9.04.2024, 12:31
Оқылды: 55

Арнаулы әлеуметтік төлем алдыңыз ба?

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайы зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары арттырылады. Оларға 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 21 желтоқсандағы  №49-VIII заңына сәйкес енгізілді.

ақша

Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабына сәйкес арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары бар. Ол үшіназаматтың 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) болуы керек.

Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше бөліктен (компоненттен) тұрады және төрт қаражат көзінен төленеді. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен екі ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен беріледі. Бұдан басқа жұмыскерлердің БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға құқығы бар.

Ал азаматтар 55-те болса және бұл жастан асса, МКЗЖ-лары 7 жыл және одан артық аударылса, бірақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істемесе, арнаулы әлеуметтік төлем екі қаражат көзінен аударылады. Республикалық бюджеттен екі ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы және БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді. Сонымен қатар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескеріп, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.

Елімізде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесі бекітілген. Олардың  2 мыңнан астам позициясы бар.

Жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері осы тізбеге енгізілген жұмысшыларға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде таукен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде және басқа жұмыста істейтін қазақстандықтарға беріледі.

Бұл төлем зейнеткерлік жасқа дейін беріледі. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін жұмысшы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысады. Сол кезде оған жалақы мен арнайы төлем аударылады. Немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік  төлемдер алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша төлем алушылардың саны жыл сайын ұлғаяды. Мысалы, 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмысшы, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмысшы арнаулы әлеуметтік төлем алуға үміткер бола алады.

Алдын ала деректерге сәйкес, биыл арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмысшы үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты есептеледі. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы 519 мың теңгені құрамақ.

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлемдердің (АӘТ) мөлшерін қалай есептеу керек? HR Enbek еңбек ресурстары порталындағы жеке кабинетте мұндай жұмыстарда істейтін адамдарға төлемдердің алдын ала мөлшерін есептейтін калькулятор бар. Оны қолдану үшін пайдаланушы-жұмысшы электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен верификациядан өтеді. Жеке кабинетте тексеруден өткеннен кейін, «Профиль» бөліміндегі «Қызметкердің деректері» қосымша бетінде төлемнің алдын ала мөлшерін  есептейді.

Бұл ретте есептеуді үш белгі бойынша жүргізуге болады. Олар – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемсіз, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) жинақтау есебінен төлеу және БЖЗҚ-дан МКЗЖ және міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) жинақтау есебінен төлеу. Алдын ала есептеулердің кез келген түрі бірнеше деректі қамтиды. Олар – жұмыс берушінің айларда аударған МКЗЖ саны, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері, өмірді сақтандыру компаниясының және жұмыс берушінің төлемі. Сонымен қатар МКЗЖ, МЗЖ және МКЗЖ жинақтау есебінен БЖЗҚ-дан төлем алынуы мүмкін.

 

Жеңіс Беріков,

еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің

БҚО-дағы департаменті басшысының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале