21.01.2022, 9:40
Оқылды: 48

Аманатқа адал Аманат

Өңір жұртшылығына кинорежиссер әрі оператор ретінде танымал Аманат Рзағалиев – қысқа метражды фильм түсірудің бесаспап маманы. Оның сан алуан тақырыпта түсірілген шағын фильмдері көпшіліктің көзайымына айналды. Бір ғана «Youtube» желісіне орналастырған туындыларының алдыңғысы мыңдаған қаралымды жинап үлгерді. Ең бастысы, сапалы кадр, сәтті түсірілім бейнекамераны әу бастан қырағы көз бағындыратынын айғақтап тұр.

04D114F3-E32A-472D-ACC6-403515BF52CF

Аманатпен сұхбаттаса келе, өзін ұзын-сонар таныстырып, ұлан-ғайыр жетістігін айтуға бейіл емес екенін аңғардық. Бірақ еңгезердей алып денесімен камераны лып етіп тұғырына қондырып, түсірілім алаңындағы қауырт қозғалысты нысанаға іліктірудің түрлі әдісін ше­бер меңгергенін әйгілеп тұратын қағілездігі таңдай қақтырады. Сан алуан өнерді бойына тоғыстырған Аманатты кино әлеміне кездейсоқ келді деп ешкім айтпас. Студент кезінен ән шырқап, бейнебаянға түсіп, теледидардан жарқ етіп көрініп қалатыны есімізде. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің актерлік қыры да бойында бұғып жатқан дарын сәулесі іспетті. Рзағалиев пандемияға дейінгі кезеңде Алматы қаласындағы кинотүсірілім алаңында жарық беруші, суретші, реквизитор, оператор болып қызмет атқарған. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында көрсетілген «Қашқын», «Махаббатым жүрегімде» атты және тағы басқа телесериалдардағы эпизодтық рөлдерді сәтті алып шыққан. Аманат видеограф ретінде өте танымал. «Ер қаруы – бес қару» демекші, ылғи асай-мүсейін арқалап асығыс жүргені. Себебі білікті маманға мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар тарапынан тапсырыс жиі түсіп жатады. Түрлі тақырыпты қаузай жүріп, бейнетүсірілім кезінде бесаспап жігіт оң жамбасына келген қызметтің кез келгенін орайын тауып, сәтімен атқара береді. Операторлық, кинорежиссерлік, сценарий жазу, монтаждау ісі... Өзінің діттеген ісіне тап-тұйнақтай дайындалып, көздеген тақырыпты түсірілім өзегіне айналдыруға батыл кіріседі.

– Жастар мені клипмейкер ретінде таниды. Ал айналамдағы орта буын діни тақырыптарды сәтті алып шығатын видеограф ретінде қабылдайды. Әлеуметтік мәселелерді арқау қылатын роликтер дайындаймын. Кейбір адам дайын сценарийімен келеді. Тапсырыс берушілердің бірқатары идея ұсынады. Соның негізінде жаңа дүниені жарыққа шығару үшін шығармашылық әлеуетімді сарқа пайдаланамын. Діни ахуал, сыбайлас жемқорлық, суицид, отбасының ажырасуы, маскүнемдік секілді қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді арқау қылатын бейнероликтер мен қысқа метражды фильмдер дайындауға үлес қосып келемін, – деді Аманат Жалмұқанбетұлы.

Кинорежиссер дін саласындағы мәселелерді қаузау асқан мұқияттылық пен біліктілікті талап ететінін айтты. Әсіресе, ақидаға байланысты туындайтын сауалдарды көтерген кезде міндетті түрде теолог мамандар кеңесіне жүгінеді. «Әрбір аят, әрбір хадисті орнықты пайдалану нақты тұжырым жасауды талап етеді. Діни терминдердің мағынасын түбегейлі түсініп алу қажет. Тапсырысқа сай оқиға желісі бойынша сценарий мәтінін теологтармен кеңесе отырып жазамын. Бейнеөнімдерді жарыққа шығарудағы басты мақсат – экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамның діни сауатын толықтыру»,  – деді ол. Расымен де, Аманаттың кейіпкерлері жасандылық танытуға жоқ, өмірдегі құбылыстарға бір табан жақын болып келеді. Оның ұйымдастыруымен дайындалған шағын роликтерге арқау болған тұрмыстағы түйткілдер мен көзқарастар қайшылығы, түптеп келгенде, көзі қарақты көрермен кеудесіндегі ойтамызыққа айналып жатады.

– Қазіргі уақытта дәстүрлі таным мен деструктивті ағым өкілдерін салыстыра көрсетуден гөрі, діни ағартушылық мәселесін көтеруге бет бұрып жатырмыз. Әлбетте, қоғамдық сананың жаппай діни сипат алуын құптамаймын. Рухани жетілу жолын әр адам өзі саналы түрде таңдайды. Сондықтан бейнероликтерді түсіргенде әлеуметтік мәселелерді қаузай отырып, дін тұрғысынан талас тудыратын түйткілді жымын білдірмей жеткізуге басымдық береміз. Мұндай тақырыпты көтерместен бұрын, аудиторияның ықылас-ниетін, сұраныс-талабын егжей-тегжейлі зерттеп аламын. Себебі кейбір көрермен «Мынау намазхандарға арналған дүние ғой» деп дүдәмал пікір білдіріп, теріс айналып жатады. Қоғам әлі күнге діни сауатын арттыруға құштар емес. Түптің түбінде, діни саладағы түйткілдер – ұлттық сана дағдарысына алып келуі мүмкін екенін түсінбей жатады, – дейді кинорежиссер.

Талантты жігіт тоқмейілсуден мүлдем ада. Сондықтан кәсіби қырын ұдайы жетілдіріп отыруды ұмытқан емес. «Еңбегіне қарай, өнбегі» деген қанатты сөз осы жігітке қарата айтылғандай.

Былтырғы қыркүйек айында «Қала күніне» байланысты JaiyqFilmFest халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтті. Тоғыз мемлекет атынан жолданған 31 фильмді қазылар алқасы сарапқа салды. Сыншылар қатарында елімізге аты мәшһүр әртістер мен кино әлемінің майталмандары – Мерует Өтекешева, Самал Еслямова, Алтынай Нөгербек, Ерлан Нұр­мұхамбет, Жеңісхан Момышев, Талғат Тайшанов, Айгуль Черендина және «Aqjaiyq» телеарнасының басшысы Асыланбек Ғұбашев болды.  Орал қаласының атынан қатысқан екі фильмнің бірі – Аманат Рзағалиевтің «Нағашымның әңгімесі» туындысына «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» бұйырды. «Youtube» бейнехостингі желісіндегі автордың арнасында қысқа метражды фильмнің 150 мыңға жуық көрсетілім межесін бағындыруы – көрерменнің ыстық ықыласына даусыз айғақ. Фильмде деструктивті ағым ықпалына ілескен жігіттің баянсыз ғұмыры, оның жіберген қателігін нағашысының бетке басып айтуы, соңында кейіпкердің тәубеге келуі адамды еріксіз тебірентіп, ғибратты тәлім алуға жетелейді.

– Теректі аудандық «Бірлік» деструктивті діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің тапсырысымен шағын бейнеролик жасауға бекінгенмін. Бірақ сценарий сәтті өрбіді де, «Нағашымның әңгімесін» қысқа метражды фильмге ұластыруды ұйғардық. Сол кезде теолог Бағдат Адайхан жан-жақты қолдау көрсетті. Бүгінге дейін Бағдатпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін, – дейді автор. Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығындағы» оңалту бөлімінің басшысы Бағдат Адайхан радикалды идеологияға қарсы әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жұмысын жүргізу әлдеқайда тиімді екенін айтты. «Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында экстремизм және терроризмге қарсы бейнероликтерді жиі түсіреміз. Аманатпен әуелден бері қоян-қолтық жұмыс істеп келемін. «Нағашымның әңгімесі» фильміне көрермен қауымның ықыласы ерекше болды. Әлеуметтік желілер арқылы тез таралып кетті. Шағын туындыда жұмыссыздық, талақ мәселесі, туысқандық қарым-қатынастың шиеленісуіне қатысты түйткілдерді ашық көрсетуді мақсат еттік», – деді Бағдат Қанатұлы.

Рзағалиев кинотүсірілім барысында Азамат Әленов, Ақжол Ихсан, Асылжан Жакин, Райымбек Ермек сияқты жас әртістерге арқа сүйейтінін тілге тиек етті. «Аманатты біраз уақыттан бері танимын. Осы кезге дейін 15 шақты ролигінде кейіпкер болып ойнадым. Аманат – кино әлемінің қыр-сырын жан-жақты меңгерген маман. Өз ісінің кәнігі шебері. Бір сөзді жігіт. Сценарий жазуға да әбден машықтанып алды. Алдағы уақытта толық метражды фильм түсіргісі келеді. Арман-мақсатын сәтімен жүзеге асыруына тілектеспін. Ақ жүрек, аңқылдаған азамат. Кішіпейіл. Түсірілім барысында әртістерді қанаттандырып, бірден тіл табысып кетуге бейім. Қандай идеяны ту қылып көтерсе де, соның негізінде сапалы дүниені жарыққа шығарғанша тыным таппайды, тиянақты қарайды. Өнер және талант деген бірегей құбылыс әрі адамның қабілетіне сай берілген аманат қой. Атпал азамат аманатына адалдық танытудан айныған емес», – деп баға берді әріптесі Ақжол Ихсан.

Қысқа анықтама

Туған жылы: 1988  жылдың 22  наурызы

Туған жері: Орал қаласы

Балалық шағы өткен жер:  Ақжайық  ауданының  Қарауылтөбе  ауылы

Мамандығы: музыкалық білім беру     (М. Өтемісов атындағы БҚУ)

Сүйікті киносы: «Біржан сал» (кинорежиссер Досхан Жолжақсынов, Р. Әлпиев), «Тренинг личного роста» (Фархат Шәріпов), «Престиж» (Кристофер Нолан), т. б.

Сүйікті әртістері: Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Энтони Хопкинс, Райан Гослинг, Эдриан Броуди

Хоббиі: садақ ату, парадзюдо, экстремальды спорт

Отбасылық  жағдайы: үйленген, бір қыз, екі ұл тәрбиелеуде

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

[email protected]

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале