18.09.2020, 18:08
Оқылды: 106

«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды»

Ол бастауыш сыныпта оқып жүргеннен-ақ, қалам тербеп, алғашқы мақаласын жазған. Бала кезінен өнер саласына жаны жақын болып, мұғалім болуды армандаған. Бірақ жоғары оқу орнына екі жыл қатарынан емтихан тапсырып, түсе алмаған. Сол кезде оқуға қабылданса, бүгінде тәжірибелі ұстаз болар ма еді, кім білсін? 

Өйткен күнде өңір журналистикасында бір білікті маман кем болар еді.

Сонымен дәл бүгін облыстық «Орал өңірі» газетінде 40 жылдай қызмет атқарып келе жатқан, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» атанған Сырымбек Тұяқов алшаң басып, 60 жасқа да келіп жетті. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, облыстық басылымның қара қазанында қайнап, пісіп-жетілген Сырекеңнің өмірі мен еңбек жолы көпке үлгі.

Syrymbek aga anasymen

Алғашқы  қадам

Сырекеңнің әкесі Жәрдем Тұяқов ұзақ жыл Фурманов аудандық «Коммунист» газетінде қызмет етті. Редакцияда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, кейін облыстық басылымның үш аудандағы меншікті тілшісі болды. Отбасындағы ұл-қыз әкесінің еңбекқорлығын, өз мамандығына деген адалдығын көріп өсті. Тұратын үйлері газет редакциясына жақын орналасқандықтан, кейіпкеріміздің бала күнгі бос уақыты да сол қара шаңырақтың төңірегінде өтті.

Ол үйдің үлкені болғандықтан, іні-қарындастарына қарайласып өсті. Бірде өзінен кейінгі тетелес інісі, мектепке енді барған Қаһарманның сабағын қарап отырып, математика пәнінен есеп шығарғанда «7+7=77» деп айды аспанға шығарғанын байқайды. Есептің олай шығарылмайтынын қанша түсіндіргенімен, інісі өз дегенінен қайтпайды. Кешкісін жұмыстан келген әкесіне бауырының қыңырлығы туралы айтып береді.

Әкесі балаларының тәтті қылығына күліп алып, үлкен ұлына сол қызық оқиға туралы өз сөзімен шағындап шығарма жазып беру туралы ұсыныс тастайды.  Көп ұзамай кейіпкеріміздің жазған алғашқы туындысы «Қаһарманның қателігі» деген тақырыппен республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрген. Бұл оның тырнақалды мақаласы еді.

Шағын  қолжазбасының жарыққа шыққанына бала көңіл мықтап қуанады. Кейін жазуға деген қызығушылығы оянып, бастауыш сыныптағы ұстаздары, қатарластарының спорт пен өнердегі жетістіктері, мектепішілік мәдени шаралар туралы жазған мақалалары басылым бетіне жариялана бастайды. Сәл есейген соң ойынға алаңдаған бозбала жазудан қол үзіп кетеді. Ал жоғары сыныпта оқып жүргенде жазуға деген ынтасы қайта оянып, республикалық жарыстың жеңімпазы атанып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін иемденген Талғат Маманов есімді сыныптасы туралы көлемді мақаласы аудандық газетте жарияланады. Кейіпкеріміз бұл мақаланы жазу үшін спорт тақырыбындағы бірқатар газет-журналдарды ақтарып, біраз ізденеді. Ұлының тым тәуір жазбасын әкесі облыстық «Орал өңірі» газетіне де жолдайды. Сөйтіп, Сырымбек Тұяқовтың авторлығымен «15 жасар палуан» деген тақырыптағы мақала облыстық басылымда жарық көрген.

Syrymbek

Тағдыр жолы

Перзенті әкенің жүрген жолын жалғаса «қан тартқан ғой» деп көпшілік риза болып жатады. Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген де жақсы сөз бар. Сырекең бала жасынан журналист болуды армандамаса да, тағдыр жолы оны осы арнаға еріксіз бұрғандай.

Мектепті енді бітірген ол құрбы-құрдастары сияқты арман қуып, қалаға келеді. Айтпақшы, мектепте оқып жүрген кезде Сырекең өнерге жақын болған. Түрлі кештерде ақындардың өлеңдерін, әсіресе сатира жанрының майталмандары Оспанхан Әубәкіров пен Шона Смаханұлының әзіл өлеңдерін нақышына келтіре оқитын. Сонымен қатар мектеп қабырғасында жүргенде фотоға түсірумен де шұғылдана бастайды. Ұлының ынтасын байқаған әкесі оған су жаңа фотоаппарат пен фотосуреттерді қағазға шығаратын құрылғыларды сатып әперген. Өзіне ұнайтын өнер саласының маманы болу үшін Шымкенттегі өнер институтына түскісі келген. Ал ол оқу орнына түсу үшін кемі екі жыл еңбек өтілі болуы шарт екен. Ол арманы жүзеге аспайтын болған соң, Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетіне құжат тапсырады.

Алайда емтиханнан сүрініп, ауылға қайтып, Жалпақталдағы кәсіби-техникалық училищенің «курсанты» атанады. Бір жылдан соң кең профильді тракторист, машинист мамандығының иесі атанады. Сол жылы қой төлдету науқанына қатысып, қозы бағып, күзге дейін шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді. Мұғалім болуды армандаған ол екінші жылы да жоғары оқу орнына түсуге талпынғанымен, жолы болмай қояды.

Оралдағы арнайы курсты тәмамдап, аудандық тұрмыстық қамту комбинатына фотографтың көмекшісі ретінде жұмысқа тұрады. Еңбекке деген құлшынысы жанып тұрған балаң жігіт аталған мекемеде жұмыс істей жүріп, фото саласының қыр-сырын шебер меңгеріп алады. Бір жылдан соң, аудандық редакцияның фототілшісі қызмет ауыстырып, сол орынға Сырымбек Жәрдемұлы шақырту алады. Осылайша аудандық басылымға жұмысқа орналасады. Бұл 1981 жылдың жазы болатын.

Самғау

Еті тірі, жүрісі ширақ, өзіне  сенімді жас жігіт редакциядағы жұмысты тез иіріп ала жөнеледі. Иығына фотоаппаратын іліп алып, берілген тапсырмамен совхоз-колхоздарға іссапарға жиі шығатын. Қой төлдету, мал азығын дайындау барысы, қарапайым еңбек адамдары мен озат жұмысшылар туралы жазылған мақалаларды сапалы фотомен қамтып отырды. Оның  аяқ алысын байқаған сол кездегі аудандық газеттің редакторы Темірғали Жазбаев кейіпкерімізге «Суреттерің жақсы. Енді арасында өзің түсірген суреттерді «сөйлетудің» қамын жасасаңшы» деген тапсырма береді. Сөйтіп қаламын қайта қолына алып, көрген-білгенінен шағын ақпараттар дайындай бастайды.

«Коммунисте» қызмет еткен бес жылдың ішінде Темірғали Жазбаев, Сағынғали Мұқанов, Гюзаль Хабиева, Зәкәрия Оразаев, Аманкелді Кәкімов, Дариға Мұштанова, әкесі Жәрдем Тұяқов сықылды алдыңғы толқын аға-әпкелерінен тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинады. Басында шағын ақпарат, кейін репортаж, суреттеме, очерк сияқты журналистика жанрларына да қалам тербеуге кірісті. Рашид Шақу, Марат Қапезов, Қайрат Шаманаев сияқты өзі шамалас жас тілшілермен жарыса жазып, үзеңгілес қызмет етті.

Сол жылдары мақалалары облыстық «Орал өңірі» газетінде жиі жарық көре бастайды. 1985 жылдың күзінде фототілшілер-дің арнайы курсынан өтуге Орал қаласына келеді. Ауданнан іссапарға келген жас тілшіні сол кездегі «Орал өңірінің» бас редакторы Бақтыбай Далабаев қабылдауына шақырып алып, облыстық басылымнан қызмет ұсынады. Екінші мүшелге енді толған ол арнайы білімінің жоқтығын, тәжірибесінің аздығын алға тартқан. Әйтсе де, Сырекеңнің сапалы фотоларын, газетке жарияланған мақалаларын көріп жүрген редактор жаңа қызметке келуге көндірсе керек. Алдағы уақытта жоғары білім алуына жағдай жасап, баспанамен қамтитынын және айтады.

Келер жылдың көктемінде Бақтыбай Далабайұлы аудандық газет редакторына қоңырау шалып, тілші С. Тұяқовты тез арада қызметтен босатуын  өтінеді.

Белес

Сөйтіп, кейіпкеріміз 1986 жылдың көктемін Орал қаласынан қарсы алды. Уәде еткендей, шағын болса да, бір бөлмелі баспанамен де қамтылды. Облыстық басылымдағы жұмысын әдеби қызметкер болып бастаған оған негізінен аудандарға іссапарларға шығу, редакцияға келіп түскен оқырман хаттарын қорыту, орыс тіліндегі жазбаларды қазақшаға аудару жүктелді. Газеттің ішкі жұмысына араласа жүріп, Бақтыбай Далабаев, Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев, Жанғали Набиуллин, Құбаш Қажымов, Аманкелді Шахин, Мақсот Ізімов сынды «мүйізі қарағайдай» сала мамандарымен үзеңгілес қызмет атқарады.

Бас редактор берген жолдама негізінде келер жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне қабылданды. 1993 жылы диплом алып, жоғары білімді журналист атанды. Қызмет пен оқуды қатар өрген ағамыз осы жылдар аралығында өмірдегі серігін кездестіріп, шаңырақ көтерді. Нақтырақ айтсақ, 1989 жылдың көктемінде Нұргүл есімді жеңгемізбен отау құрды. Жеңгеміз  Сырымбек ағамыздың шығармашылық тұрғыда кемелденуіне толық мүмкіндік жасады  десек, артық  айтқандық емес. Ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай болып өскен қыздары Фариза бүгінде кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп  жүр.

Өңір баспасөзінің  ұстаханасында  кейіпкеріміз  түрлі сатыдан  өтті. Тілші  болып қызмет етіп жүрген оны сол кездегі газеттің бас редакторы Ғарифолла Көшенов жауапты хатшының орынбасары етіп бекітті. Редакцияның «жүрегі» саналатын жауапты бөлімнен де кейіпкеріміз мол тәжірибе  жинақтады. Кейін жауапты хатшы болып, он жыл жемісті қызмет атқарды.

Соңғы он жылдан бері ағамыз облыстық газет редакторының орынбасары қызметінде. Осы қырық жылға жуық уақыт ішінде Сырекең журналистиканың талай майталмандарымен қатарлас қызмет атқарды. Есенжол Қыстаубаев, Темір Құсайын, Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазбек Қабжанов секілді қаламы жүйрік журналистермен бірге өмір белестерін бағындырып келеді.

Қасиет

Алшаң басып, алпысқа келген ағамыз әріптестеріне сегіз қырлы, бір сырлы азамат ретінде де етене таныс. Сырекең ұжымда өтетін кештердің, мереке-мейрамдардың домбырамен немесе гитарамен сәнін келтіреді. Спорттық шараларда ұжымның абыройын асқақтады. Мәселен, шахмат үстеліне отырып, жеңіс әкелетін де осы кісі. Оған алаңға шығып, волейбол, футбол ойнау да қиын шаруа емес. Оның үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қасиеті бір төбе.

Газет беттеріне мақала орналастыру, оны шебер безендіруге келгенде Сырекеңмен теңесетіндер аз. Жоғарыда айтқанымыздай, талай майталманнан тәрбие алып, журналистиканың «жампоздарымен» үзеңгілес болған  ағамыздың кейінгі толқын әріптестеріне деген қамқорлығы да мол. Жазған мақалаңның ішінде бір сөйлем «жөнсіз» тұрса, ондайда көзәйнегін сәл көтеріп қойып, қаламсабын әрлі-берлі қозғап отырып,  мақаланы «қыздың жиған жүгіндей» етіп шығарады. Жазғаныңа тақырып таппай, алдына бара қалсаң, әуелі бір оқып шығып, тартымды да жып-жинақы атауды дәл қояды. Сондай ақ көңіл, қарапайым мінезімен де ұжымға сыйлы.

Сырекең тек құжат жүзінде алпысты алқымдап отырғандай. Әрдайым жайдары көңіл күйін, балаң мінезін, ширақ жүріс-тұрысын көрген адам оны мұнша жасқа келді деп еш ойламайтыны анық. Мүмкін, бұл да ата құтымен, ана сүтімен  дарыған  қасиет  шығар. Әріптесіміздің анасы Роза әжей сексен бес жасқа жуықтаса да әлі тың. Саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген кейуана бүгінде немере-жиендерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, мерейтой иесінің деніне саулық, еңбегіне табыс, отбасына бақ пен береке тіледік.

Нұрбек  Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале