Ең соңғы ресейлік халық санағы бойынша 2010 жылы Ресейдегі қандастарымыздың саны 648-ге жуық болған.
Ата-бабаларымыздың көне заманнан мекендеген қасиетті жеріне оралуға қандастарымыздың көпшілігіне мүмкіндік туындаған жоқ. Себебі, Отанға қайтып келген азаматтардың ең өзекті мәселесі – ана тілінде жеткілікті сөйлеу. Бауырларымыздың осы мәселесіне қаншама түсіністікпен қарасақ та, оны шешу оңайға түспейді. Егерде 2000-шы жылдарға дейін қазақ көп тұратын Ресей Федерациясының аумақтарында ана тілін үйрету бойынша білім ошақтарының 40 пайызы қамтылса, қазір оның көрсеткіші 25 пайызға ғана жетті. Бізге көршілес Астрахань облысында қазақ тілін оқытатын 50 мектеп, ал Омбыда онға жуық болса, оған аптасына тек 1 сағат қана бөлінеді, оның үстіне әдебиет жетіспей, балалар қиналады екен. Мүмкін сондықтан да болар, облыстық тіл дамыту басқармасының ана тілін оқытуға арналған жобасын Ресейдегі қандастарымыз бар ниетімен және ықпалымен қабылдады. Ағымдағы жылдың наурызынан бастап мемлекеттік тілді меңгеру тегін курстарын онлайн режимде 15 адам оқып жатыр.
Жылдың соңына дейін жоспарланған курстарды ZOOM онлайн платформасында, аптасына үш рет ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының оқытушысы Гүлжан Искендир өткізеді. Жобаның бастапқы мақсаты – Ресей Федерациясының қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени және әлеуметтік тұрғыда байланыстарды дамытып, оларға ана тілін меңгеруде әдістемелік көмек көрсету. Оқыған балалардың өздерінен сұрастырғанда, олардың ана тіліне деген сүйіспеншілігі осы курсты оқығалы одан әрі артқан.
Мәскеулік жас Артур Нурмухамбет «Баршаңызға сәлем!» деп амандасты.
– Бала кезімнен өзіме қойылған мақсатым: ата-бабаларымыздың қасиетті және бай тілін меңгерумен қатар шежіремді танып білу. Сондықтан қазақ тілін тегін онлайн-курс арқылы оқуға болатынын естігенде, қуанышым жерге сыймады. Сол үшін жағдай туғызған Батыс Қазақстан облысы әкімшілігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Болашақта Қазақстандағы тарихи ескерткіштерге мол қасиетті мекендерге барып, атақты адамдардың рухына тағзым ету менің мақсатым. Көп-көп рахмет, - деді Артур Нурмухамбет.
Саратовтың жас тұрғыны Алина Алихамбетованың айтуынша, Ресейдегі бауырларына қазақ тілін тегін оқуға мүмкіндік туғызған батысқазақстандықтарға алғысы шексіз.
– Менің түсінігім бойынша, бұл Қазақстанның арнайы жүзеге асырылып жатқан бағдарламасы. «Қазақ тілін үйренуде жетістіктерге жетіп жатырмын деп ойлаймын. Қазақ тілін кішкене түсінемін және аздап қазақша сөйлей аламын. Ұстазыма, Гүлжан апайға мың да бір алғыс айтамын», - деп пікір білдірді Алина.
Айта кететін бір жайт, тіл оқыту курстарында жас қандастарымызбен қатар ересек адамдар да оқып жатыр. Оның қатарында Екатеринбург қаласының тұрғыны, 57 жастағы Галия Аманжулова да бар. Оның айтуынша, «Маған қазақ тілін үйрену өте ұнайды, себебі ана тілі әрбір адамның бойына анасының ақ сүтімен дарыған тіл. Біздің ұстазымыз Гүлжан ханым өте жақсы адам. Әкімдікке, тілдер дамыту басқармасына, Гүлжан ханымға көп-көп рахмет».
Ресейдің түпкір-түпкірінде өмір сүретін қандастарымызды бірдей қойылған мақсат ұштастырады: ана тілін үйреніп, тарихи отанының мәдениетін, дәстүрін білу, ата-бабаларымыздың рухына тағзым ету. Шетелде жүрген бауырларымыздың осындай сезіміне риза болып, күні ертең елге оралып, оның дамуына үлес қосатын шығар деген үмітімізді үзбейміз.
Светлана Аманова,
zhaikpress.kz