5.10.2023, 10:45
Оқылды: 49

Арзан астық ауылдарға жетпей жатыр

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағаларын тежеу бойынша қабылданған шаралар және ауылдық жерлердегі сапалы интернет, ұялы байланысты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

жп нан

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың баяндауынша, жыл басынан бері өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,6%-ға өсті. Өткен аптада облыс бойынша бағаның жалпы өсімі байқалмады.

 «Осы аптада тауық жұмыртқасының бағасы 2,3%-ға өсіп, сәбіз бағасы – 3,5%-ға, пияз бағасы 4,7%-ға төмендеді. Жыл басынан бері қырыққабаттың бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ол 44%-ға, күріш 28,7%-ға, сәбіз 27%-ға, сүзбе 26,7%-ға және май 25,4%-ға жетті. Жыл басынан бері қарақұмық жармасы 43%-ға, жұмыртқа 19,8%-ға, картоп 15,5%-ға, күнбағыс майы 11,3%-ға, қант 11%-ға және тауық еті 5,9%-ға арзандады», – деді Н. Өтепбаев.

Облыс басшысы баяндамашыдан ауыл-аудандарда делдалдарды жою бағытында қандай нақты жұмыстар атқарылғанын сұрады.

«Облыста тұрақтандыру қорынан, жергілікті жеткізушілерден күріш, макарон, көкөністі тікелей жеткізу жолға қойылған. Әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорациядан бағасы арзандатылған тауарларды алуға операторлар бекітілді. Мұны аудандағылар біледі»,  – деді Н. Өтепбаев.

Бірінші сұрыпты астықтың жайын сұраған әкімнің сауалына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин жауап берді. «Қазір элеваторларда астықты 180 теңгеден жібереді, базардағы баға  – 220-240 теңге, 90 теңгеден нан сатуға берілетін астық бар,  оның шамасы – 11 мың тонна, соның 42%-ы аудандардағы наубайханаларға таратылды. Қорда әлі 7,6 мың тонна астық сақтаулы тұр», –  деді ол.

 «Барлық ауданда нан пісіретін орындар бар ма?» – деген сауалға басқарма басшысы астықпен тек аудан орталықтары, қала қамтылатынын, округтерде шағын наубайханалар жоқ екенін айтты.

Наубайханасы жоқ округтерге астық түрінде тарату жөнінде министрлікке ұсыныстар жолданғанымен, нәтиже жоқ. Бүгінде 33 наубайхана қордан астық алады.

 «Өңірде 300-дің үстінде ауыл болса, соның 33-і ғана арзан астықпен қамтылса, бұл – өте аз көрсеткіш», – деді Нариман Төреғалиұлы.

Жиында аудандағылардың әлеуметтік нан пісіруге 1-сұрыпты астықты сатып алуға құштар еместігі айтылды. Наубайхана иелері 90 теңгеден нан пісіріп сатуды тиімсіз санайды десті кей ауданның әкімдері де ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының сөзін құптап. Бұл жағдай көршілес облыстарда қалай шешілгені туралы сұралғанымен, оған тиісті құрылымдардың басшылары нақты жауап бере алмады. Сонымен қатар Ақтау, Атырау жағында ауыл шаруашылығы тауарларының бағалары біздегі бағалардан төмендігі де сөз болды. Бірақ олардың бағаны қалай бұғалықтап отырғаны әлі зерттелмеген. «Екі облыс біздің тауар өндірушілермен байланыс орнатқан. Бізде көкөніс сақтайтын қоймалар жоқ», – деген Н. Өтепбаевтың сөзі көңілден шықпады. Расында, біздің өңірден өнім тасып, пәленбай шақырым жол жүріп шығынданатын қос өңірдің кәсіпкерлері бағаны қалай ұстап отырғандары белгісіз. Облыс әкімі осы жағын зерттеуді тапсырды. «Осы тақырыпты екінші мәрте жиналып, талқылап отырмыз, нәтиже жоқ», – деп қынжылды облыс әкімі.

«Тұрақтандыру қоры бір келі 1-сұрыпты астықты  135 теңгеден жібереді. Одан пісірген нанды 90 теңгеден сату  керек. Жоқ дегенде нан 120-130 теңгеге шығады. Жалақы төлемі, басқа да шығындары бар, сондықтан қордан астық алған  тиімсіз», – деді   Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов. Ал Жәнібек ауданындағы  8 наубайхананың екеуі тұрақтандыру қорынан астық алып, әлеуметтік нан пісіріп, халыққа ұсынуда.  Жыл басынан бері 36,5 тонна астық алынған. Нанды 100 теңгеден сатуда. «Астық алып отырғандар  – үлкен супермаркет иелері», – деген аудан әкімі Тимур Шыниязов олардың қаражат айналымдары сондай мүмкіндік беретінін алға тартты.

Облыс басшысы супермаркеттері бар аудандардың әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына осындай ірі сауда орталықтарының иелеріне түсіндіріп, тұрғындарды арзан нанмен қамту жұмысын жолға қоюды тапсырды. Әйтпесе, халықты әлеуметтік нанмен қамту жағы ақсап тұр.

Жиында БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова  сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін белгілеу жайына апта сайын жүргізілетін мониторинг қорытындыларымен таныстырды. Сауда желілерімен, көтерме компаниялармен осы мәселе бойынша өзара іс-қимыл пысықталған. Бірақ соған қарамастан кейбір шағын бизнес субъектілері шекті сауда үстемесін 15%-дан аспайтын мөлшерде сақтау талабын ескермейді. Осыған байланысты департамент мамандары мониторинг барысында кәсіпкерлік субъектілеріне жадынама түрінде ақпараттық материал таратты. Департамент қызметкерлері азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 18-29 қыркүйек аралығында Бөрлі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарының 35 сауда нысанын аралады. Дүкендерде кейбір тауар бағасы көрсетілмеген, кей азық-түлік түрлері шекті бағадан асып кеткен фактілер анықталды.

Биылғы жылдың өткен мерзімінде кәсіпкерлік субъектілерінің сауда үстемесін белгілеуде заңнама талаптарын сақтауына қатысты  жоспардан тыс 12 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 7 субъект ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 6 жағдайда ескерту жасалып, бір факт бойынша «Арыстанова Р.С.» ЖК-ға («Перизат» дүкені)  34 500 теңге айыппұл салынған. Аталмыш кодекстің 802-бабының тәртібімен 3 шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, сатушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыс әкімі департамент басшысынан өңірдегі 2298 дүкен, 99 супермаркеттің барлығына мониторинг жүргізілмейтінін, тек 14 нысанға апта сайын бақылау жүргізілетінін сұрап білді. Бағаны шекті бағадан асырудың заңсыз  екенін көрсетіп, тиісті ақпаратты әлеуметтік желі, ақпараттық құралдар арқылы халыққа, әсіресе, ауыл тұрғындарына жеткізуді тапсырды.

«Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес осындай 19 тауар түріне сауда орындары 15 пайыздан артық үстеме қоса алмайды. Мұндай талаптың сақталмағанын көрсеңіздер, департаментке хабарласыңыздар деп неге ақпарат таратпайсыздар? Осылай болса, тұрғындардың өздері хабарласып, СМС хабарлама жібереді. Сауда нысандарын түгел қамтуға күштеріңіз жетпейді», – деген әкім сөзін департамент басшысы құптады.

Өңір басшысы аталмыш департамент басшысына қоғамдық даму басқармасымен, «AMANAT» партиясының БҚО филиалы жанындағы қоғамдық бақылаумен бірге халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді тапсырды. Осы жұмыстың жүргізілуін облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов бақылап отырады.

Жиында «Aqjaıyq» ӘКК АҚ-ның тұрақтандыру қоры бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бағытында атқарған жұмыстары туралы ақпарат тыңдалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру аясында 2021-2022 жылы жергілікті бюджеттен ӘКК-ге айналым схемасымен 2 762 млн теңге, 2022-2023 жылы жергілікті бюджеттен форвардтық сатып алуға 2,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта 2 млрд теңгенің 10 362 тонна азық-түлік тауары сақтаулы.

Кеңеске қатысушылар цифрлық технологиялар басқармасының цифрлық теңсіздікті жою, интернетке қол жеткізу мәселесі бойынша атқарған жұмысымен танысты.

Басқарма басшысы Нұрсұлтан Нұрланның баяндауынша, цифрлық даму министрлігімен бірлесіп Орал қаласын және ауылдарды байланыспен және интернет желісімен қамту туралы Жол картасы бекітілген. Аталған жол картасы аясында нақты көрсетілген мерзімдерге сәйкес байланыс операторлары интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізуде. 2023 жылы Орал қаласы және 87 ауылды мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланған. Қазіргі таңда 60 елді мекенде, оның ішінде 21-не жаңа базалық станса, 16 ауылда 4G стандартын қосу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 27 елді мекенде мобильді байланыс сапасы жақсарады. Kcell байланыс операторы Орал қаласына 7 дана 5G стандартын қосады. Қазіргі кезде біреуі (Орталық базар ауданы «Форум» сауда үйі) орнатылған. Қалған 6 базалық станса жыл соңына дейін іске қосылады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале