30.09.2025, 17:00
Оқылды: 138

Ардақты ана, аяулы ұстаз еді...

Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған аяулы жандардың бірі Мәдина Ерменқызы Сидағалиева еді.

WhatsApp Image 2025-09-18 at 12.06.10 (4)

Ол 1920 жылы Чапаев ауданына қарасты Алғабас ауылында өмірге келді. Жастайынан зерек, алғыр қыз білімге ерекше құштар болып өсті. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде де мойымаған Мәдина апамыз 1950 жылы Орал қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алады. Бұл сол уақыттағы ауыл қызы  үшін үлкен  жетістік  еді.

Мәдина апай еңбек жолын 1954 жылы Шағатай ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептен бастайды. Мұғалімдік жолға түскен Мәдина Ерменқызы шәкірт жүрегіне жол таба білетін, өз ісіне шексіз берілген ұстаз ретінде танылады. Оның әр сабағы – терең мазмұнға, шынайы жанашырлыққа толы еді. Ол әр оқушысының болашағына алаңдап, оларды білімнің ғана емес, адамгершіліктің де биік шыңына жетеледі.

Ұзақ жыл бойы ол білікті әріптестері А. Ахметова, М. Қойбағарова, З. Елушова сынды ұстаздармен иық тірестіре еңбек етті. Бұл ұстаздар ұжымы мектептің мерейін арттырып, ауыл балаларына сапалы білім беру ісінде  зор  табысқа жетті.

Мәдина Ерменқызы 1953 жылы Шағатай ауылының азаматы, қан майданнан Жеңіспен оралған ержүрек сардар, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің, сондай-ақ бірнеше әскери медальдің иегері Опа Байтілесовпен отбасын құрады. Тату-тәтті шаңырақта екі ұл, төрт қыз өсіп-жетілді. Балаларының бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Олардың бірі инженер, бірі есепші, бірі мұғалім болып, ата-ана үмітін ақтады. Үлкен қызы Райса ғылым кандидаты атанса, ұлдарының бірі – Ерболат ветеринария ғылымдарының докторы, профессор болып, ел ғылымы мен Қазақстан экономикасының негізгі саласының бірі – мал шаруашылығының жүйелі дамуына өз  үлесін  қосып  жүр.

35 жылға жуық ұстаздық еңбек жолында Мәдина Ерменқызы талай шәкірттің жүрегінен орын алды. Солардың қатарында бүгінде ел-жұртқа сыйлы Нәбиша Айбекова, Фарида Тоқжанова сынды шәкірттері бар. Олар өздерінің ұстаздарын ерекше ықыласпен еске алып, әрдайым мақтанышпен айтып отырады. Сонымен қатар Мәдина апай Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі Айжан Сатаева жас маман болып мұғалімдік жолын бастағанда, оған тәлімгер ретінде  бағыт-бағдар  көрсетті.

1988 жылы 20 тамызда Мәдина Ерменқызы 67 жасында өмірден өтті. Алайда оның соңында өнегелі ұрпағы, әрдайым ұстазын ризашылықпен еске алар  шәкірттері қалды. Ауылдастары Мәдина апайды әр кез шуақты естеліктерімен еске алады. Ол – өз дәуірінің үлгі боларлық ұстазы ғана емес, алтын жүректі ана, адал жар, ауылдастарына үлгі бола білген жан. Ардақты ұстаздың өмір жолы – бүгінгі жас мұғалімдер мен ұрпаққа үлгі.

Гүлжан Ғалым,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале