4.05.2026, 21:00
Оқылды: 1

Ата жұртын аңсаған Бүрлен бойжеткен

Бүгін Атырау қаласынан Оралға Бүрлен Әділет есімді веложорықшы ару келді. 22 жастағы бойжеткен осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның бұрыш-бұрышын аралауды бастаған. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде өмірге келген ол ата жұртын аңсап, армансыз аралап жүр.

dc68f01c-f011-4a45-b5cf-fcde629cb648

Қазақтың дархан даласын көруге асық қаракөзді ел-жұрты жарыса күтіп, сый-құрмет көрсетуде. Саяхатшы Бүрлен сапар барысында қонақжай жұртшылықтың кең пейілін сезініп, талай шаңырақтан дәм татып, құтты қонақ болғанын айтады. Веложорықшы әлеуметтік желіде сапары жөнінде ақпарат бөлісіп келеді. Жақында оның түз далада шырқаған Мемлекеттік Әнұраны желіде кеңінен таралып, көпшілік ықыласына бөленіп үлгерді. Бір қызығы, ол сапарын қай қалаға бұрса да, сол аймақтағы ағайын алдынан күтіп алып, өлке тарихы мен тылсым табиғатын таныстырады екен. Бүрленнің жүрегінде бүр атқан арманы да осы болса керек.

photo-output

- Бүгінге дейін Қазақстанның түрлі өңірінде болсам да, бүгін Орал қаласына алғаш келуім. Маған шаһардың табиғаты ерекше ұнады. Атырау мен Орал қалаларының қашықтығы 500 шақырымға жуық екен. Жол бойында сан түрлі қызықтарға тап болдым. Маған еліміздің әр-аймағындағы салт-дәстүр ұстанымдары қызық. Ақ Жайық өлкесіндегі қыз ұзату, келін түсіру тойларын өз көзіммен көргім келеді. Осы ой-арманымды желіге жариялаған бойда Оралдағы оқырмандарым бірден тойға шақырды. Орал шәрінде екі күн аялдап Ақтөбеге, одан әрі Қызылорда қаласына қарай саяхатымды жалғастырамын, - деді саяхатшы ару.
Бүрлен бойжеткеннің шабытына шырақ жағылып, жол бойы дәстүрлі әндерді шырқап келген. Қала іргесіндегі «Орал» белгісінің жанында күтіп алған ағайынға әуезді ән шырқап берді.

Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале