22.04.2025, 11:00
Оқылды: 255

Ардагерлерге құрмет

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында облыстық  ардагерлер  кеңесінің  пленумдық  отырысы  өтті.  Жиын  барысында  былтыр  атқарылған  қызметтік  есеп  тыңдалып,  осы  жылдың  жұмыс  жоспары  баян  етілді.  Сондай-ақ  Астана  қаласында  өткен  «Ардагерлер  ұйымы»  республикалық  қоғамдық  бірлестігі  орталық  кеңесінің  ІІІ  пленумында  қозғалған  келелі  мәселелер  айтылды.

DSC08301 — копия

Алқалы басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев ардагерлер кеңесінің жүйелі жұмыстарына тоқталып, облыс әкімдігі тың жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев ардагерлер ұйымының ықпалымен өтетін айтулы іс-шараларға бұрынғыдан екі есе көп қаражат  аударылатынын айтты.

–  Қазақ дәстүрінде жастар қазыналы қарттардың кеңесіне әркез құлақ түрген. Мақсот Қабышұлы жалауын желбіреткен ардагерлер ұйымы өңірдің мәдени әлеуетін әуелетіп, жаңашыл бағыттарға жетелеп келеді. Мәселен, жыл сайын жүзеге асып, қоғам үшін қалыпты үрдіске айналған келелі жиындарға, спорттық спартакиада мен батагөйлер бәйгесіне ақсақалдардың қосқан елеулі үлесі бар. Қазір өңір бойынша зейнет жасындағы азаматтар жүз мыңға жуықтады. Ұлы Отан соғысының тоғыз ардагері тұрады. 2025 жылдың 1 сәуірінде сегіз ардагерге бес миллион теңгеден қаражат беріліп, бөлінген жалпы сома 40 миллион теңгені құрады. Оларға қосымша әлеуметтік көмектер көрсетіп, тұрмыс және денсаулық жағдайларын жіті назарда ұстап отырмыз. Ұлы Отан соғысының бір ардагері қарттар үйінде ғұмыр кешуде. Ол кісінің күтімін, барлық қажеттіліктерін қарттар үйі жасауда. Осы жылы 239 зейнеткер тұрғын үймен қамтылып, атаулы әлеуметтік көмектерге қол жеткізді. «Жеке оңалту» бағдарламасы аясында ерекше топтағы 718 зейнеткерге медициналық жабдықтар мен көмекші құралдар берілді. Оның ішінде тоғызы протездік-ортопедия құралдарымен қамтылса, он тұрғын шипажайға жолдама алды. Ардагерлерді рухани және әлеуметтік бағыттарда қолдау іс-шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді Дархан Қаныбекұлы.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы сөзге өзек еткен ақпаратқа сүйенсек, өңір бойынша ҰОС ардагерлерімен теңестірілген 544 қария бар. Сондай-ақ  ҰОС-ға қатысқан 124 ардагердің жұбайларына, 1967 тыл еңбеккеріне материалдық және әлеуметтік көмектер көрсетілген. Ардагерлерді қолдау үшін республикалық бюджет есебінен төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы бар. Одан бөлек жергілікті өкілетті құрылымдардың шешімдеріне сәйкес атаулы және мереке күндері біржолға қаржылай көмектер ұсынылуда. «Белсенді ұзақ өмір» жоспарына сәйкес Орал қаласы мен Бөрлі ауданында екі бірдей орталық ашылған. Бұл орталықтар егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғам өміріне бейімделуге көмектеседі. Қазір аталмыш екі орталық 234  азаматты қабылдап, қызмет көрсетуде. Келер күндері «Белсенді ұзақ өмір» жоспары аясында өзге аудандарда орталықтар ашылып, жұмысын бастайды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев өмірден өткен ардагерлерді еске алу іс-шараларын қолға алып, олардың есімдері мен өмір жолын жас ұрпаққа, болашақ буынға насихаттау  керек  екенін  алға  тартты.

– 2 мамыр күні шаһарға Астана қаласынан ұлттық кино орталығы келеді. Кино саласына қатысты дайындаған жобамызға орай Жастар мәдениет сарайында 15-ке  жуық туынды көрсетіледі. Соғыстың сұрапыл жылдарындағы қиындықтарды жастарға насихаттап, оқ пен от кешкен майдангер аталарымыздың беделін одан әрмен арттырамыз. Өңірге белгілі өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың соғыс жылдарындағы оқиғалар мен ардагерлер туралы жиған дерегі мол. Соңғы жылда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 40-қа жуық батысқазақстандықтың есімін мұрағаттан тауып, жарыққа шығарды. Үлкен ізденістің нәтижесінде келген бұл елеулі дүниесін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қайта толықтырып, жинақ ретінде шығару ойда бар, – деді ол.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері өткен жылы өңірдегі оқу ордаларында білім алатын 600-ге жуық студентпен бірнеше кездесу ұйымдастырған. Бұл іс-шараларда есірткі тауарларынан жастарды арашалау, құмар ойындарына тосқауыл болу сынды қоғамды толқытқан мәселелер қозғалып, арнайы сала мамандары кеңестерін айтқан. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жастармен танымдық кездесулер өз жалғасын тауып, әскери бөлімдерде, мәдениет үйлерінде, білім ошақтарында жалғасатынын айтты. Отырыс соңында өңірдің дамуына үлес қосып, елге елеулі еңбегімен танылған ардагерлерге Батыс Қазақстан облысының «Құрметті ардагері» төсбелгілері  табысталды.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале