13.03.2024, 12:00
Оқылды: 7

«Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі жеке концерт берді

«Атамекен» өнер ордасының сахнасында ән қалықтап, күй күмбірлеп, домбыра дәріптелді. Бұл жолы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі жеке концерт беріп, өнердің ең биік марапаты - халықтың қошеметіне бөленді.

атамекен (1)

 Қазақ ұлттық музыкасының жауһарларын насихаттауды мақсат тұтқан кештің шымылдығын З.Қабдоловтың сөзіне жазылған «Жайық қызы» әнімен күміс көмей, жезтаңдай әншілер Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі ашты.

Заманауи форматта ұйымдастырылған өнер кешінің тізгінін ұстаған ақын Бауыржан Ширмединұлы қара сөздің майын тамызып, рухани шараның шырайын кіргізді.

атамекен (2)

Оралдық талғампаз көрермен дәстүрлі әншілер мен ансамбль ұжымын дүркін-дүркін қошеметке бөледі. Өйткені ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Кәкімов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, ҚР Мәдениет үздігі Фархат Оразов, Айжан Мұхамбетжанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері  Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, талантты әнші Альбина Наурзалиева мен республикалық байқаулардың лауреаты Гауһар Жанғалиевалар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, мыңға тарта көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Сөйтіп ұлттық өнерге сусап келген ел-жұрттың ыстық-ықыласына бөленді.

атамекен (3)

Есті әуен естілсе, елеңдеп тұратын Жайық жұртының алдында этно-фольклорлық ансамблдің сүйемелдеуімен «Ой-көк»,  «Қарай көзім», «Балапан қаз», «Ақ Айша», Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы», «Еңбек туралы жыр» және «Молдабайдың әні», «Нұртуғанның термесі» сынды халық әндері жан дауыста шырқалды. Сонымен қатар Құрманғазының «Адай», Сүгірдің «Боз інген» күйі шертілді. Мың бұрала билеген биші жігіттер мен қыздардың ұлттық нақыштағы киімдері мен қимылдары көрерменнің көңілінен шықты. Нақтырақ айтсақ, «Атамекен» кәсіби ерлер мен қыздар би ансамблі «Қара жорға» биімен кештің ажарын аша түсті.

атамекен (4)

Осынау дала сазын жаңғыртып, ұлттың рухын асқақтатып, дүйім жұртты дүбірге бөлеген өнер кешіне куә болған көпшілік дән риза болып, өнер өкілдеріне алғыстарын жаудырып жатты.

Концерттік іс-шарадан соң «Атамекен» өнер ордасында арнайы ақ дастарқан жайылып, ораза тұтқан жандарға ауызашар берілді.

Айта кетсек, «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі 2018 жылы облыстық Жастар шығармашылығы орталығы жанынан құрылды. Өңірдің дарынды музыканттарынан құралған жаңа шығармашылық ұжымның негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық музыкасын насихаттап, саз аспаптарының үнін жаңғырту еді. Ансамбль ұлт өнерін ұлықтап, Еуропаның Австрия, Словакия, Венгрияда және Түркия елінде абыройлы өнер көрсетті.  Жетекшісі – Тимур Меңдіғалиевтің де еңбегі орасан.

Алтынбек Ермекқалиев,

Орал қаласы

атамекен (4) атамекен (6) атамекен (7) атамекен (8) атамекен (9) атамекен (10)

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале