15.02.2021, 16:13
Оқылды: 162

Архившілер пікір алмасты

Жақында «Қазақстан және Ресей архив  қызметтерінің әрекеттестігі: түрлері,  бағыты, келешегі» атты онлайн форматта  халықаралық дөңгелек үстел өтті.

6F1084BD-C5CF-403E-AC0D-7CE2DDE45F5F

Аталмыш іс-шара Орынбор облысының архив істері бойынша комитеті, Орынбор мемлекеттік университетінің жанындағы Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясының ғылыми-зерттеу институты және «Еуразия халықтарының достастығы» АКҰ-ның ұйымдастыруымен өтті.

Оған Ресейдің Мәскеу, Орынбор қалалары және Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай қалаларының  басшылары мен ғалымдар қатысты.

Жиында «Еуразия халықтарының достастығы» АКҰ-ның төрағасы, профессор, тарих ғылымдарының докторы  Веналий Амелин кіріспе сөзбен ашты. Ол Қазақстан мен Ресейдің архивтерінде екі елдің ғасырларға созылған достығы және мәдени, саяси-экономикалық байланысы  туралы көптеген архив құжатының сақталғанын, сондықтан архивтік қызметте бір-бірмен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігін алға тартты.

ҚР Президент архиві директорының  орынбасары, тарих ғылымдарының докторы  Қайрат Әлімғазинов архивтік құжаттарды жинақ ретінде шығару жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар көршілес екі елдің арасындағы архивтік құжаттармен бөлісу қажетілігінің жоғары екендігін атап өтті. БҚО мемлекеттік архивінің директоры Айжан Сауғабаева облыстық архивтегі қос мемлекет зерттеушілерінің жұмыс тәжірибесі және болашақта бұл қарым-қатынасты жалғастыру жайын баяндап, Ресей архивтеріндегі еліміздің тарихына қатысты құжаттарды алудың жолдарын ұсынды.

Орынбор облысының мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері С. Четвериков Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихын насихаттаудағы Орынбор облыстық архивінің рөлі туралы айтты. Аталмыш архивтің өңіріміздің тарихын зерттеудегі орны бөлек екендігіне, архив салаларының қарым-қатынасы одан әрі нығая беруіне тілектестігін білдірді.

Дөңгелек үстелде, сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай қалалары архив қызметкерлерінің ресейлік әріптестерімен  қарым-қатынастағы мол тәжірибесі және архив құжаттарын алмасу көршілес мемлекеттердің  тарихымен танысып, зерттеу жұмыстарында аса маңызды рөл атқаратындығын  атап  көрсетті.

Өз  тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале