9.10.2020, 11:39
Оқылды: 47

«Ата-әжем тұратын қаладағы науқастар емделсін деп...»

Осы аптаның сейсенбісінде коронавирус індетімен күресу үшін облысымыздағы медициналық мекемелерге 19 миллион 400 мың теңгенің  гуманитарлық көмегі келіп жетті. Медициналық құрал-жабдықтар мен  бұйымдар тиелген бұл көмекті еңбек ардагері, Ақжайық ауданының  құрметті  азаматы Асқар Шораевтың Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында тұратын ұл-қызы Тимур мен Алфия жолдаған.

Ata-aje (1)

– Балаларымның Лондонда тұрып жатқанына 15 жылға жуықтады. Немерелерім сол жақта білім алуда. Олар жыл сайын жазда Орал қаласына келіп, бізбен, яғни ата-әжесімен табиғат аясына серуендейтін. Саятшылық құратын. Алайда індетке байланысты барып-келу үзілді. «Ата, ауылды сағындық» деп хабарласып тұрады. Содан немерелерім қызым Алфияға «Ата-әжем тұратын Орал қаласына көмек жіберейік. Коронавирусқа шалдыққан науқастарға  көмегі тисін», – депті. Енді, міне, қызым жолдаған гуманитарлық көмекті қарсылап алып, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына табыстап отырмын. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі ахуал жағдайында шекарадан медициналық бұйымдарды өткізу де қиын. Осындай себептен бұл жүк Қытай Халық Республикасының  шекарасында біраз уақыт кідіріп қалған еді. Әйтеуір, сәтін салып туған өлкемізге бүгін жетіп отыр.  Гуманитарлық көмектің құрамында 38 дана оттегі аппараты, 150 мың дана үш қабатталған тұмша, 99 мың бір реттік қолғап және 90 дана оттегі жастықшасы бар. Бұл медициналық бұйымдарға 19 миллион 400 теңге жұмсалған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, дәрігерлер  коронавирус індетінің екінші толқыны соғуы ықтимал деп сақтандыруда. Отбасымыздың  атынан берілген қолдау облыс тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтауға жәрдемдессе деймін, – деді Асқар Ишанұлы.

Ata-aje (2)

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дархан Хайрушев басқарма атынан Асқар Шораевтың әулетіне алғысын айтып, игі тілегін арнады. Сондай-ақ аталмыш медициналық керек-жарақтар коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған ауруханалар мен стационарларға жолданатынын жеткізді.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале