Әсіре байлар үстемдігі салдарымен күресеміз. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Дүние жүзін жайлаған індеттің беті қайтпай тұр. Соның салдарынан елдегі іскерлік белсенділік төмендеп кетті. Жыл басында болған оқиғалар ұлттық қауіпсіздігімізге зор қатер төндірді. Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын сақтап қалдық»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Үкіметтің басты міндеті халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу екендігін баса айтты.
«Біз жұрттың бизнеспен айналысуына тең мүмкіндік береміз. Қоғамымызда белең алған сыбайлас жемқорлық пен экономикадағы әсіре байлар үстемдігі салдарымен күресеміз. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз», - деді ҚР Президенті.