Әлем халықтарын алаңдатып отырған пандемия біздің елді айналып өткен жоқ. Жолдар жабылып, көліктер мен ұшақтар тоқтап, халық тіпті жақын-жуығымен қатынаспай қалды. Планетаны дүрліктірген індетті бүгінде 3 миллионнан астам адам жұқтырып алса, көптеген адам осы дерт салдарынан көз жұмғаны жасырын емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге ала отырып, төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл дұрыс қадам, бұл халықтың денсаулығын, ұлттың салауатын сақтау деп білемін.
Бұл жолы да Президент қандай жағдай болмасын, әрдайым халқымен бірге, әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ екендігін атап өтіп, осындай қиын сәтте ел-жұртты сабырлылыққа шақырды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жіті пайымдай келе, кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктей отырып, мемлекет тарапынан уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыратындығын атап өтті. Еліміздің әрбір тұрғынына барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажеттілігін, пандемияның шеңгелінен құтылу бәрімізге ортақ міндет екендігін ескертті.
Халыққа карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынуды, барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып аңдап басуларын, өзінің және өзге азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекетке бармауларын сұрады. Әрі Үкімет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер әлі де өз жалғасын табатындығы қуанышты жағдай. Бұл да Президентіміздің қиын-қыстау уақытта халықпен бірге екендігінің тағы бір айқын мысалы.
Жасыратыны жоқ, пандемия уақытында жарияланған карантин бізге үлкен сабақ болғаны мәлім. Президентіміз денсаулық сақтау саласы, экономика және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет екендігін де атап өтті.
Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген журналистер, мемлекеттік органдар, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, әскери қызметшілер және волонтерларды да назардан тыс қалдырмады, алғысын білдірді.
Иә, бірлігі кеткен елдерді де көріп жүрміз. Қазағым ықылым заманнан бері парасатты, ұлы халық. Жарасқан бірлігімізді бұзбай, халқымызды тәртіпке бағынуға шақырайық. Дәл қазір әлем бойынша жарияланған пандемия кезінде тек тәртіп пен сабыр керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде құзырлы органдар барлық мүмкіндікті жасауда. Олай болса, жарқын болашағымыз үшін тәртіпке бағынып, жұдырықтай жұмылып, қиындықты бірге жеңейік, ағайын!
Асхат Өкшебаев
«Заман» ЖҚБ төрағасы,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Жастар бастамасын дамыту орталығы директоры