13.06.2023, 17:45
Оқылды: 38

Әскери отбасы үздіктер қатарында      

Бүгінде отбасылық құндылықтарды дәріптеп, салихалы ұрпақ тәрбиелеуді, болашақ ұрпаққа үлгі болатындай жарасымды жанұялардың санын арттыруды мақсат еткен  «Мерейлі отбасы - 2023» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті.  12 отбасы бақ сынаған шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Утебаевтар отбасы І орынды иеленіп, облыстық кезеңде өнер көрсетуге жолдама алғанын хабарлаған едік.

PHOTO-2023-06-13-15-23-57

«Отан отбасынан басталады» деген қасиетті ұғым бізді бала кезімізден бауырмалдылыққа, сүйіспеншілікке баулып келеді. Отанға қызмет ету – әр ер азаматтың борышы деген ұғым санамызға құйылғанмен, Отанға отбасы болып қызмет қылуды мақсат еткен абзал жандар да арамызда жоқ емес. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Ғалым және Злиха Утебаевтар.

Утебаевтар жанұясы үйде ғана емес, қызметте де жұптары жазылмайтын жарасымды жұп. Әскери қызметшілердің жұбынан тұратын отбасы басқа жұптарға қарағанда ерекшелеу дермісің. Сырт көзге барлық отбасыға тән дәстүрді ұстанып, қуаныш пен қайғыны бірге көтеріп жүрген қарапайым отбасылардай болып көрінгенімен, бұл отбасыда бір-біріне деген түсіністік, үндестік пен сыйластық басым көрінеді. Себебі әскери қызмет әркім арқалай алатын жүк емес.

        Басты кейіпкеріміз Ғалым Утебаевтың өмірдегі басты екі таңдауда қателеспегеніне өмірлік жолы куә. Бала кезінен әскери қызмет жайында армандаған бала Ғалым әскери формадағы жандарға тамсанып қарайтын. Бұл сала жайында көптеген фильм қарап, кітап оқып, бала кезден Отан қорғайтын сардар боламын деп армандаған.

1995 жылы орта мектепті аяқтаған соң ата-анасына көмектесу мақсатында екі жылдай слесарь көмекшісі болып қызмет атқарады. Әскери қызметші боламын деген бала күнгі арманы Ғалымға үлкен серпіліс береді. Себебі әскери қызметшілер – атажұртымызды қорғау жолында жанын қиюға әзір хас батырлар. Олар – батырлық пен батылдықтың, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі. Қызметті өмірінің мәніне айналдырған кейіпкеріміз 1997 жылы ҚР ҰҚК Әскери институтына оқуға түсіп, 2001 жылы қолдағы дипломымен әскери қызметін атқару үшін Қаракемір қаласындағы 6654 әскери бөліміне жіберіледі. Қызмет барысында 6654 әскери бөлімшесінің взвод командирінен бастап, әскери бөлімнің оқу-жаттығу ротасының командиріне дейінгі әртүрлі лауазымдарды атқарып, өзін тек жақсы жақтарынан көрсете білді. Сонымен қатар орындаушылық қасиетімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Ғалым маман ретінде сабақтарды өткізуге үлкен жауапкершілікпен қарап, өзінің кәсібилігін арттыру мақсатында үнемі тынымсыз жұмыс үстінде жүреді. Сыпайылығымен, адамгершілігімен ортасына сыйлы және өзіне сеніп тапсырылған бөлімшенің қажеттіліктерін зерттеп, қол астындағыларға аса қамқорлық танытады. Осының арқасында бөлімше үйлесімділікке толы әріптестерден құралған. Кейіннен 2007 жылы 6654 әскери бөлімі бастығының аға көмекшісі қылып тағайындалса, 2013-2015 жылдары Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің кадрлар бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Полковник  Утебаевтың кәсіби қасиеттерін ескере отыра, әскерлер қолбасшылығы оны 2015 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Батыс өңірлік қолбасшылығының  кадр бөлімінің бастығы етіп жоғарғы лауазымға тағайындайды. Ғалым Көбенұлы қазіргі таңға дейін аталмыш қызметті үлкен сеніммен атқарып келеді.

         26 жыл бойы Отанға адалдықпен қызмет атқарып келе жатқан азамат ата-анасына берген білім мен тәрбиесі үшін алғыс айтудан шаршаған емес. Ол ата-анасынан мейірімділік, жауапкершілік, адамгершілік және адалдық сынды қасиеттерді бойға сіңіргенін және екі бауырына үлгі болуға тырысып баққанын айтады. Көбен ағай мен Сәлима апаның балалары бүгінде әскери қызметті өмірлік жол етіп, болашақ ұрпаққа үлгі болатындай өнегелі жанұя құрып отыр. Әр отағасы отбасын қорғау үшін жан беруге әзір-ақ. Соның ішінде Ғалым Утебаев отбасын қорғау Отанын қорғаудан бастау алатынын біледі және үлкен адалдықпен қызмет етеді.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы - 2023» байқауы облыс деңгейінде жалғасады. Оған қалалық кезеңнен бас жүлде және І орынды қанжығалаған отбасылар қатыспақ. Ал үздіктердің үздігі республикалық кезеңде өнер көрсетеді.

 

 

Лекерова Айбарша,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале