31.01.2022, 9:39
Оқылды: 1

Асыл азамат еді

Таяуда «Құрметті теміржолшы»  атағының иегері Нариман Ғаббасұлы Рзалиев дүние  салды. Аяулы азамат осы жазда ғана 70  жасқа толған  мерейтойын  атап  өткен  еді.  Өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын  Қазақстанның теміржол саласын  дамытуға, соның  ішінде  40  жылын  Батыс  Қазақстан облысына сарп еткен  Нариман  Ғаббасұлының өнегелі өмірі көпке үлгі.  Қарапайым ауыл еңбеккерінің немересі,  майдангердің  ұлы, жүрегімен таңдаған  мамандығы  инженер,  жақсы азаматтың жарқын бейнесі жұрт жадында ұзақ сақталары күмәнсіз.

8435203C-E4E9-4DA5-AE45-51BD94C3AE6F

Ол 1951 жылдың 13 шілдесінде Орал қа­ласында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Әкесі Ғаббас Рзалыұлы соғыс ардагері, орденді комиссар, 1947 жылы капитан шенімен доғарысқа шыққан. 1950-51 жылдары Жаңақала аудандық партия комитетінің хатшысы болған. 1955-65 жылдар аралығында табан аудармастан он жыл бойы Тайпақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, елдің дамуына елеулі үлес қосқан беделді азамат. 1965-73 жылдары ауыл шаруашылығы жұмысшылары мен қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетін басқарды.

Нариман Ғаббасұлының анасы Райхан Қисетқызының тағдыры да қызық. 1943 жылы кезекті рет ауыр жарақат алып, госпитальда жатқан Ғаббас Рзалыұлының жанынан табылып, емдеп, қатарға қосқан. Содан соң екеуінің жұбы жазылмай, қалған ғұмырларын бірге өткізген. Райхан Қисетқызы – «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі», 40 жылдан аса химия пәнінен сабақ берген білікті ұстаз.

Мектептегі шәкірттік шақтарында Нариманның нақты ғылымдарға бейімі, есеп-қисапқа жүйріктігі байқалды. 1968 жылы арман қуып, Алматыға, политехникалық институтқа оқуға түсемін деп аттанған бозбала Ташкент қатынас жолдары инженерлері институтының Алматы филиалына, «автоматика, телемеханика және байланыс» мамандығына құжаттарын тапсырады. Емтихандардан ойдағыдай өткен Нариманға Ленинградтағы теміржол көлігі инженерлерін даярлайтын институтқа жолдама беріліпті.

Осы жерде оның дүниетанымының қалыптасуына әкесінің досы, майдангер, журналист-жазушы, Орал қаласының құрметті азаматы Бисен Жұмағалиевтің де ықпалы зор болғанын айрықша айтуымыз керек. Бисен аға зерек те зерделі балаға әйгілі ақын Константин Симоновпен және үлкен жазушы Михаил Шолоховпен дос болғандығын, өзі қатысқан Ленинград қоршауын бұзудағы қанды шайқастарды жиі айтып отырған. Бұл әңгімелер Нариманның бойында батыр қала – Ленинградқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырған.

Оқуды бітірген Н. Рзалиев Қазақстанға қайтып оралып, Ақтөбе теміржол бөлімшесіне жұмысқа қабылданады. 1973 жылдың тамыз айында Қандыағаш стансасында электрмен қамту құрылысын қадағалаушы инженер міндетін атқаруға кіріседі. Ол уақытта Қандыағаш Қазақ теміржолындағы аса маңызды 7 стансаның біріне жататын, толық жаңғыртудан өтіп жатқан нысан болатын. 1974 жылы Орал теміржол бөлімшесі құрылды. Бөлімше бастығы болып Өміртай Сахтанов тағайындалды. Бөлімше құрылғаннан кейін Нариман Орал дабыл және байланыс дистанциясына аға инженер лауазымына ауыстырылады.

Бұл кезде Орал шағын ғана қалашық еді. Теміржол бөлімшесі ашылысымен шаһар қарыштап дамуға бет бұрды, тұрғын үй құрылысы қарқын алды, өнеркәсіп орындары көптеп салынып, ауыл шаруашылығына да ерекше серпін берілді. Теміржол бөлімшесіне қарасты әлеуметтік-өндірістік базаның нығаюы да осы кезеңге тура келеді. Атап айтқанда, теміржолдың өзінің мектептері, балабақшалары, ауруханасы Оралдағы ең үздік нысандардың санатына енді.

Жас маман Н. Рзалиевтен жұмыс қатаң сұралды. Себебі теміржолшылардың басым бөлігінің кәсіби білімі жоқ, алайда ауқымды міндеттер мен тапсырмаларды қысқа мерзім ішінде орындау қажет болатын. Ескі құрал-жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін Нариманға күні-түні жұмыста жүруге, жиі-жиі желі бойына шығуға тура келді. Тіпті, жеке өміріне де уақыты қалмады. Үйленуі әскери адамдарша тез өтті. Хирург болып еңбек ететін Раиса Мәменқызына танысқан бойда үш күннен кейін сөз салып, отбасын құрды. Жастық жалыны мен жігері тасыған екі жас қол ұс­тасқан күйі БАМ-ға кетті.

1979 жылы КСРО Қорғаныс министрлігі жас мамандарды XX ғасырдың ең ауқымды жобаларының бірі – Байкал – Амур магистралын (БАМ) салуға теміржол әскері қатарына жаппай шақыра бастаған еді. Н. Рзалиев трасса бойына сұранып, екі жыл қатарынан Амурдағы Комсомольск қаласы түбінде теміржол құрылысын жүргізетін взводтың командирі болды. Раиса Мәменқызы әскери бөлімнен 50 шақырым жердегі аудандық емханада учаскелік дәрігер ретінде еңбек етті. Ургал деп аталатын шағын елді мекенде қамыс үйде, вагонда тұрды. Жазда ыстық пен қаптаған шыбын-шіркейге, қыста қатты аяздарға төзуге тура келді. Жақын жерде уран кеніштері ашық жатты.

Соның салдары болар, БАМ-дағы екі жыл Раисаның денсаулығын бұзды. Оралға кел­геннен кейін оның ағзасынан қатерлі ісік табылды. Мәскеудің онкологиялық орталығында жылға жуық ем алған жұбайына Нариман күн құрғатпай барып тұрды, жұмысын да ақсатпады. Ақыры дерт жеңілді. Қарап отырсақ, Н. Рзалиев өзінің еңбек жолында тек екі-ақ рет толық еңбек демалысын алған екен. Онда да жұбайы бала босанғаннан кейін ағзасы толық қалпына келуі үшін шығыпты.

1984 жылы үйдің тұңғышы Арман дүниеге келді. Ол Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін бітірген, сосын ма­гистратураны тәмамдаған, қазір «Лукойл» компаниясында. Үйдің кенжесі Нұркен 1988 жылғы, Оралдағы №11 мектептің президенті болған, «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқып, күні бүгін қазақстандық Choco-Family интернет-холдингі құрылтайшыларының бірі болып табылады.

Нариман Ғаббасұлы 1983-1986 жылдары Орал дабыл және байланыс дистанциясында бас инженер, одан соң он жыл бойы Орал теміржол бөлімшесі кадр бөлімінің бастығы болып жемісті жұмыс жасады. Сол кезде бөлімше жұмысшыларының саны 13 мың адамға жуықтаған еді. Бөлімшеде жас мамандарды оқыту мәселесі өткір тұрды. Алматы, Мәскеу мен Ленинград алыстау. Н. Рзалиев КСРО жол қатынастары министрлігіне ұсыныспен шығып, көршілес Куйбышев қаласындағы (қазір Самара)  жол инженерлері институтына оралдық жастарды жолдауға рұқсат алды. Нариман Ғаббасұлы ректоратпен байланысты жоғары деңгейге көтергені соншалық, жыл сайын Оралдан 40 шә­кірттің оқуға түсуіне және қабылдау емтихандарын Оралда тапсыртуға қол жеткізді. Білім алған түлектер Орал теміржол бөлімшесіне қайтып оралып отырды. Бүгін таңда Қазақстан мен Ресейдің теміржол саласы кәсіпорындарында Н. Рзалиев оқуға жолдаған 100-ден аса мамандар қажырлы қызмет етуде. Куйбышевпен келісімшарт 1993 жылға дейін күшінде болды, сосын оқу ақылы болып кетті.

КСРО-ның құлауы Қазақстан теміржолына да оңай тимеді. Осы қиын уақытта, яғни 1997 жылы Нариман Ғаббасұлы Орал теміржол бөлімшесі филиалы бастығының техникалық жұмыстар жө­нін­дегі орынбасары, кейін Орал дабыл және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Үлкен ұжымға жетекшілік ету үшін әуелі өз білімің мен білігіңді көтеруің қажет. Н. Рзалиев тағы да оқулыққа бас қойды.

2002 жылы оған «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ – «Орал теміржол бөлімшесі» филиалының бас инженері қызметі сеніп тапсырылды. Нариман Ғаббасұлының басшылығымен «Нева» диспетчерлік орталығы іске қосылды. 2003 жылы Белес және Пойма стансаларында мұнай сақтайтын теміржол терминалдарының құрылысына техникалық құжаттамалар әзірленді. Құрылыстың нормаларға сәйкес жүргізілуін

Н. Рзалиев өзі бастан-аяқ қадағалады. «Жайықмұнай» ЖШС осы стансалардағы автоматикалық құрылғыларды толық ауыстырып шықты. Кезіндегі қиындықтарға, кедергілерге қарамастан бұл терминалдар қазір де жақсы жұмыс істеп тұр.

Нариман Ғаббасұлы, сондай-ақ Орал, Қазақстан және Елек стансаларындағы қабылдау-жөнелту жолдарының құрылысы мен іске қосуының басы-қасында жүрді. 2003 жылы Орал теміржол бөлімшесінің бригадасын басқарып, Жамбыл облысының Луговой стансасында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысты. Бұл жұмыста оған БАМ-дағы тәжірибесі үлкен көмегін тигізді. Содан да болар, жергілікті халық зілзала салдары жойылғаннан кейін оралдық теміржолшыларды алғыс айтып, қимай шығарып салды.

2005 жылы Атырау облысының Доссор және Мақат ауылдарында бұрын-соңды болмаған нөсер жауын салдарынан 200-ден аса үй бұзылып, екі мыңнан аса адам баспанасыз қалды, екі насос стансасы істен шықты, Мақат пен Доссор аралығындағы теміржолды су шайып, жүк пойызы жолдан шығып кетіп, үш адамды мерт қылды, көптеген жолаушы пойыздары сапарларын жалғастыра алмады. Осы табиғат апатын ауыздықтап, халықтың қалыпты өмірге оралуына да Нариман Ғаббасұлы зор үлесін қосты.

2011 жылдың сәуір айында Оралда үлкен су тасқыны орын алып, алты мыңнан аса адам үйінен айырылды, солардың ішінде қырықтан аса теміржолшының отбасы болған еді. Оларға кәсіподақ тарапынан жан-жақты көмек көрсетілді, стансалар мен разъездердегі құлаған, бүлінген баспаналары жөнделді. Оралдағы тасқыннан зардап шеккендерге арнап салынған көпқабатты үйлердің бірі «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қаржысына тұрғызылғандығын да атап өтуіміз керек. Еңбегі ескеріліп, сол жылы Н. Рзалиев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Жалпы, жемісті де жеңісті еңбек жолында Нариман Ғаббасұлы «ҚТЖ» АҚ президентінің алғысхатымен, «Қазақстан теміржолына - 100 жыл» мерейтойлық медалімен, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған азамат.

Н.Рзалиев үшін ең бір қиын, есте қалған төтенше оқиға 2012 жылдың қыс айларында Елек желілік стансасында болды (ол кезде Елек Орал теміржол бөлімшесіне қарайтын еді). Қуат беретін негізгі кабельдің күйіп кетуі салдарынан мұндағы бүкіл автоматика істен шықты. Автоматика болмағандықтан желілік станса арқылы тәулігіне өтетін 12 жолаушылар пойызы мен көптеген жүк пойыздарының қозғалысын қолмен реттеуге тура келді. Мамандар автоматты желіні толық жөндеуге ең кемі жарты жыл керек деп болжағанымен, жиырма адамнан тұратын Н. Рзаливтің бригадасы күні-түні жұмыс істеп, автоматиканы екі айдың ішінде толық жөндеп бітірді.

Нариман Ғаббасұлы Орал теміржол бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланған кезде де өз жұмысына ерекше беріліп істеді. 2017 жыл қызметтен түпкілікті кеткенімен сүйікті ұжымынан ешқашан қол үзбеді. Оны әріптестері айрықша сыйлап, құрметтеді, өндірістік сұрақтармен, еңбек заңдылығына қатысты мәселелермен ұдайы ақылдасып отырды.

Нариман Ғаббасұлы үйді де өз қолымен салып, ауласын абаттандырып, Жайық өңіріне оңайлықпен жерсіне қоймайтын қылқан жапырақты терек тұқымын отырғызды. «Ер-азамат ретінде үй тұрғыздым, ұл өсірдім, терек ектім» деп қалжыңдағанды жақсы көретін ол.

Н.Рзалиевпен таныс, жұмыстас болған жандардың барлығы оның асқан жауапкершілігін, сабырлы да ұстамды мінезін, жоғары кәсіби шеберлігін бірауыздан атайды. Керек жерінде талапшыл, білмегенді түсіндіруге, көрсетуге, қолдауға әзір тұратындығын, достыққа адалдығын алға тартады.

Осындай асыл азаматтың ортамыздан кетуі, әрине, Батыс Қазақстан жұртшылығы үшін орны толмас жағдай. Осы орайда оралдық теміржолшылар Нариман Ғаббасұлының тума-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

 Тоқтар Ғабдірешұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале