27.05.2024, 12:15
Оқылды: 1

Аңқаты мен Подстепныйда қанша үй салынады?

Наурыздың 26-нан 27-не қараған түні Теректі ауданына қарасты Аңқаты ауылы дүр сілкінді. Өйткені ауылды су басты. Айрандай ұйыған аядай Аңқатыны тасқын аямады. Қырдан құйылған қарғын су алдымен ойпаңдағы көшелерге кіріп, ауылғы кірер жол жырғасына барып, екпінін басыпты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген тұрғындар топан суды еске алған сайын басын шайқап, адам шығыны болмағанына шүкір айтады. Десе де мал шығыны болған. Қарғын кесірінен ауылда үш сиыр, 20 қой, 48 қозы, бір құлын өлген. Топан су 38 үйге кіріпті. Оның 23-ін тұруға жарамсыз еткен.

жп анкаты стройка (2)

Мал шығыны толық өтелді. Мүлкі бүлінгендер комиссия шешімін күтіп отыр. Баспасын жөндейтіндерге де қаражат беріледі. Мамырдың 6-сы күні құрылысшылар жұмысын бастады. Қыркүйектің 1-не дейін барлық баспана толықтай салынады, – деді Аңқаты ауылдық округінің әкімі Асқар Хайрекеев.

Қазіргі таңда Аңқатыда бой көтеретін 23 үйдің 11-інің іргетасы қаланды. Мердігер құрылысты уақтылы аяқтайтынын айтады.

жп анкаты стройка (1)

– Мамырдың 6-сы күні келіп, орнын белгілеп бастадық. Содан бері жұмыс жүріп жатыр. Қабырғасын силикат кірпіштен қалаймыз. Ортасына жылу оқшаулағыш саламыз. Барлық үй мемлекет белгілеген стандартқа сай салынады, – дейді мердігер компания басышсы Рафик Мамедов.

Үйі суға кетіп, қиын жағдайға тап болған аңқатылық Жанаргүл Қажымова тамыздың аяғына дейін үйлерді тапсырамыз деген құрылысшылар уәдесінде тұрады деген сенімде. Одан соң үй жанындағы орынға қора-қопсысын орнатып, дұрыстап орналасып алуды жоспарлап жүр.

жп анкаты стройка (5)

– Үй салушылар келгелі күніне бернеше рет келіп, жаңа баспанамызды қарап кетеміз. Жұмыс жақсы жүріп жатқанына көзіміз жетіп тұр. Мердігерлер мен басшылық айтқан мерзімде бітсе дейміз. Өйткені ар жағы – күз. Ең бастысы қажетті жұмыс басталды, нәтижесін көреміз, – дейді Жанаргүл Қажымова.

жп анкаты стройка (4)

Айта кетейік, тасқын кезінде Теректі ауданында 650 үй суға кетті. Оның 131-і жарамсыз. Ал 508 үй жөнделеді. Күні бүгін қалпына келтіруге қажетті қаржы тұрғындардың есепшотына аударылып жатыр. 68 тұрғынға 145 миллион теңге төленіпті.

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале