нағашысын сағынып, көрісуге асығып келе жатқан ана мен бала. Осы сағынышқа толы бақытты сәт кенет тоқтап қалғандай...

FCACA0B9-9AEC-4691-AF98-44853993E69E

– «Суға кетті! Батып барады. Құтқарыңдар!» деп шырылдаған балалар дауысы оқыстан жарқ еткен найзағайдай селт еткізді. Болған жайға ой жүгіртіп үлгерместен ана қолынан сытылып шығып, дауыс шыққан жаққа 11 жасар бала зыр жүгірді. Жалғызының артынан құлап-сүрініп, алға басқан аяғы кейін тартып, жете алмай: «Тоқта, тоқта!» деген ананың жан дауысы шықты. Өрімдей бала суға секіріп, 5 жасар қыз баланы ажал аузынан құтқарып қалды.

Су жағасында үрпиісіп, шошып, у-шу болып тұрған балалар. Біреуі суға құлап кеткен баланың апасы болса керек. Ол ата-анасын шақыруға жүгірді.

Бұл Зашаған кентіндегі жылыжайдан (теплица) шыққан су еді. Жағасы тормен қоршаулы. «Суға түсуге болмайды!» деген белгі де бар. Бірақ қараусыз жүрген балалар «Суға барма!» дегенді түсіне ме?! Су терең, тік жар. Қызды құтқармақ болған бала сәбиді мойнына отырғызып, өз анасының қолына іліктірді. Баланың анасы қызды жерге қоя сала, өз баласын қабақтан шығарып алды. Бала да судан шыққан бойда қыз балаға алғашқы көмек көрсетеді. Қыз жұтқан суды құсып, ес жияды. Ана мен бала суға бата жаздаған қызды көтеріп, үйіне қарай бет алады. Сол кезде қыздың әкесі: «Тірі ме, тірі ме?» деп, қызын көріп, жүрегі орнына түседі. Құтқарған балаға алғысын жаудырады.

9EDED581-2C39-47F7-8D04-04289F7FEA2A

«Атым Арман, «Ерасыл» дүкенінің қасында тұрамын» деп баланың телефон нөмірін алып, кетіп қалады. Инстаграм парақшасында да баламызға алғысын білдіріп, пікір қалдырған.

Ал Зашаған кентінде бір отбасының 5 жасар қызғалдағын ажал аузынан құтқарып, сәбиге өмір сыйлаған кім? Ол – қарапайым еңбекқор отбасынан шыққан Аманат Жасқайрат Тасболатұлы. Жәнібек ауданы, Тау ауылы, Ғ.Абдуллин атындағы ЖББ мектептің 11 жастағы оқушысы, ауылымыздың, көшеміздің мақтанышы. Әкесі – Тасболат Ақышев ағаштан, темірден түйін түйген құрылысшы, бауырларына, ауылдастарына, көрші-көлемге қамқор жан. Анасы – Меңді. 24 балаға кіндік шеше болған кеңпейіл жан. Тамақ дайындаудың қырсырын білетін, жақсылық жасауға жаны құмар адам.

Аманаттың жасаған жақсы ісін, ерлігін жариялап, мерейін арттырып, елге үлгі еткім келді. Бұл – ең алдымен, ұясындағы тәрбиесінің жемісі. Ата-анасына мың алғыс, осындай кең жүректі, мейірімді ұлды өсіріп-өндірген. Алла екі дүние бақытын нәсіп етсін! Аманатымыз мықты азамат болып, Отанына адал қызмет ететініне сенеміз. Ауылдастар, көршілер атынан отбасына, өзіне амандық-саулық, мол бақыт тілейміз!

Риза Сағынаева

зейнеткер ұстаз,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале