Қазақстандық Ариана Гогулина Үндістанның Гургаон қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors World Tennis Tour сериясында өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Фото: ktf.kz
Муккам Ерматов баптайтын 14 жасар қазақстандық спортшы Үндістанда теңдессіз өнер көрсетті.
Астанадағы ұлттық теннис орталығының түлегі жекелей сында финалда үндістандық спортшыны ұтты. Бірінші партия 6:2 есебімен аяқталса, екіншісінде қарсыласы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Гогулина финалға дейін 7 ойында жергілікті теннисшілерді, соның ішінде доданың бірінші ракеткасын тізе бүктірді. Жұптық сында соңғы бәсекеде тек қазақстандық теннисшілер бас жүлдені сарапқа салды. Ариана Альбина Кәкеновамен бірге Сәтима Төреген - Анастасия Крымковадан айласын асырды – 6:1, 6:2.
Осылайша, Ариана ITF Juniors жарысында алғашқы қос табысына қол жеткізді.