Қаламыздағы Ескі әуежай шағынауданына жақын маңдағы Қажымұқан көшесінің бойымен жүріп келе жатып, бір үйдің жанынан еріксіз кідіріп өтесің. Шарбағының сыртынан-ақ биікке бой созған жеміс ағаштары көзге жылы ұшырайды. Қаз-қатар тізілген жасыл желектердің бір емес, жылдар бойы күтіп-бапталғаны анық байқалады. Әртүрлі жеміс ағаштарының әрқайсысын осы үйдің иесі өз қолымен отырғызған.

Біз сөз еткелі отырған үйде зейнеткер Зәки Ахметжанның отбасы тұрады. Кезінде орта мектепте биология пәнінен ұзақ жыл сабақ берген ұстаз бүгінде табиғатпен үндесе тіршілік кешіп отыр. Шарбақтың іші-сыртында өріктің бірнеше түрі, алманың алуан сұрпы, алмұрт, ранетка, жүзім, шие, таңқурай, құлпынай, алша – бәрі де жайқалып өсіп тұр. Жаз бойы бұл ауладан гүл мен жемістің жұпар иісі үзілмейді. Зәки ағайдың бау-бақшасы – өмірлік көзқарасының көрінісі. Табиғатты сүю, жерге жанашырлықпен қарау, жасампаз еңбекті қадірлеу – оның күнделікті тұрмыс-тіршілігінің негізі. Таяуда ардагер ұстаздың үйіне арнайы барып, мұғалім бағбанның бау-бақшасын тамашалап қайттық.
Зәки ағай 1950 жылы Атырау облысының Индер ауданындағы Өрлік ауылында жарық дүниеге көрінген. Он балалы үлкен отбасында өскен. «Бес ұл, бес қыздың ішіндегі ең көп жұмсалатыны мен едім. Ағаларым да, әпкелерім де мені жұмсай беретін. Ағаш шабу, темір илеу, тоқпен жұмыс істеуді жұмсалып жүріп сол кездің өзінде меңгеріп алдым», – деп жымиып еске алады бүгіндері ардагер ұстаз.

1967 жылы туған ауылындағы онжылдық мектепті аяқтаған соң, әскери борышын өтеуге аттанады. Өзен-көлден танктягач секілді ауыр техникаларды өткізуге арналған көпірлерді бар болғаны 30 минутта құрып, кейін қайта жинап алатын арнайы әскери бөлімде қызмет етеді.
– Бізді сол кезде «понтонщик» деп айтатын. Әскери инженерлік құрамда жүріп, командирлікке дейін көтерілдім, капитан шенін алдым. Кейін әскери училищеге қабылданып, офицер болуға бір қадам қалғанда, КСРО Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен бізді қызметтен босатты. Нақты себебін ешкім ашып айтқан жоқ, бір хикметі болған шығар, – деді сәл кідіріп.
Әскерден кейінгі жылдары Зәки Ахметжан түрлі өңірлерде еңбек етіп, Қызылордада – күріш, Шымкент пен Оралда астық тасымалымен айналысқан. Он шақты жүк көлігінен құралған аутокеруенді (автолкалонна) басқарып, күзгі жиын-терімнің ауыр, бірақ абыройлы жұмысына белсене араласады. Оралға алғаш келгені де сол кез екен. Әңгіме-дүкен барысында Зәки аға табиғи су көздері мен жасыл желекке жомарт, ауасы таза өңір әсем табиғатымен бірден баурап алғанын айтып өтті. Жылдар өте өмірдің соқпағы тағы да Оралға алып келеді. Екі қызы осы қалада жоғары білім алып, ұлы да университетті тәмамдап, дәл осы өңірге жолдамамен қызметке орналасқан. Ақыры, өзі де зейнетке шыққан соң, жұбайымен Оралға қоныс аударған. Алғаш көшіп келген кезде отбасы орталықтағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Алайда төрт жағынан көлік жолы өткен, күндіз-түні тынбайтын шу мен шаң тыныштыққа мұрша бермепті.

– Мен өмірімнің тең жартысын мұғалімдікке арнадым. Биология пәнінен 43 жыл сабақ беріп, талай шәкірт тәрбиеледім. Педагогикалық еңбек өтілімнің 18 жылы мектеп директоры қызметінде өтті. Жұмыс та, шығармашылық та тыныштықты қажет етеді. Сондықтан қаланың шулы ортасынан іргемді аулақ салып, жер үйге көшуді жөн көрдім. Қазіргі тұрған үйімізді 2017 жылы енді ғана салынып жатқан құрылыс кезінде сатып алдық. Айнала ашық жатқан бос кеңістік, көз тоқтатар тал-терек жоқ, тіпті көршілер де санаулы еді. Біз көшіп келгенде бұл ауданда біздің үйді қосқанда, небәрі екі-ақ үй бар-ды. Қазір қарасаңыз, кәдімгідей шағынауданға айналды. Ағаш еккенде де, бақ еккенде де бастауында болдық, – дейді Зәки ағай.
Бес сотық жерді көгалдандыру оңай шаруа емес. Алғашқы жылы әуелі тез жерсінетін көшеттер егілген. Кейін біртіндеп әр жеміс ағашын сатып алып, жыл ішінде түгел егіп шыққан. Қазір сол еңбектің жемісін көріп отыр. Зәки ағай туған ауылындағы күндерді еске алып, қуаң, құрғақ топырақта кез келген өсімдік өсе бермейтінін айтты. Бірақ ол онымен де күресе білген.
– Атырауда да қол қусырып қарап отырмадық. Су тапшы, құрғақ жер болған соң, әуелі қарағаш егіп, кейін соған алма телитінбіз. Солай ғана жеміс беретін жағдайға жеткіздік. Ал табиғаты керемет Оралда бәрі оңай екен деп ойлау да қате. Мұндағы жердің өз қиындығы бар. Ауладағы топырақтың метр жарымы саз. Мұндай жер қазғаннан кейін қайта отырады, шөгіп кетеді. Сондықтан алдымен қазып аламын да, 2-3 күн сүрлеп, кептіремін. Шымын бұзып, қопсытып барып қана отырғызамын. Әйтпесе, жер жібімейді, ағаш жерсінбейді, – дейді мұғалім-бағбан.
Бау-бақшадан көзің сүйсініп, көңілің тояттанғандай өнім алу үшін тек топыраққа емес, күтімге де көңіл бөлу қажет. Зәки ағай жыл сайын көң мен қара топырақ сатып алады екен. Кейде көңнің өзі сапасыз, зиянды болуы мүмкін.
– Ондай жағдайда көңді алдымен залалсыздандырамыз. Яғни көңді шірітіп барып, жеміс ағашының түбіне саламыз. Сосын барып топырақтың құнары артып, еккен дақылың нәр ала бастайды. Арамшөпті де тастамаймыз, шауып, отап, бөшкеге жинаймын, су құямын, аздап ашытқы қосамын. Сөйтіп, арамшөптің өзі бір аптада керемет органикалық тыңайтқышқа айналады. Ағаштардың түбіне соны құямын. Жерден өз бетімен нәр ала алмаса, осылай көмектесеміз. Су тапшылығын да біртіндеп шештік. Құдық қаздырып, 24 метр тереңдіктен су шығардық. Қазір мотормен сорып, бау-бақшамызды сол сумен суарамыз. Жалпы жерден алғың келсе, алдымен өзің беруің керек. Сенің ықыласыңды, еңбегіңді, ниетіңді Жер-ана сезеді, – деп тәжірибесін бөлісті бағбан қария.
Зәки Ахметжанұлының шағын ғана ауласында ағаштың 78 түрі өсіп тұр. Құдды бір ботаникалық бақ дерсің. Жеміс ағаштары мен гүлдер, сәндік өсімдіктер қатар жайқалып, бір-бірімен керім жарасым тапқан.
– Өрікті біз көбіне базардан алып жейміз ғой. Бірақ мен бір ойға бекіндім. Дүкеннен жеген өріктің тұқымын ысырап қылмай, бір қапқа жинап, сосын соны 30 сантиметр тереңдікке көмдім. Біздің өңірімізді өрік ағашы оңайлықпен жерсіне қоймайды. Бәлкім, ауа райы, бәлкім, топырағы өрік үшін тым қолайлы емес шығар. Бірақ алты жыл баптап жүріп, мына тұрған өрік ағашына алғаш рет жеміс салдырдым. Өз қолыммен отырғыздым, өзім күтіп, бұтап, шөбін отап, мәпеледім. Өріктің дәнін көктемде де, күзде де егуге болады. Тек бір шарты бар – дәні құрғап, жарыла бастауы керек. Сол сияқты жүзім де ерекше күтімді қажет ететін өсімдік. Жалпы кез келген ағашқа күтім болмаса, жеміс күтпей-ақ қой. Жеміс жегің келсе, еңбек ет. Ағашқа құрт түседі, оны улаймыз, әктейміз, қырқамыз. Уақтылы тыңайтқышын беріп, күзде артық бұтағын қиямыз. Түбіндегі топырағын да қопсытып отырамыз. Күн суытқанда жәндіктер, құрт-құмырсқалар жұмыртқаларын ағаш түбіне салады. Көктемде жер жылынғаннан кейін соның бәрі жыбырлап жоғары өрмелеп шығады. Сондықтан күзде де, жазда да ағаштың түбін ақтаймыз, – дейді Зәки ақсақал.
Ауладағы тірлік Зәки атаның бір күнін емес, тұтас өмір салтын бейнелейтіндей. Шөп-шалам, қураған бұта өртеліп, күлі тасталмай жиналады. Бұл – тыңайтқыштың табиғи әрі тиімді түрі. Жиналған күл ағаштың түбіне себіліп, топырақ құнарын арттырады. Содан да болар, жемістер жылда мол өнім береді – өздеріне де, көршілерге де жетіп артылады. Ал сол жемістен тосап қайнатып, компот жауып, келесі көктемге дейін азық етеді. Бір түп ағаштың берекесі бір отбасының бүтін тіршілігіне айналған.
– Апаң екеуміз жаз бойы бақтан шықпаймыз. Таңғы алтыда тұрып, гүл мен ағаштың арасынан табыламыз. Қимыл-қозғалыс керек өйткені. Адам ұлғайған сайын соған зәру болады. Біз раушан гүлін егеміз, оны күтеміз. Аула сыртында итмұрын өсіп тұр, ол да табиғи дәрі-дәрмек әрі дәрумен. Соны кептіріп, шай қылып ішеміз. Алма мен жүзімнің жапырағының өзі шипа. Еңбектенсең, жер жомарт қой. Бір шаршы метр жер 12 адамды асырай алады, – деді бағбан атай кетпеніне сүйеніп тұрып.
Топырағы саз, суы жеткіліксіз бұл өңірде бау-бақша баптау оңай емес. Алайда жылдар бойы өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің ауырын да, жеңілін де, бейнетін де, зейнетін де бірге көріп келе жатқан жарасымды жұп, талмастан еңбектеніп келеді. Көктерек – осы үйдің ауласына алғаш отырғызылған ағаш. Ал кіреберістегі қос шырша – Зәки атаның екі немересіне арнаған ерекше ықылас-ілтипаты. «Немере – өмірдің жалғасы. Екі шыршаға екеуінің есімін беріп қойдым. Қайта-қайта суарып жүргенде, еріксіз соларды ойлайсың. Ағаш та бала секілді, баптамасаң, бой көтермейді», – дейді ол жымиып.

Қазір Зәки аға мен Қалима апай – екі қызы мен бір ұлынан төрт жиен, екі немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Бірге тұратын бала-келіні қашанда қастарынан табылып, әрдайым шаруаға қолғабыс. Әсіресе, немерелері біз барғанда су себерлерімен, бақ ішінде шауып жүр. Біресе күрекпен ойнап, біресе бақшаның арамшөбін жұлып олар да барынша еңбекке араласады екен. Қай-қайсысы да, ата-әжесінің әр сөзін құлағына құйып өсіп келеді. Зәки қарттың жұбайы Қалима апай – осы отбасының шырақшысы. Ұзақ жыл есепші болып қызмет істеп, зейнетке шыққан. Атырау облысындағы Елтай ауылында жұбайымен бірге бір мектепте көп уақыт қызмет еткен. Тиянақты тірлігімен, кәсібіне адалдығымен ауыл-аймағына сыйлы болған. Сол еңбегінің өтеуі ретінде есімі «Қазақстан әйелдері» энциклопедиясына енген.

– Таңертең бес жарым, алтыдан қалмай оянамыз. Таңғы салқынмен жұмысты бастап кетеміз. Қолымыздағы бала-келінім Бауыржан мен Гауһар көмектерін аямайды. Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Осыдан артық адам баласына қандай баянды бақыт болуы мүмкін. Әр дақыл, әр өнім – қартым мен баламның маңдай терімен суарған жемісі. Немерелер мен жиендеріміз де қарап отырмайды. Олар да атасынан үлгі алып, еңбекке ерте араласып жүр, адал еңбекке бейімделуде, – дейді Қалима апай.

Осындай жасампаз еңбек және табиғатпен біте қайнасқан өмір салты – бұл әулеттің өмірлік философиясы. Күн сайынғы қарапайым тірлік, бір шаңырақ аясындағы татулық пен ауладағы нәтижелі еңбек – Зәки ағай мен Қалима апайдың үрім-бұтағына қалдырар негізгі өмірлік өнегесі. Иә, бұл – нағыз бақ пен берекенің, ынтымақ пен еңбекқорлықтың үлгісі.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»
