30.11.2023, 14:45
Оқылды: 38

Әр істі тиянақты атқару керек!

Ақжайық ауданының Чапаев ауылы тұсында тәулігіне 1200 бас қозы етін өңдейтін зауыттың салынғанына бірнеше жыл болды. Жобалық құны – 2 млрд 800 млн теңге. Соны саламыз деп қоғамдық тыңдау өткізген кезде халық наразы болды. «Осыншама қозыны өңдеу мүмкін емес, өйткені біздің облыстың оған әлеуеті жетпейді» деген дәлелді сөзге қарамай, сол кездегі облыс, аудан басшылары қажетті шикізатты Ақтау, Атырау, Ақтөбеден, Ресейдің Қалмақ өлкесінен, қажет болса, Монғолиядан аламыз деп, ертегіге татырлық жалаң сөзбен иландырмақ болған. Нәтижесінде бір күн де толыққанды жұмыс істемей, қаңырап тұр. Кезінде республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, әлемге жар салған болатын.

IMG_4340

Қазіргі кезде киік санын қысқартуға рұқсат берілді. Жоғарыда айтқан «Марқа-Ламб» кәсіпорнын іске қоссын, мәселе өз-өзінен шешіледі. Себебі аудан орталығы – Чапаев тоғыз жолдың торабында тұр. Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстаннан жүк көліктері 24 сағат бойы өтіп жатыр. Алдағы уақытта асфальт жол Бөкей ордасы, Ресей шекарасына дейін жеткен кезде Ресей мен Украинадан да аутокөлік легі бірнеше есе көбейеді.

Тағы бір мәселе – Орал (Уральск) қаласының атауын Ақжайық деп өзгерту керек. Батыс өңірінде Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Ақжайық деген тамаша атаулардың қатары түзіледі. Әйтпесе, осы күнге дейін Ресейдің орыстарынан бөлек, депутаттарына дейін: «Уральск – исконно русский город» деп шулап жүр. Сондықтан қосарлы аттан құтылатын уақыт әлдеқашан жетті. Оған  тарихи-құжаттық  негіздеме  жеткілікті.

Облыс орталығын еліміздегі әдемі қаланың бірі, тарихы мен экологиялық жағдайы барлығынан артық деп төске соғып, мақтанған кезде алдымызға қара түсірмейміз. Олай болса, аты затына сай болуы керек қой. Осыдан бірнеше жыл бұрын Оралдағы «сақалды құрылыстар» жөнінде облыс әкімдігінде үлкен мәселе көтеріліп, жөнге келтіру, тәртіп орнату туралы айтылған болатын. Бірақ аяқсыз қалды. Тек қана бір мысал, облыстық полиция департаментінің қасындағы көпқабатты құрылыс нысанының айналасының ұсқынын кетіріп тұрғанына ондаған жыл  болды. Шара алу керек!

Кезінде Орал қаласының көптеген көше қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған  жерасты өткелдер болатын. Өте ыңғайлы әрі қауіпсіздік ережелеріне толық сай келетін. Соларды жеке кәсіпкерлерге беріп, әртүрлі сауда орындарын, т. б. мақсаттағы нысандарға айналдырды, ішін тарылтты. Екі адам қатар жүрсе, әзер қозғалатындай күйге жеткізді. Қазір бәрі де антисанитарлық жағдайда. Басшылардың дәрменсіздігін көрсететін  нысандарға айналды.

М. Б. Ықсанов облысты басқарған кезде бұрынғы Дзержинский (қазіргі Абай даңғылы) көшесінде 12 қабатты төрт үй салынған болатын. Және олардың бір-бірінен арақашықтығы жақсы еді. Өйткені болашақта ол орынға балалар ойнайтын алаң, тұрғындар демалатын саябақ, қала берді жеңіл аутокөліктерге арналған тұрақ салынуы керек еді. Кезіндегі ондаған басшының оралымсыздығынан сол бос алаңқайларға мейрамхана, бизнес нысандары бой көтерді. Бір ғана мысал, «Универмагқа» қарсы екі 12 қабатты тұрғын үйдің ортасында «Гранд Зодиак» деген мейрамхана, т. б. нысандар тұр.  Сол шамада тағы бір алаңды темір шарбақпен қоршап қойғанына ондаған жыл өтті. Арам шөп кісі бойынан асады. Бұралқы иттер мен үйі жоқ, тентіреп жүрген адамдардың тұрағына айналып бітті. Осыны көретін, тексеретін, шара алатын лауазым иесі бар ма, сірә?!

Дәулетжан Жақсыбаев,

мемлекеттік қызмет ардагері,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале