26.09.2023, 10:00
Оқылды: 57

Арзан несие, қауіпті құрылыс, тариф өсіру...

Облыстық кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болған кәсіпкерлер өздерін толғандырған бірқатар мәселені көтерді.

d73c70b2-d72d-4ad0-ab71-0edc40a03461

Қабылдауға келген «Топан» ЖШС-ның директоры Владимир Харчев несиелердің пайыздық мөлшерлемелерінің жоғары  екендігін айтты. Ол басқаратын кәсіпорын Маңғыстау облысында каустикалық сода шығаратын зауыт салуда. Мердігер құрылысты өз қаражатына бастағанымен, жоба инвестицияны қажет етеді. «Біз мұнай-газ саласындағы компаниялармен 5 жылға келісімшарт жасаймыз. Соның негізінде жобалармен жұмыстанамыз. Екінші деңгейдегі банктер несиенің пайыздық мөлшерлемесін жыл сайын өсіреді. Ал тапсырыс берушілердің жоба құнын қайтадан қарамайтыны белгілі. Банктердің мөлшерлемені тө­мен­детуіне ықпал етуіңізді сұраймыз», – деді Владимир Харчев.

Кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Балғын Оразова басым бағыттағы жобалар бизнес жүзеге асырылып жатқан жерде субсидияланатынын түсіндірді. Мәселе Маңғыстау облысындағы құрылысқа қатысты болғандықтан, жобаны субсидиялау түйткілі сол өңірде көтеріліп, шешілуі тиіс.

«Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев облыс басшысына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының әре­кетсіздігіне шағымданды. Кәсіпкер басқарманың  тиісті құжаты жоқ құрылыс меке­месіне көпқабатты үй салуы­на жол бергеніне наразы. «Компанияның үшінші қабаттан жоғары емес үйлер салуға рұқсаты бар. Соған қарамастан санитарлық-қорғау аймағына 9 қабатты үй салды. Мұндай жағдай басқарманың әрекетсіздігінен орын алып отыр», – деді Бақытжан Нұрбаев. Аталмыш басқарманың өкілі рұқсат құжаттарының болмауына байланысты құрылыс ұйымына айыппұл салынғанын, сол кезде құрылыс жұмыстары тоқтап қалғанын түсіндіруге тырысты. Заңбұзушылықтар жойылғаннан кейін ғана құрылыс қайта жалғасқан. Бірақ Б. Нұрбаевтың айтуынша, құрылыс мекемесінің тиісті құжаты жоқ екендігі туралы ақпарат үйдің екі қабаты тұрғызылған кезде уәкілетті құрылымға белгілі болған. Алайда басқармадағылар құрылыс 7-қабатқа жеткенде ғана «оянған». «Сотқа талап-арыз бергенде мердігердің тиісті санатының жоқтығын неге әдейі жасырдыңыздар? Үйді бұздыруға қол жеткізудің орнына жайбарақаттық таныттыңыздар», – деп ренішін жасырмады Бақытжан Аманғалиұлы. Соны­мен қатар кәсіпкер үйдің санитарлық-қорғау аймағына салынуы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төн­діретінін қаперге салды. Облыс әкімі қала әкімі Миржан Сатқановқа түйткілді мәселені мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылығымен, облыстық прокуратурамен бірге талқылап,  шешу бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Өңір басшысының қабылдауына келген «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ның бас директоры Марат Әбдірахманов қоғамдық көлік қызметін көрсететін кәсіпорындардың дер кезінде және толық көлемде субсидияланбайтынын жеткізді. Аутобос паркі екі жылда 30 жаңа және 60 ескі автобус сатып алса, тағы 13 жаңа көлік осы жылдың соңына дейін жеткізіле­ді. Қолданыстағы тариф  бекітілгеннен бергі уақытта жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер бағасы әлденеше рет өсті. Бас директор көлік жүргізушілерінің, кондукторлардың еңбекақысын, салықтық төлемдерін төлеу кәсіпорын міндеті екенін айтты. Жолаушы тасымалдаушы компанияның басшысы алдағы жылдың бюджетін қалыптастыруда  субсидиялау шығынын толық қарастыруды, ай сайынғы субсидияны толық төлеуді сұрады. Кәсіпкер бюджетке түсетін салмақты азайту үшін тарифті 80 теңгеден 120 теңгеге дейін көтеру қажет деп есептейді. М. Әбдірахманов жолақысы бюджет есебінен өтелетін әлеуметтік осал топтар санатының қатарына тағы бірнеше санаттағы азаматтарды қосуды ұсынды.

Қала әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, 2019 жылдан бастап автобус парктерін қолдауға бөлінетін субсидиялардың көлемі айтарлықтай өсті. Алайда жанар-жағармай бағасының жыл сайынғы өсімі, қызметкерлер жалақысын көтеруге байланысты шығындар жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіп­орындарға мемлекеттік қолдауды жете сезіндіре алмайды. Қазіргі кезде қала әкімдігі кәсіпкерлермен жол жүру тарифтерін қайта қарау мәселесін талқылауда. Облыс әкімі «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС басшысының халықтың әлеуметтік осал топтары санаттарының тізбесін кеңейту туралы ұсынысын орынды санап, қала әкімдігіне мәселені қарауды тапсырды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен облыс әкімінің қабылдауына 10 кәсіпкер келді. Мұндай қабылдауға мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысып отыратындықтан, тексеруді қажет етпейтін мәселелер дереу шешімін табады. Өңір басшысы бизнес өкілдерінің тексеруді, зерттеуді қажет ететін кейбір мәселеге қатысты тиісті орындарға нақты орындау мерзімдерін белгілей отырып, тапсырмалар берді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале