Қазақ халқының тарихына көз салсақ қашанда әйелдер қауымы ерлермен бірге иық тіресіп, ел басына күн туғанда қолына қару алып, елі мен жерін жаудан қорғаған. Осы сөзімізге дәлел ретінде мақтан етіп айтатындай ақ жаулықты аналарымыз да, апаларымыз да жетерлік. Сол батыр аналардың ізімен жүріп үй шаруасымен қатар иығына погон тағып, әскери салада түрлі қызметтерді атқарып жүрген қаракөздердің саны жыл санап артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскер қатарындағы әскери қызметшілердің он пайызын әйелдер қауымы құрайды екен. Олар әрине күнделікті қолына қару алып түзеу мекемесін күзетіп, көшедегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шықпағанымен қаржы басқармасында, кадрлар бөлімшесінде, медицина қызметінде, құпия бөлімшесінде өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр.
15 қараша – Ұлттық валюта қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай, осы салада қызмет атқарып жүрген қаракөз апа-қарындастарымызбен әңгімелескен болатынбыз.
Солардың бірі Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қаржы басқармасының басшысы майор Сатаева Айсұлу Маратқызы.
Айсұлу Маратқызы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскер қатарына 18 жыл ғұмырын арнап келеді. Өзінің әскери қызмет жолын Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөлімінен бастаған. Уақыт өте келе Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің қаржы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалып, қарулас достары мен әріптестерінің құрметіне бөленіп 2022 жылдың мамыр айынан бері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қаржы басқармасының бастығы қызметін атқарып келеді.
- Әскери өмірге бейімделу мен үшін қатты қиын болмады. Өзім қалаған мамандық болғандықтан тез үйреніп кеттім. Әскери сала мамандығы әйел адамға оңай емес. Себебі әскери өмір физикалық күшті талап ететін мамандықтардың бірі. Бірақ та жоғарыда айтқанымдай мен әскери өмірге тез бейімделіп кеттім. Міне бүгінде әне-міне дегенше әскери қызметтегі он сегіз жылым зулап өте шықты,- дейді Айсұлу Маратқызы.
Гаухар Оракова: Біз отбасымызбен әскери қызметшіміз
Гаухар Оракова, Ұлттық ұланның Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің қаржы қызметі бастығының көмекшісі лауазымында қызмет атқарады. Әскери атағы «кіші сержант». Әскери салада қызмет атқарып келе жатқанына 13 жыл. Гаухар Нұржанқызының жолдасы да Ұлттық ұлан әскерінің сардары. Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келеді. Әскери атағы «полковник».
- Міне әскери салада қызмет атқарып жүргеніме он үш жылдай уақыт болыпты. Әскери салаға келуіме себепкер ол әрине өмірлік жолдасым полковник Мирас Турдалин. Өзім Ақтөбе қаласының тумасымын. 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмәмдадым. Қаржы саласы бойынша көптеген мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып 2011 жылы өз өмір жолымды әскери саламен байланыстырдым, - дейде кіші сержант Гаухар Оракова.
Ақжарқын Қабекенова: Болашақта офицер болуды армандаймын.
Ақжарқын, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы Тасқала ауданы Ақтау ауылының тумасы. 2007-2010 жылдар аралығында Орал қаласындағы Қазақстан инновациалық-технологиялық университетінде қаржы есепші маманы бойынша білім алған. Әскери қызметке дейін бірнеше кәсіпорында өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, 2020 жылы әскери салаға бет бұрып, бүгінде Ұлттық ұлан әскер қатарында қызмет атқарып келеді.
- Әскери қызметке 2020 жылдың күзінде келдім. Қызметім қаржы саласы. Әскери салада әйелдерге қиын деп айтып жатады. Оның бәрі адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Мұндағы негізгі жұмысымыз әскер бюджетін жоспарлау, жалақы мен жәрдемақы төлемдерін жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу секілді түрлі төлемдерді жүзеге асыру. Әскери салада өзіңнің негізгі міндетіңмен қоса саптық, атыс өнер дайындығы және жауынгерлік әзірлік іс-әрекеттерінде бірге алып жүруге міндеттісің. Бұл салаға алдыма үлкен мақсат қойып келдім. Алдағы уақытта офицер болуды армандаймын, - дейді ол.
Біз де өз кезегімізде Ұлттық ұлан әскер қатарында қаржы саласында қызмет атқарып жүрген әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Баршаларына тұрақтылық пен табыс, дендеріне саулық отбасыларына береке-бірлік тілейміз. 15 қараша – Ұлттық валюта қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын!
Материалды дайындаған майор Ертуған Әубакір