3.02.2026, 15:45
Оқылды: 9

«Аңдамай сөйлеген...»

Облыстық Әдеп  жөніндегі  кеңестің  кезекті  отырысында  Жаңақала  ауданы  әкімі аппаратының басшысы Ақан Қапановтың әрекетіне қатысты  мәселе  қаралды.

DSC01323

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласы басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиевтің мәліметіне қарағанда, былтыр 8 желтоқсан күні кешкі сағат 18:40 шамасында аудандық әкімдік ғимаратында  мынадай  оқиға  орын  алған.

Жаңақала аудандық мәслихатының төрағасы Қ. Каменов ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтетінінен хабарсыз болып, әлгіндей бір-екі жиынға қатыспаған. Осы жайттың анық-қанығын анықтау барысында аппарат басшысы мен мәслихат төрағасы сөзге келіп, екеуі жағаға жармасуға дейін барған.  Ерегіскен екеуді әріптестері ажыратқан. Кейін қызметтік тексеру барысында аппарат басшысының мәслихат төрағасына  балағат  сөздер  айтқаны  анықталған.

Оқиғадан кейін мәслихат төрағасы полицияға арызданғанымен, құқық қорғау қызметкерлері оқиғаның қоғамдық орында болмауын негізге алып, әкімшілік іс қозғаудан бас тартқан. Дегенмен, мәселе кейін Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына ұсынылды. Осы тұста бір атап өтер жайт, Қапанов Каменовтен кешірім сұраған. Бірақ Каменов өзінің  кешірмейтіндігін   айтқан.

Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы себепті жағдайларға байланысты кеңес отырысына қатыса алмады. Сол себепті Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері істі оның қатысуынсыз  жан-жақты  қарады.

– Аппарат басшысының әрекеті мемлекеттік қызметшінің әдеп талаптарына сай келмейді. Аудан әкімінің тәртіптік мінездемесіне сәйкес, Ақан Қапановтың алынбаған тәртіптік жазасы жоқ. Осыны ескере отырып, Қапановқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынамын, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі  кеңестің  төрағасы  Мұрат  Байсалов.

Бұл мәселеге қатысты кеңес мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Кейбірі қатаң сөгістің орнына ескертумен шектелуді ұсынды. Алайда көпшілік дауыспен аппарат басшысына қатаң сөгіс жариялау туралы Жаңақала ауданының әкіміне ұсыныс жолдау жөнінде шешім қабылданды. Осы тұста біз әдеп кеңесінің әлгіндей ұсынысы ешқандай талқылаусыз міндетті түрде орындалуы тиіс екендігін айта кеткенді жөн көрдік. Демек, асығыс-үсігіс сөйлеуге бейім мемлекеттік қызметшілер «аңдамай сөйлеген, ауырмай өлетіндігін» ұмытпаулары  шарт.

Кеңес отырысында құмар ойындарға қатысты шектеулерді бұзған мемлекеттік қызметшілердің де мәселесі қаралды.

– Орал қалалық қаржы бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, мемлекеттік сатып алу бөлімінің кейбір бас мамандары, сондай-ақ Зашаған кенті әкімі аппаратының бөлім басшысы құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметтерінен босатылды. Аталған заңбұзушылықтарды Орал қаласының прокуратурасы былтыр наурыз айында анықтаған, – деді Дулатбек  Молдағалиев.

Жалпы, өңірде өткен жылы мемқызметшілер тарапынан 5 мыңнан астам ұсақ заңбұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, Е-қызмет ақпараттық жүйесіне жеке істерді уақытылы енгізбеу, іссапар шығындарын өтеу тәртібін сақтамау, жұмыс уақыты кестесін бұзу секілді кемшіліктер жиі орын алған.

– Мемлекеттік қызметшілердің іссапарға және еңбек демалысына шығу кезіндегі төлемдерінің уақытылы берілуіне айрықша назар аударып отырмыз. Нәтижесінде 432 мемлекеттік қызметшінің іссапар шығындары мен демалыс төлемдері бойынша уақытылы берілмеген 14,3 миллион теңге көлеміндегі қарыз толық өтелді, – деді Мұрат  Байсалов.

Аталмыш жиында мемлекеттік қызмет саласында жиі орын алатын заңбұзушылықтарға жүргізілген талдаулар да  тыңдалды.

Түгелбай  Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале