Жеңістің 72 жылдығы мен ҚР Қарулы Күштері құрылғанына 25 жыл толуына орай П. Атоян атындағы стадионда әскери-спорттық мереке ұйымдастырылды.
Шара барысында аға сержант М. Нұрқанов мерекелік шараға қатысушыларды сапқа тұрғызып, тәртіп бойынша Орал қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Марат Есеновке баяндама жасады. Әскери-спорттық мерекенің ашылу салтанатында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, БҚО «Ауғанстан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Пимонов сөз сөйлеп, жастарға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Осы орайда мектептен тыс жұмыс орталығының тәрбиеленушілері патриоттық әндерді орындап, қазақ биін мың бұрала билеп шараның шырайын кіргізді.
Шара соңында мектеп оқушылары салтанатты шеруде жүріп өтті.
-Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылып отырған шараға мыңға жуық мектеп оқушысы қатысып отыр. Бұған дейін де мектеп оқушылары белсенді қатысып, өнерлерін ортаға салып келеді. Жоғарғы сынып оқушыларының алғашқы әскери дайындық сабағын қаншалықты меңгергендерін бүгінгі шарада байқап отырмыз. Еліміздің Қарулы Күштері мығым болуы үшін жастарымызды осындай кезден патриоттық тәрбиеге баулуға күш салуымыз қажет. Аталмыш шараға қатысқан жас шерушілер лайықты өнер көрсетті, -дейді Орал қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Марат Есенов.
- Бұндай шараға осымен үшінші рет қатысып отырмын. Отанымызды сүюге тәрбиелейтін шараға қатысқаныма қуаныштымын. Болашақта шекара қызметіне оқуға түсіп, өз елімнің азаматы ретінде үлесімді қоссам, - дейді №33 ЖББОМ оқушысы Нұржол Рахметов.
Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ
zhaikpress.kz