20.03.2026, 14:45
Оқылды: 8

Ардагер ұстаздарға – алғыс пен құрмет

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиев ардагер ұстаздар мен сала мамандарын қабылдап марапаттады.

награда - мади салык

Іс-шара алдында Нариман Төреғалиев жиынға қатысушыларды келе жатқан әз Наурыз мейрамымен құттықтап, білім саласы мемлекеттің басты назарында екенін атап өтті.

– Соңғы үш жылда  облысымызда 105,9 млрд  теңгеге 30 мектеп жаңадан салынды. Мектептердің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға 11 млрд теңге қаражат бөлінді. Халықпен өткен кездесулерде ауылдағы мектеп мәселесі жиі көтерілетін. Қазір ауылдық жерлерде салынған мектептер ауыл үшін оң нәтижесін беруде. Білім ұясы балаларға толып, сәйкесінше  тұрғындар саны  да  артып  келе  жатыр.

Ұстаздарымыз білім беру саласындағы жетістіктері мен еңбегі үшін жоғары дәрежелі наградалармен марапатталуда. Өздеріңізге мәлім, педагог Эльмара Траисова былтыр Республика күні қарсаңында  Президент Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары  атағын алды. Бұл – біздің  өңір  үшін үлкен қуаныш әрі жетістік. Соңғы үш жылда «Құрмет» орденімен екі педагог, «Ерен еңбегі үшін» медалімен сегіз, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағымен төрт педагог марапатталды. Оған қоса, 39 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 94 педагог «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды. 28  ардагер ұстазға «Еңбек ардагері» медалі берілді.

Білім мен тәрбиені оқушы бойына сіңіріп, өскелең ұрпақты шыңға жетелеген ақ жүректі, жылы жүзді барша ұстазға айтар алғысым шексіз! – дей келе облыс әкімі  Н. Төреғалиев ұстаздарға марапат ұсынды.

Айта кетсек, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Әсима Сағидуллина «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар бірнеше ардагер ұстаз бен сала мамандары  «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында Социал Пұсырманов, Нэлла Никитина, Гүлбарам Ахметқалиева, Жасталап Бекішев те бар.  Осы іс-шарада «Еңбек ардагері» төсбелгісін алған Мария Жұматова ақжарма тілегін айтып, саланың қызығы мен шыжығын сөзіне өзек етті.

– Мен 1982 жылдан бері ұстаздық қызметте еңбек етіп келемін. Мектепте алғашқы еңбек жолым басталып, кейін Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжге ауыстым. Бұл колледжде 20 жылдан астам уақыт студенттерге сабақ беріп, болашақ мұғалімдерді даярладым. Бүгінде шәкірттерім түрлі салада жетістіктерге жетіп, білім-білігін дәлелдеп келеді. Мұғалім – мейірімді және талапшыл болуы тиіс деп есептеймін, – деді М. Жұматова.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале