Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-көпшілік әмбебап кітапханада қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 178 жылдығына арналған «Абайды таны» облыстық байқауының іріктеу кезеңі өтті.
«Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған байқауға 50-ге жуық жас-өспірім мен жастар қатысты. Олар іріктеу кезеңінде Абай өлеңдерін жатқа айту, хакім-нің қара сөздерін мәнерлеп оқу және әндерін орындау бойынша сынға түсті.
– Абай – бар қазақтың темірқазығы. Қазақы қалып, тәлім-тәрбие, өнеге тұрғысынан қазақтың шамшырақ ақыны. Оның рухани мұрасын санаға сіңіру, зердеге тоқу – әр қазақтың парызы. Сол мақсатта ұйымдастырылып отырған бүгінгі байқаудан қатысушылар мен оқырман қауым көп ғибрат алады деп сенеміз, – деді аталмыш кітапхананың директоры Шолпан Оразаева.
Байқауда өңірімізге белгілі ақындар мен ұстаздар қазылық етті. Сайыс қорытындысы бүгін, 10 тамыз күні жарияланады.
Әнуар Аманжол