11.05.2022, 9:15
Оқылды: 54

«Aqjaiyq open» додасында бақ сынады

Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың 100 жылдығына орай Орал қаласындағы теннис орталығында 5-8 мамыр күндері каратэ WKF-тан жасөспірімдер, кадеттер және жастар арасында «Aqjaiyq open» халықаралық турнирі өтті.  

акжайык

Жарысқа Ресей мен Қырғызстаннан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан 650-ден астам спортшы қатысты. Турнир каратэ WKF спортын дамыту, спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

– Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметованың туғанына биыл – 100 жыл. Соған орай бүгін, міне, батырдың туған жерінде каратэ WKF-тан «Aqjaiyq open» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бұл жарысты ұйымдастыруда қолдау білдірген Ұлттық каратэ федерациясына алғысымызды білдіреміз. Каратэ спорттық дайындықты және арнайы техниканы қажет етеді. Бұл спорт түрі 2020 жылы Токиода Олимпиада ойындарының қатарына қосылды. Облыста 300-ден астам жасөспірім каратэмен айналысады. Бүгінгі халықаралық турнирде бақ сынап жүрген спортшылардың арасынан болашақта Олимпиадада көк Туымызды желбіретер чемпиондар шығады деп кәміл сенемін,– деді турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Каратэден  халықаралық дәрежедегі төреші Сансызбай Торғаев та жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спортшылардың биік белестерді бағындыру жолындағы алғашқы қадамы «Aqjaiyq open» халықаралық турнирі секілді додалар болатынын жеткізді.

Жарыста 100-ден астам спортшы жеңімпаз-жүлдегер атанып, кубогтар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале