3.11.2022, 11:00
Оқылды: 108

Әншілігі ерен, жыршылығы кемел

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Елеулі  есімдер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының еңбек  сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиевпен «Ән жалғасты ұрпаққа» атты кездесу кеші өтті.

313290487_808246977110825_5352112047177724694_n

Өнер иесінің 70 жасына орай ұйымдастырылған іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, ақын, жұбантанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы, орталықтың директоры Бауыржан Халиолла және өңіріміз­ге танымал азаматтар қатысты.

– Қадірлі өнерсүйер қауым, бүгінгі кешке қош келдіңіздер! Бәрімізге белгілі Қатимолла Бердіғалиевтің ән қоржынында 300-ге жуық ән бар. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған әншінің осы жасқа дейін бірнеше шәкірт тәрбиелегенін де жақсы білеміз. Сонымен қатар қара сөздің қадірін түсінетін ағамыздың ақындығы да бір төбе, – деп ізгі лебізін білдірген Сайран Темірғалиұлы кеш иесіне алғысхат  табыстады.

Кеш барысында Қатимолла Жәңгірұлы келген қонақтарға ризашылығын жеткізіп, халық әні «Жеңешені» орындап, көптің қошеметіне бөленді. Одан соң сахна төріне кеш иесінің шәкірттері кезек-кезек шығып, өнер көрсетті.

– Біз бір сыныпта оқыдық. Ол мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өзінің өнерге деген құштарлығын таныта білді. Тоғызыншы сыныпта «Орал вальсі» деген ән шығарған болатын. Сол әннің әсері бүгінде бізді бала күнімізге бір апарып қайтатындай. Өмірде түрлі кезеңдер болады. Адамдар қиын кезеңде қауышқан жандарды ұмытпақ емес. Қатимолланың әндері Жайық жұртының жүрегінен орын алған. Шығармашылығы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін, – деді Үзілдік Елеубайқызы.

Жайықтың жайсаң азаматына арналған кешті қорытындылаған орталықтың директоры Бауыржан Ергенұлы өңіріміздегі айтыс ақындарының атынан ат мінгізіп, термешінің өңіріне «Сырым Датұлы»  төсбелгісін  тақты.

Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале