17.11.2021, 10:02
Оқылды: 65

АӨК-тегі заманауи құрылғылар

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың мақсаты – өндіріске заманауи технологияларды енгізу, өнімділік пен тиімділікті арттыру. Облыстағы өсімдік шаруашылығында осы бағытта жұмыс істейтін алты ілгері, мал шаруашылығында 11 базалық және ілгері смарт-ферма бар. Аталмыш агроөнеркәсіп кешендері заманауи цифрлық технологияларды оңтайлы пайдалануда.

4

Биыл Жәңгір хат атындағы БҚАТУ аутоматтандырылған «GrowSafe» құрылғысын орнатты. Оны облыстағы асыл тұқымды ірі қара малдың құнды генефондын сақтау, кеңейту, одан әрі көбейту үшін  қолдануда. Аталмыш құрылғы асыл тұқымдылығы бағалануы тиіс бұқашықтардың генетикалық әлеуетіне тез жетуіне себеп болуда. Ол әр жануардың азық мөлшерін, салмағын өлшеп, өсімін бақылайды. «GrowSafe»  арқылы қазақтың ақбас тұқымының әлемдегі танымалдығы артып, басқа асыл тұқымды малмен салыстырмалы ерекшелігі ғылыми түрде зерттелуде. Ендеше, өңірде қолданылып жатқан өзге де заманауи құрылғыларға тоқталып көрелік.

«Электронды  бақташы»

Бүгінде мал өсіретін көптеген шаруашылықтар «электронды бақташының» қызығын көруде. Бұл қондырғы жұмыс күшін азайту үшін де қолайлы. Ерекше «бақташы» дегеніміз – айналасына баламалы қуат көздерінен қуат алатын сымдар тартылған қоршау. Қазір  ауылдарда бақташы табудың өзі бір мұң. Сондықтан бұл қондырғы бар жерде бақташы қажет емес.  Сондай-ақ мал қоршау ішінде тұрғандықтан,  егіс алқабына, бау-бақшаға түспейді. Бір шаруашылық малының өзге малмен араласып кетпеуі  әрі  жайылым айналымын сақтау үшін де пайдасы зор. Қоршауға тиген денесін тоқ ұрған мал екіншілей «бақташыға» жақындамайды. Бұл құрылғы тиімді, үнемді әрі қауіпсіздігімен бағалы.

 – «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидасы бар. Соған сәйкес жайылымдарға арналған қоршауды, яғни электр шопан генераторын, электр жиілігін реттейтін трансформатор мен оқшаулағыштарды, кемінде екі қатар сымды субсидиялау қарастырылған. Қума метр (погонный метр) бірлігіне арналған демеуқаржыны есептеу үшін 400 теңге ең жоғарғы рұқсат етілген құн болып бекітілді. Үкімет  «электронды бақташыны» сатып алған шаруаның кеткен шығынының 25%-ын  субсидиялайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мейрамбек Ерақаев.

Биылдың өзінде облыс аумағында 20 шаруа қожалығы 13,7 мың гектар жайылымдық және шабындық жерді «электронды бақташымен» қоршаған.

6

GPS-тер

Бүгінде мал шаруашылығында GPS-трекер кең қолданыла бастады.  Ол, әсіресе, Қамбар ата түлігі – жылқының қай жерде жүргенін спутник арқылы бақылап, бағытын біліп отыруға өте ыңғайлы. Бұл трекерлерді көбінесе егін салатын  немесе шекара аумақтарына жақын орналасқан шаруашылықтар пайдалануда екен. Телефонға немесе компьютерге ақпарат жеткізетін GPS-ті шаруалар  үйірді ұстайтын айғырға немесе биелерге тағады. Бір жағынан, бұл құрылғының мал ұрлығының алдын алуға, жоғалған малды табуға да көмегі бар.

1

Бүгінде облыста 53 шаруа қожалығы GPS-трекерлер қолданады.  Солардың арасында ең көбі Сырым ауданында 15 болса, Қаратөбеде 7 шаруашылық игілігін көріп отыр. Сондай-ақ биыл GPS-пен жабдықталған өнім өндіру көлемін арттыратын 3 комбайн, 3 егу кешені, 3 суару бүріккіші және бес трактор сатып  алынған.

Дрон-бақылаушы

Мал бағатын шаруашылықтар малды алыстан бақылап, жайылымға кеткен бағытын қадағалап отыру үшін ұшу аппараттарын (дрон-пастух) пайдалануда. Құрылғы жайылымда жүрген малды суретке, әлде болмаса бейнежазбаға түсіре алады. Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарындағы кейбір шаруа қожалықтары малын 10 дрон-малшы арқылы  қадағалап отыр. Алайда бұл құрылғыны мемлекет тарапынан субсиядиялау қарастырылмаған. Солай бола тұра, оны қажетіне жаратып отырғандардың саны артып келеді.

Аутосуаттар

Қазір суды өзі жылытып, қақаған қыста да қатырмайтын жылытылатын аутосуаттар бар. Ол, әсіресе, мал бордақылау алаңдары үшін тиімді. Аутосуат шаруашылықтардағы суды үнемдеп, табынның өнімділігін арттырады. Айналасында жүргендердің қимыл-қозғалысына қарай іске қосылатын құрылғыдағы су аутоматты түрде қажет деңгейде беріледі.  Негізі, аутоматтандырылған суарғыштың жеке және топтық түрлері бар.  Жеке аутосуаттар ірі қара мал байлауда ұсталатын қора-жайларда қолданылады. Ал топтық аутосуаттар мал байланбай бағылатын шаруашылықтарға қолайлы. Бүгінде Казталов, Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала аудандарындағы шаруашылықтарда  осындай 15 аутосуат қолданылуда.

Суару жүйелері

Өңірдегі егістік  немесе суармалы жерлері бар кейбір шаруашылықтар  жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйесін қолдануда. Заманауи құрылғы суды 30-60%-ға  дейін үнемдейді әрі еңбек шығынын азайтады. Дәстүрлі суару тәсілдерімен салыстырғанда ол өнімділікті 2-2,5 есе арттырады.

3

Облыстық ауыл шауашылығы басқармасының берген мәліметінше, «Инвестициялық салымдар кезінде агро-өнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидасы бар. Онда «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жоба паспортын субсидиялау қарастырылған. Яғни шаруаның сатып алған қаражатының  50%-ы қайтарылады.  Бұл  жаңа құрылғыны «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы несиеге немесе лизингке де алу қарастырылған.

Мал азығын дайындауға, егін өсіретіндерге қолайлы «John Deere» тракторы мен комбайны, Zimmatic суару жүйесі бар. Мәселен, шаруалар қызығатын америкалық Zimmatic – әмбебап суару жүйесі. Ол жердегі ылғал мөлшерінің аз не көптігін, температурасын, жел күшін, топырақ пен өсімдіктің ауруларын көрсетеді. Яғни суару жүйесінің  метеостансасы, топырақ сенсоры, камера тұзағы секілді құрылғылары бар тұтас кешен ретінде сатылады. Олар  толықтай аутоматтандырылған жүйе арқылы энергияны, ылғал мен уақытты үнемдейді. Мәселен, бір ғана iMETOS® iSCOUT камера тұзағы егіс алқабындағы жәндіктерді өзіне «тартып» алады. Осылайша  «ұсталып» қалған жәндіктердің қаншалықты зиянды екенін анықтап береді. iMETOS® ECO D3 метеостансасы топырақтың ылғалдығын, температурасын, тұздылығын, ауа райының болжамын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, шаруа цифрландырылған суару жүйесінің жұмысын үйде отырып бақылайды. Толықтай аутоматтандырылған  «John Deere» комбайны  бітік шыққан егіс пен жоңышқасы көп аумақты қалай шабу керек екенін өзі реттеп отырады.

Väderstad

Тасқала ауданына қарасты  Ақтау ауылдық округіндегі «Жәнібек» шаруа қожалығында Швецияның Väderstad  деп аталатын «ақылды» тұқым сепкіш бар.  Ол тұқымды қандай тереңдікте егуді, олардың арақашықтығы қандай болатынын өзі «біледі». Қолданылатын тыңайтқыштарды да өзі таңдайды.

2

Väderstad  бір жүріп өткен жолында топырақты қопсытып, дән сеуіп және нығыздап өтеді. Тыңайтқыш құрамдасқан үлгіде дәнмен бірге себіледі. Жанар-жағармайды үнемдеп, топырақтың ылғалдығын сақтайды. Әрі бұл жұмыстың  бәрі  аутоматты түрде атқарылады. Швециялық техниканың кабинасында компьютер, теледидар, тоңазытқыш бар. Телефонмен басқарылатын техниканың тілін жетік білетін шаруалар үшін бұл техника өте қолайлы.

Ясипа  Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале