22.07.2025, 16:45
Оқылды: 118

Аспан астындағы галерея

Ынтызар қылған қала

Лондон – өткен мен бүгіннің тоғысқан шаһары. Бірнеше ғасыр бұрын салынған көне ғимараттар мен жарқыраған жаңа нысандар қатар тұр. Алайда ескі ғимараттар мен монументтер жаңаларынан гөрі анағұрлым көп. Жалпы, қала өзі тұтастай ескерткіш секілді. Британиялықтар сан ғасырлық көне нысандарды бұзбай, әрі аздырып-тоздырмай, сол қалпында сақтап келеді. Сондай-ақ туристік аудандарда әр 50 метр сайын ескерткіш бар. Ағылшындар Лондон көшелерін өз тарихының галереясына айналдырғандай. Әр монументтің түбіндегі тақтайшада бұл тұлғаның елге қандай еңбек сіңіргені жөнінде мәлімет жазылған. Мемлекетке өзгелерден айрықша қызмет еткен қайраткерлердің мүсіні де ерекшеленіп тұрады. Мысалы, Черчильдің ескерткіші орталықтағы қос көшенің қиылысқан тұсында. Ал Трафальгар шайқасында француздарды күйрете жеңген адмирал Нельсонның ескерткіші Трафальгар алаңында 46 метрлік биік монумент-тұғырда тұр. Ыстамбұлды «Мың мешіттің қаласы» десе, ал Лондонда шіркеу өте көп екен. Шаһар көшелерінде келе жатып, христиан ғибадатханаларын жиі көресің.

Тауэр көпірі

Өзім оқитын Абердин қаласына Лондон арқылы екі рет ұштым. Біріншісі, 2024 жылдың қыркүйек айында Ұлыбританияға алғаш келгенде, ал екіншісі,  жаңа жылдық демалыста елге барып, 2025 жылы қаңтардың басында қайтып келгенде. Екеуінде де Англия астанасын араламай кеткен болатынмын. Бірақ ұшақпен қалаға қонарда және бір әуежайдан екінші әуежайға пойызбен барғанда, жұлдыздарды жерге шашып жібергендей әсер қалдыратын түнгі қала оттарына қызыға, ынтызарлана қарағаным есімде. Іштей «Л-О-Н-Д-О-О-ОН!!!»  деп күбірлеп, таңғалу мен сүйсінуден жүрегім қатты дүрсілдеген еді. Өзім осынша ынтыққан шаһарға наурыз айының соңы мен сәуір айының басында бір аптаға барып, асықпай араладым. Тарихта жарты әлемді жаулаған империяның кезіндегі орталығы, ал бүгінде жаһандағы ең үлкен, ең сәулетті мега­полистердің бірі бізге ғажап әсер сыйлады. Осы орайда Лондонда 9 миллионға жуық тұрғын, ал айналасындағы елді мекендермен қосқанда, 15 миллиондай халық бар екенін айта кетелік.

Алдын-ала броньдап, жалдаған қонақ­үйге орналасып, тыныққан соң, қаланы аралауға асықтық. Шаһарда қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған. Біз жерасты жолымен қатынауды жөн санадық. Мұндағы метро 1863 жылы 10 қаңтарда ашылған және дүние жүзіндегі ең алғашқы метро саналады. 400 шақырымды, 272 бекетті қамтитын жерасты жолымен тәулігіне 5 миллион, ал жылына  1 миллиард 180 миллионнан астам жолаушы қатынайды екен! Сірә, содан болса керек, бірнеше миллиондаған бұқарасы бар Лондонда айтарлықтай кептеліс жоқ. Метро пойыздарымен емес, аутобоспен жүрсеңіз де, баратын жеріңізге тез жетесіз. Ал такси бағасы тым қымбат. Таксиге бір мінсеңіз, кемінде  40-60 000 теңге төлеуіңіз мүмкін. Сондықтан біз бірыңғай қоғамдық көліктермен жүрдік. Сөйтіп, күніне бірнеше рет қатынап, бір кісінің жол ақысына 6000-10 000 теңге арасында жұмсадық.

Басты туристік нысандар

Ең алдымен, Британияның бойтұмары (символы) әйгілі Биг-Бен сағатын көруге бардық. Метродан шыққанымызда, құмырсқадай құжынаған, ары-бері ағылған, сеңдей соғылысқан қарақұрым жұртты көрдік. Біз ғана емес, мыңдаған өзге турист те бірінші кезекте осында келетіні түсінікті. Мегаполисте ұры көп екенін талай адамнан естігендіктен, жеке заттарымызға аса мұқият болуға тырыстық. Суретке түсірсек, ұялы телефонды жұлып алып кетпесін деп барынша қысып ұстадық. Құжаттарымыз түгел ме деп, қалтамызды жиі-жиі тексеріп жүрдік. Дегенмен мұндай алаңдаулы күй мен сақтық саяхатымыздың шырқын бұза алған жоқ. Құрылысы 1859 жылы аяқталған Биг-Бен суреттен қарағанда шағын көрінгенмен, өз көзіңізбен көрсеңіз, әжептәуір үлкен екен. Биіктігі – 96,3 метр.  Мұнара-сағат – Вестминстер сарайының бір бөлшегі. Бұл нысан XI ғасырда салынған. Шамамен 1200 жылдан бері ағылшын үкіметінің, ал 1707 жылдан бері Ұлыбритания Парламентінің резиденциясы. 1834 жылы басым бөлігі өртеніп кетіп, қайтадан салынған. Яғни қазіргі Вестминстер сарайының құрылысы 1840 жылдардан кейін жүргізілген. Ғимарат ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген.

Вестминстер сарайы және Биг Бен

Ұлыбритания Парламентінің ғимараты тәрізді танымал туристік орындардың бірі – Темза өзенінің үстіндегі Тауэр көпірі (Tower Bridge). Нысан 1894 жылдан бері қолданыста. Бұрын екі бөлігі жоғарыға көтеріліп, ашылатын көпірдің астынан тәулігіне 15-20 кеме жүзіп өткен екен. Ал қазір бұл өткелді кезіндегідей көп ашпайды. Күніне небары 2-3 кеме ғана өтеді. Сонымен қатар жаяуы бар, велосипедпен немесе көлікпен жүретіні бар, жалпы тәулігіне 40 000 адам осы көпір арқылы қаланың екі жағына қатынайды. Яғни әлі күнге дейін стратегиялық маңызы зор.

Лондонға келіп тұрған соң, Британия музейіне соқпай кете алмадық. 1753 жылы негізі қаланған орталық күллі адамзат тарихы, өнері және мәдениетіне арналған. 8 миллион жәдігерді сақтап отырған нысан – дүниедегі ең үлкен музейлердің бірі. Онда ежелгі Мысыр, Рим империясы, көне гректер, Америка, Мексика, Қытай, Үндістан, Корея, Ассирия, этрустар, Судан, Месопотамия, т. б. өлкелер, елдер және халықтардың тарихы және мәдениетімен танысуға мүмкіндік мол. Яғни мыңдаған, жүздеген жыл бұрын жасалған, қолданылған қару-жарақтар, құрал-саймандар, әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер, сауыт пен қалқандар, мүсіндер қойылған. Тіпті қазба жұмыстары кезінде үңгірлерден табылған адам сүйектері мен Мысырдағы мумиялар да көпшілік назарына ұсынылады. Яғни жарты дүниені жаулаған ағылшындар сан ғасыр бойы құнды жәдігерлерді әлемнің әр түкпірінен Англияға таси берген. Экспонаттардың көптігі сонша – қай бөлімге, қай бұрышқа көз тоқтатып, назар аударарыңды білмей, әйтеуір, көзбен асығыс шолып, келесі бөлікке қарай жүре бересің.

Чарльз Диккенстің жазу үстелі

Шетелде жүргенде, қазақтың ұлттық тағамдарын, етті сағынасың. Өйткені мұнда жылқының етін табу қиын. Мұсылман дүкендерінде тек қойдың, сиырдың, тауықтың етін сатады. Сондықтан Лондонда қырғыз және өзбек дәмханаларына барып, Орта Азия тағамдарынан ауыз тидік. Біз барғанда, қырғыз мейрамханасының иесі сонда отыр екен. Танысып, аз-кем тіл қатысудың реті келді.

Оның есімі – Крис. Екі жыл бұрын кофеханада Салтанат есімді қырғыз қызбен танысып, үйленген. Қазір сол кофехананың иесі көрінеді, сонымен қатар біз барған қырғыз дәмханасын ашыпты. Өзінің айтуынша, Қырғызстанда да мейрамханасы бар. Лондондағы нысанда тек қырғызша әндер қосылып тұрады. Қабырғада Қырғызстан туы мен картасы, Алатау суреттері және айыр қалпақ ілініп тұр. «Әкем – ағылшын, шешем – кипрлық грек. Ал мен – қырғызбын», – дейді Крис. Екінші аты Қанат екен. Мейрамханада қазақ елінің де шағын туы тұр. Қазақтың ұлттық тағамдары да ұсынылады. Сондай-ақ фермамен келісіп жатқан көрінеді. «Бір-екі айда сатылымға қымыз шығарып, аулаға сәкілер (тапшан) қоямыз», – деп жоспарын айтты Крис мырза. Ал біз «Ағылшынды қырғыз қылған Салтанат әпкеміз жарап тұр» деп ойладық.

Чарльз Диккенс музейі

Лондон туралы алғаш Чарльз Диккенстің романдарынан оқыдық қой. Ол – XIX ғасырдағы Лондон бейнесі мен тыныс-тіршілігінің суреткері. Сондықтан Диккенс мұражайына да арнайы бардық. 1812 жылы туған жазушы 1835-1837 жылдарда отбасымен осы үйді жалдап тұрған. Нысан 1925 жылы, тура 100 жыл бұрын музейге айналған. Мұнда қаламгер әр жылдарда қолданған жиһаздар, жеке заттары, киімдері, түрлі бұйымдары және оның қолжазбалары мен кітаптары сақталған. ХІХ ғасырда сәнді саналған қалпақты киіп, даңқты қаламгердің жазу үстелінің жанында ырымдап суретке түстік.

Мәдени орталықта 72 жастағы Питер деген атай 10 жылдан астам уақыттан бері ерікті болып жүр екен. «Аптасына 2-3 рет шығамын. Әртүрлі мемлекеттердің азаматтарын кездестірдім. Қазақ елінен келген қонақты бірінші көруім – осы», – дейді. Музей бағасы – ересектерге 12,5 фунт (шамамен 8600 теңге), студенттерге – 10,5 фунт (шамамен 7250 теңге), балаларға – 8,5 фунт (шамамен 5900 теңге). Жоғарыда жазғанымыздай, мәдениет ошағында қаламгердің сан алуан заттары қойылған. Солардың ішінде жазушының болмысын ашатын айрықша жәдігерлерге тоқталмақпын.

Диккенс айнаны жақсы көрген. Жазу бөлмесінде кемі бес айна тұрған. Себебі, романдарын жазу барысында айнаға қарап отырып, өзімен  өзі сөйлесіп, кейіпкерлерінің көңіл күйіне сай бет-әлпетін құбылтып, шығарма қаһармандарының сөзін, образын дәл беруге тырысқан.

Жазушы өте сәнқой болған. Салтанатты кештерге әдемі костюмін киіп барған. Оның заманында таяқпен жүру сән болғандықтан, таяғын да тастамаған. Сондай-ақ ол шабыт іздеп, туындыларын қиялында өрбітіп, Лондон көшелерін күні-түні ұзақ кезген екен. Таяқты бір жағынан, сән үшін ұстаса, екінші жағынан, ұзақ серуен кезінде тірек-таяныш ретінде қолданған. Сәнқой қаламгердің иіссуларының құтылары, тарағы, ұстаралары, т. б. жеке заттары да сақталған. Сонымен қатар ағылшын классигі – прозаны сахналық өнер деңгейіне көтерген тұлға. Сахнада қалың көрерменнің алдында туындыларын мәнерлеп оқып тұрғанда, қолжазбасын қойған, сүйенген үстелін де мұражайдан көре аласыз.

Сөз зергері дін қызметкерлерінің пенделігі мен шіркеу қателіктерін ұдайы сынаған. Бірақ ол діндар адам болған. Балаларға діни тәрбие беруді жөн көрген. Диккенстер отбасының Інжілі де назарға ұсынылады. Мұны қаламгердің анасы Элизабет үйге Чарльздің бала кезінде әкелген екен. Ал Ч. Диккенстің әкесі кішігірім шенеунік болған. Алайда қарызға белшесінен батып, берешегін төлей алмағандар отыратын Маршалси түрмесіне қамалған. Ағылшындар осы абақтыдағы темір тордың бір бөлігін кесіп әкеліп, музейге қойыпты.

Әкесі түрмеге қамалғанда, Чарльз 12 жаста болған. Осы кезден бастап аштық пен жоқшылықты көп көрген. Өз күнін өзі көру үшін түрлі ауыр жұмыстарға жегілген. Қонатын жері болмай, Лондон көшелерін кезіп жүріп, шаһарды бес саусағындай біліп алады. Есейген соң романдарында Лондонда тентіреп жүрген жетімдердің бейнесін шебер беруі де сондықтан. Яғни балалық шағындағы өзінің көргені мен сезінгенін жазған.

Сөз зергерінің «Кішкентай Доррит» шығармасында бас кейіпкер Эмидің әкесі мен аға-әпкесі қарызға батып, төлей алмай, Маршалси түрмесіне түседі. Яки Диккенс әкесінің және өзінің де тағдырындағы кейбір сәттерді осы «Кішкентай Доррит» туындысында суреттейді. Демек Құдай жазушыға ауыр тағдыр мен сынақтарды бала кезінен бұйыртып, сол арқылы болашақ ұлы шығармаларды жазуға дайындаған сыңайлы.

Диккенстің «Оливер Твист» кітабында мынадай эпизод бар: Қарақшы Билл Сайкс Оливердің басына тапанша тақап, қорқытып, желкелеп апарып, бір байдың үйіне ұрлыққа түсуге мәжбүрлейді. Ол жетім баланы терезеден кіргізеді. Мұндай ой жазушыға Лондоннан оңтүстік-шығысқа қарай 20 миль қашықтықтағы үйінде тұрғанда келіпті. Яғни қаламгер өз үйінің терезесіне қарап, Оливерді қылмыскер терезеден ұрлыққа түсуге мәжбүрлейтін көріністі ойлап тапқан. Сөз зергеріне шабыт беріп, ой салған терезе бүгінде мұражайында тұр. Жалпы, ол төңірегіндегі әр детальге ойлы көзбен қарап, туындыларында пайдаланған.

Ағылшын классигі 18 суретшімен тығыз байланыста жұмыс істеген. Олар жазушының хикаяларына арнап, 900-ден астам иллюстрация салып берген. Солардың бірқатарын тамашаладық.

Жалпы, мұражай үй төрт қабатты. Жертөлесінде жуынатын бөлме, шарап сақтайтын қойма, азық-түлік сақтайтын және тамақ пісіретін екі бөлме болған. Бірінші қабатта – тамақ ішетін бөлмелер. Екінші қабатта – жазу бөлмесі және қонақ қабылдайтын зал. Үшінші қабатта – жатын бөлмелері мен гардероб. Төртінші қабатта – үй қызметшілерінің бөлмелері. Музейде әдебиетсүйер қауымға жүз мыңдай жәдігер таныстырылады. Диккенстің үйін аралап жүріп, оның заманына барып келгендей күй кештік және қаламгердің жан дүниесіне үңіліп, болмысын тани түстік.

Британия музейі

Сөзіміздің қорытындысында айтарымыз, бүгінгі Лондон аумағында б. з. д. V мыңжылдықта салынған ағаш нысандардың іргетасы табылған. Демек адам баласы бұл жерді есте жоқ ескі замандардан бері мекендеп келеді. Алайда қаланың негізін Британияны жаулап алған римдіктер шамамен 43 жылы қалап, «Лондиниум» деп атаған. Яки шаһардың тарихы тереңде. Небір аласапыран замандарды, құлдырау мен гүлденуді, өртену мен қайта өрлеуді өткерген қала. Ал қазір Лондон – тарих пен мәдениеттің ошағы әрі заманауи, сәулетті мегаполис. Бұл шаһарға жылына әлемнің әр қиырынан 20-22 миллион турист келіп кететін көрінеді. Биыл бізге де солардың қатарын толықтыру бұйырыпты. Осы ғажап шаһарда өткер-ген күндеріміз өмір-бақи жадымыздан өшпейтіні анық.

 

Алпамыс Файзолла,

Абердин – Лондон – Абердин,

Ұлыбритания  және  Солтүстік 

Ирландия  біріккен  корольдігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале