21.09.2021, 9:54
Оқылды: 136

Ардагерлердің алқалы жиыны неге назардан тыс қалды?

Батыс Қазақстан облысы ардагерлері кеңесінің конференциясы өтті. Алдын-ала белгілі болғанындай оған облыстық мекемелер мен ұйымдардан иә, басшылары, болмаса орынбасарлары қатысады деген хабар жеткен. Ардагерлердің республикалық аппаратынан да өкіл қатысуы мүмкін деген. Бірақ олай болмай шықты. Бес жылда бірінші рет өтіп отырған бұл конференцияға аудандардан аудан әкімдері онлайн қатысуы керек еді. Тек Сырым мен Шыңғырлау аудандарының әкімдері ғана қатысты. Конференция өзінің күн тәртібінде үш мәселені сөз етуді мақсат еткен еді. Біріншісінде, ардагерлердің облыстық ұйымының жұмысы және оның алдында тұрған міндеттері туралы болды. Екіншісі, «ҚР-ның Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сиезіне делегат сайлау. Үшіншісінде, түрлі мәселелер мен жұмыстар сөз болды. Алдымен облыстық ұйымның төрағасы болып сайланғанына 6 ай болған Мақсот Берген осы мерзімде атқарылған жұмыстары туралы егжей-тегжей баяндады. Оларды жинаңқырап, етек-жеңін пішіңкіреп айтсақ, мынандай болып шықты. 

3

   Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Берген өзінің баяндамасында былай деді:  

Республикалық «Ар-дагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысының филиалы облыс аумағында құрылған аудандық, қалалық және бастауыш ардагерлер ұйымдары филиалдарын біріктіреді және олардың қызметтерін бағыттайды. Қай-қай жағынан да көмектесіп, қолдап отыруға ұмтылады. Мақсатымыз – облыстағы ардагерлеріміздің, зейнеткерлеріміздің құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету.

Нақты айтсақ, көмекке мұқтаж қарияларға барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдырып, қолымыздан келгенше  жәрдемдесу. Енді міндетімізге келсек, ол да зор. Өйткені қазақтың тарихында қария-лардың алатын орны зор. Қандай жағдай да үлкенді сыйлап, қариясын құрметтеген халықпыз ғой. Сондықтан қазақтың жасы да, жасамысы да әуелі ақсақалдардың ақылына  жүгінген.

«Ардагерлер – алтын діңгегіміз», «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді халық даналығы. Тарихтың көзі, Тәуелсіз еліміздің іргетасын адал еңбекпен қалаған осы отырған ақ сақалды ағаларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз.

«Ардагерлер ұйымы» ең алдымен қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға әркез атсалысып отыруы міндетті.

Ұйым болғандықтан ардагерлеріміздің тұрмыс жағдайына да өзіміз көңіл бөлмесек болмайды. Араларымызда ауыратындары, үйден қарға адым шыға алмайтындары бар. Ешкімі жоқ, балалары теріс айналған жандар да  бар екенін жасыруға болмайды. Олардың тұрмыстық  жағдайына, медициналық көмегіне қарайласуымыз қажет. Күш-қайраты шүкірлеріне уақыттарын мәдени өткізу жолында түрлі шараларға белсенді қатысуын ұйымдастыру – біздің міндетіміз.

Менің облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып осы ұйымды басқарғаныма 6 ай ғана уақыт болды. Ең бірінші, зейнеткерлерге  келіп тұруына мүмкіндік жасап, ардагерлер ұйымын қаланың орталығына көшірдім, бұрын Достық үйінде әдемі ғимаратта болғанымен, оған барудың өзі бір сағаттан артық уақыт алатын. Қазіргі мекенжайымыз Н.Назарбаев көшесі, 184/1-үйде орналасқан. Бұған біздің ардагерлеріміз емін-еркін келіп кете алады. Азғантай уақытта біз көп нәрсе істеп тастадық деу артық болар. Ең бірінші, бізді қолдап отырған облыстың ішкі саясат бөлімі, «Орал өңірі» газетіне рахмет айтқым келеді. Облыстық ардагерлер ұйымының алқа мүшелерін, пленум мүшелерінің көбі жаңадан сайланған, қолдарынан жұмыс келетін  ардагерлер. Былтырғы жылы пандемияға байланысты болмай қалған конференциялар Орал қаласында, Зашаған, Деркөл, Желаев кентінде, облысымыздың барлық аудандарында өтіп, аудандық ардагерлер ұйымының төрағалары қайта сайланады деп жоспарлаған болатынбыз. Бүгінгі таңда Орал қаласында, көптеген аудандарда конференциялар мен пленумдар өтіп ардагерлер ұйымының төрағалары қайта сайланды.

Қазақ облыстық драма театры сахнасында  облыс әкімі Ғ.Есқалиевпен бірге облыстың әйел адамдарын телевидение арқылы құттықтадым, одан кейін әкіммен кездесудің орайы келмей-ақ қойды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыру бойынша жол картасын әзірледі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік мекемесімен бірге жол картасы бойынша қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған 6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы (Орал, Бөрлі, Жалпақтал, Тасқала, Бәйтерек) мониторинг тобының құрамына біздің облыстық ардагерлер ұйымының төралқа мүшелері қатысты.

Облысымызға белгілі ардагерлер: А.Атаев, К.Саржанова, С.Айтқалиев, В.Шарина, Қ.Садықова. М.Усовты мерейтойларымен арнайы барып құттықтадық. Иықтарына шапан, қамзол жауып, түрлі сый-сияпаттарымызды табыстадық. 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде қаладағы ескерткіштерге гүл шоқтарын қойдық.

Осы жылдың 22 шілдесінде  Атоян атындағы стадионда ардагерлерге арналған спорт бөлмесі ашылды. Онда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойын үстелдерімен қатар, газет-журналдар қойылған. Яғни ардагерлерге өзара әңгімелесіп, ақпарат құралдарымен таныса отырып, демалуға барлық жағдай жасалған. Бөлменің ашылу салтанатына облыстық спорт басқармасының бастығы Қаймен Есендияров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін білдіріп, ақ жол тіледі.

29 шілде Мөңкеұлы саябағында, 2 тамызда 6-шы шағынауданында, 4 тамызда  Қадыр Мырза Әлі алаңында БҚО ардагерлер кеңесі мен «Интеграл» ЖҚБ, облыстық спорт комитеті және облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен денсаулық фестивалі оздырылды. Асық ату, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында жарыс оздырылып, соңында тыныс алу жаттығулары жасалды. Орал қаласында 10 аулада «Аула фит» алаңдары және Ақсай қаласында 1 аулада алаң ашылып, спорттық шаралар өткізілді.

24-25 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының, Батыс Қазақстан облысының ардагерлер кеңесінің және «Интеграл» Жастар Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған зейнет жасындағы ардагерлер арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және волейболдан алғашқы рет облыстық спартакиада өткізілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен медальдар, дипломдар табысталды. Ақсақал ойыншыға шапан жабылып, үздік ойыншы бағалы сыйлықпен марапатталды. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жеңімпаздарына 20 мыңнан ақшалай сыйлық, диплом мен медальдар  табысталды.

Алдағы уақытта көптеген жоспарларды іске асыру мақсаты тұр, аяқты тұсаулап тұрған эпидемиялық жағдай ғана. Біздің 2021-2022 жылғы жұмыс жоспарларымызға енген кейбір шаралар – барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының жұмысын зерттеу, жандандыру; «Ардагерлер туралы» заң жобасына ұсыныс пікірлерді Республикалық Орталық Кеңес бірлестігіне жеткізу; Облыс бойынша ардагерлердің әлеуметтік жағдайына мониторинг жасау. Мерекелік іс-шаралардың орындалуын бақылауға алу, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдармен байланысты күшейту; Ардагерлердің қоғамдық көпшілік жұмыстарына белсенділігін арттыру (мәдени, спорттық т.б. шаралар); Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді дәріптейтін шараларды ұйымдастыру, насихаттау; Үкіметтік емес, жастар ұйымдары мен бірлескен шаралар ұйымдастыру, олардың тәрбиелік маңызына көңіл бөлу; Бөкен бидің 250 жылдығына орай бата беруші ардагерлер арасындағы «Батаменен ел көгерер» атты республикалық онлайн байқауының алдында, облыстық ардагерлер арасында «Баталы ел арымас» атты байқау өткізу; Ардагерлер ұйымы жұмысының озық тәжірибелерін насихаттау мақсатында екі ауданда семинар өткізу; Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жылдың аяғына дейін шахматтан, үстел теннисінен, волейболдан, тоғызқұмалақтан, дойбыдан, бильярдтан облыстық турнир өткізу. Ән фестивалін  өткізу.

Мен жоғарыдағы сөзімде айттым, осы жұмысқа 6 ай бұрын сайланғанымда маған орынжаймен, қызметтік көлік шопырымен, басқа да жұмысқа қажетті телефон, ғаламтор, компьютер, қаржы т.б. мәселелер толығымен шешіледі делінген еді. Жарты жыл өтті, біреуі де шешілген жоқ. Орынжайды өзім аяқтай жүріп таптым. Оның жалдау құнын өзім төлеудемін. Жоғарыда айтқан шараларды атқаруға 1,5 млн теңгедей өз қаражатымды жұмсадым. Көлік болмағандықтан, үш ауданда өткізген конференцияларға такси жалдап баруыма тура келді. Бұлай жалғаса берсе, әрі қарай менің мүмкіндігім жетпейді. Осыны ескеріңіздер, - деп облыстық ұйымның төрағасы  баяндамасын  аяқтады.

*  *  *

Конференцияда Жәнібек ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Әліпқалиев, Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары О.Исаева, ардагер журналист Т.Әліпқалиев, қалалық ардагерлер ұйымынан С.Мусина сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Ардагерлердің республикалық сьезіне  облыстық ардагерлер ұйымынан Ә.Ғаббас, М.Әнесов, М.Халықұлы, Ж.Балықов, С.Мусина сайланды.

 

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале