10.09.2021, 10:41
Оқылды: 259

«Аспан балаларын» көрдіңіз бе?

Отбасы мүшелерінің бір-бірінен алыстамағаны, бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкені қандай әдемі! Спортпен бірге шұғылдану, саябақта қыдыру немесе велосипед тебу, ертеңгілік уақытта бірге жүгіру, шетелге, басқа қалаларға, жақын маңдағы демалыс орнына саяхаттау, кафеге бару отбасы мүшелерінің арасындағы байланысты нығайта түсетіні анық. Жұмыспен, күнделікті тірлік қамымен арпалысып жүргенде, ет жақындарымызға көңіл бөлмей қалатынымыз рас. Сондай кездерде отбасыңызбен бірге кино тамашаласаңыз, тіпті керемет емес пе?! Әрине, айтар ойы, көрсетер тәлім-тәрбиесі бар фильмдер болса, нұр үстіне нұр?!

unnamed (1)

Мәселен, Асқар-Мұхит Нарымбетовтің "Қара шаңырақ" киносы адамның туыстарының алдында белгілі бір деңгейде жауапкершілік арқалайтынын айқындай түседі. Кинода Жанна есімді қыз оқуға құжат тапсыруға келіп, жас жігіт Оспанмен танысады. Бір-бірін ұнатып, бақытты шақтарды бастан кешеді. Алайда бақыт баянды бола бермейді. Оспан ата-анасының талабы бойынша ауқатты әулеттен шыққан қызға үйленеді. Өкініштісі, қалаға арман қуып келген Жанна ең маңызды нәрсені айтып үлгермей қалады.

Некесіз құрсақ көтерген қызын ата-анасы ауыр күрсініспен қабылдайды. Берік, Серік атты егіз ұл дүниеге келеді. Әкесі көз жұмғаннан кейін Жанна Серікті өзімен бірге қалаға әкетеді. Берікті анасын жалғыздық күйзелтпесін деп ауылға қалдырады. Қос ұл егіз қозыдай жамырап, екіге бөлініп кете барады.

f16abbfd-457e-4b4d-836d-61151bcc0e1b

Жанна Құдай оңдап ауқатты, кәсіпкер әйелге айналады. Берік пен Серік екі бөлек тәрбиеде өседі. Қанша дегенмен, ауылда қалаға қарағанда қазақылықтың иісі басым екені баршаға мәлім. Содан да болар, Беріктің бойынан кішіпейілділік пен байсалдылық байқалады. Ал сыңары, керісінше, парасаттылық, қарапайымдылық секілді өмірдегі ауқымы кең ұғымдарды түсінуге талпынбайды және өз-өзін толыққанды адам ретінде қалыптастыруға құлшынбайды.

«Бала әке мен ананың тәрбиесін бірдей алуы керек» деген сөз бекер айтылмаса керек. Шетелде біреуді өлімнен құтқарсаң, оның алдағы бүкіл өміріне жауаптысың деген тәмсіл бар екен. Осындайда Мұхтар Шахановтың "Бір адамға байланысты бір адамның болашағы" деген сөзі еске түседі. Кино соңында үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін айтқан әжесі:

– Су тасыңдар, кешке көршілерді шақырып, құдайы тамақ беріп, аталарыңның аруағына Құран оқытып алайық, – дейді. Көршілер кешкісін жинала қалады. Кеште Құран оқылмайтынын режиссер неге ескермей қалды екен?!

Әкесі жанында болмаған бала қорқыныштың не екенін сезінбей өседі. Үрейленуді білмейтін адам тәуекелшіл келеді және шапшаң шешім қабылдайды. Асығыс жасалған қадам кейде жақсы нәтиже бермейді. Бала қорқыныштың не екенін сезініп өсуі керек. Әрине, бұл баланы қорқыту керек деген сөз емес. Адам арқа сүйейтін адамынан белгілі бір деңгейде сескенеді. Әке сондай адам болуы тиіс. Ол адам үйден табылмаса, бала сырттан іздей бастайды. Ал сыртта оған қандай адамның жолығатыны белгісіз. Асқар-Мұхит Нарымбетовтің "Қара шаңырақ" фильмі толыққанды отбасында тәрбиеленбеген кейбір сәбидің психологиясындағы құбылыстарды ашып көрсеткен. Бұл киноны көрген жанның отбасына деген сүйіспеншілігі арта түспек. Сондықтан отбасы мүшелері бірге тамашалайтын фильм көрерменді мағыналы сюжеттерімен баурап, адамның бір-біріне деген махаббатын оята алуы керек. Бұл сөзімізді М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі, педагог-психолог Ләззат Маденова да растайды. Оның ойынша, кино – әлемдегі ең үлкен өнер. Ал шын өнерді бағалау үшін жоғары талғам қажет. Талғам мен кино өзара үйлесімділік тапқанда ғана көркем туындыдағы кейіпкерлердің іс-әрекеті көрерменге оң әсерін тигізеді.

– Актердің фильмді көріп отырған адамды сендіруі маңызды. Кітапта, кинода кездесетін оқиғалар өмірде де ұшырасуы бек мүмкін. Кино  қоршаған ортадағы түйткілді мәселелерді барынша бүркемелеп көрсетеді. Соны шынайы сезіне алған жан құр босқа уақытын жоғалтпайды, ештеңеден ұтылмайды. Себебі  сан түрлі жағдаяттарды көк жәшіктің ішіне сыйғызудағы мақсат – көпшілікті ой тұңғиығына сүйреу, таным-түсініктің тереңдей түсуіне әсерін тигізу. Көрермен кейіпкерлермен бірге өмір сүре бастайды. Көркем фильмдер баланың да тұлғалық қалыптасуына едәуір ықпал етеді, – деп сөз бастаған Ләззат Мұтиғоллақызы «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Томирис», «Жаужүрек мың бала» фильмдері көрерменді адамгершілік, батылдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді сезінуге шақырып, түрлі эмоциялық күйді бастан кешуге жетелейтінін айтты.

Әйгілі орыс режиссері Андрей Звягинцевтің Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан» жүлдесін жеңіп алған «Оралу» («Возвращение») фильмі көзі ашық, көкірегі ояу адамды мың толғантпай қоймайды. Тай-құлындай тебісіп, бірге өсіп келе жатқан ағайынды Андрей мен Иван басқа балалар секілді футбол ойнап, мұнарадан суға секіріп, арасында жанжалдасып, балалықтың қызықты сәттерін бастан кешіп жатады. Бір күні олар ес білгелі көрмеген әкесінің үйге оралғанына куә болады. Аналары оның ұзақ сапарға кеткенін ғана айтқан болатын. Күтпеген жерден орын алған оқиға қос ұлдың ойын сан саққа жүгіртеді. Ескі суреттерден үйге келген кісінің, шынымен де, әкелері екеніне көздері жетеді.

Үйге оралған әке ұлдарымен жақын араласып, оларды тәрбиелеу мақсатында саяхат ұйымдастырады. Шаң басқан кітаптар арасындағы отбасылық суреттерден күліп қарап тұрған жан ұлдары үшін соншалықты мейірімді болмай шығады. Иван әкесімен тіл табыса алмайды. Бірнеше жылдан кейін өмірінде пайда болған адамның түпкі ниетін дұрыс ұқпай, оның айтқан ақыл-кеңесін тыңдаудан бас тартады. Саяхат соңында Иван мен әке арасындағы жанжал орны толмас өкінішке ұласады.

Фильм жұмбақ жайттарға толы. Отбасы мүшелерімен бірге талқылауға таптырмайтын сюжеттер көп-ақ. Әке мен бала арасындағы түсініспеушілік пен ауыр қарым-қатынасты барынша шынайы суреттеген фильм шешім шығаруды көрерменнің өзіне қалдырады. Көптен араласпаған адамдардың арасына бірден сіңіп кету қиын екенін, отбасы мүшелері шама келсе, ұзақ мерзімге бір-бірінен ажырамау керектігін меңзеген кейіпкерлердің іс-әрекеті сананы сансыз сауалға шырмайтыны рас.

Ал ирандық режиссер Мәжид Мажидидің «Аспан балалары» («Дети небес») фильміндегі бір аяқ киіммен мектеп пен үй арасына кезекпен қатынаған ағалы-қарындастың өмірі жүректі елжіретеді. Бұл – бір-біріне деген туыстық сезімдері суыған ағайындылардың бірге отырып қарайтын фильмі. Іштегі менмендікті өлтіріп, туысыңызбен арадағы қарым-қатынасты түзетуге көмектесуі әбден мүмкін.

Арасында комедияға да уақыт бөліп, ми демалтып, көңіл сергіткіңіз келсе, Эмир Кустурицаның трагикомедиясы мен тарихи киноларды да қосып қойсаңыз болады. Әсіресе, Годфри Реджионың «Коянискацциі» жаныңызға тыныштық сыйлайды.

Жеке тұлғаның қалыптасуы бірнеше кезеңді қамтиды. Балалар кейде ересектер секілді әрекет ете бастайды. Үлкендердің мінез-құлқындағы ерекшеліктерді түсінбесе де, еліктейді. Түрлі қылық шығарып, айналасындағы неше түрлі мінезді жұқтырып алады. Олардың жаман-жақсысын ажыратып та үлгермейді. Сөйтіп, жеке эгосы, «ішкі мені» қалыптаса бастайды. Дәл осы үрдіс кинода да қайталанады. Әрине, киноны тек жеке бастың қажеттілігі үшін ғана емес, рухани ләззат алу үшін де қарау керек.

– Актерлер сомдайтын кейіпкерінің мінез-құлқын қалай өзіне сіңіріп алғанын байқамай қалады. Олар сценарийдегі бейнені өмірден іздейді. Рөлін сенімді сомдап шығу үшін өзін уақытша ұмытып, ойша сомдап алған бейнеге енуіне тура келеді. Әрине, мұны таланттылар ғана жасай алады. Өзінің қиялдағы кескінге айналғанын сезбейді де. Солай болғанда ғана көрермен оның әрбір қимылына назар аударып, ұстанымдарын өміріне көмекші құрал ретінде пайдалана алады. Сол себепті көркем фильмдер жеке тұлғаның қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Ол үшін мағыналы, соңы жағымды эмоцияға толы, сәтті аяқталатын фильмдерді көрген абзал, – дейді Ләззат Мұтиғоллақызы.

Өзгені үлгі етіп, өмірдегі қиын сәттерден шығатын жолдарды көрсете алатын көркем фильмдерді таңдап және жаңа ұмтылыс, тың құлшыныс сыйлайтын, адамды тұлғалық дамытуды көздейтін фильмдерді жиі қарау қажет. Біз ұсынған фильмдер солардың бір парасы ғана.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале