22.04.2020, 12:10
Оқылды: 52

Атамның ерлігі мәңгі жадымызда

1941 жылдың жазында әкесі Базарбай Амантұрлы соғысқа алынғанда күз айында менің атам Базарбаев Мұхит та жасы толмаса да өз еркімен сұранып майданға аттаныпты.

89B6154F-C985-4BEF-8592-C0B7C2F813C1

Орынборда гвардияшыларды даярлайтын ППГ-1159 әскери бөлімінде 6 айлық оқу-жаттығудың қысқа курсын 1942-нің қысында бітіргесін соғысты Смоленск бағытында бастайды. Спортшы тұлғалы болған атам барлаушы бөлімінде бірнеше рет жау тылынан тіл алуға қатысып, тіпті неміс офицерін де алып келген екен. 1943 жылдың 4 қыркүйегінде Смоленскіні азат етудегі жойқын ұрыста жаралы болып, бірнеше ай емделгесін 87-гвардияның атқыштар дивизиясына қайтып оралып, пулеметші болыпты. Бірде алдағы ұрысқа әзірлік жиыны болған жерде пулеметші М.Мәметовамен кездескенін, қазақ күресінен Қазақстан ССР чемпионы қаратөбелік Еңсеп Досқалиевпен бір бөлімде болғанын еске алатын. №1-ші пулеметші, кейін автоматшы ретінде барлығы 9-рет жауға қарсы ұрысқа қатысқан екен. 4 рет ауыр жараланып, бірнеше рет госпитальде болғанына қарамастан соғыста ол 3-ші Беларус майданының 251 атқыштар дивизиясының 93 және 919 атқыштар полкінде Витебск қаласын және Беларуссияның көптеген селоларын азат етуде пулеметші ретінде алдыңғы шепте болып, қоян-қолтық ұрыстарды, ең қиын түнгі атакаларды бастан кешірген. 4-5 сағат түнгі мұзды өзен ойығында отырып жауға тұтқиылдан таңғы шабуылға шыққанымыз бар дейтін. Денесінің оқ тимеген сау жері жоқ, қаншама рет ажалға қарсы тұра білген атамыздың жанкештілігіне таң қалатынбыз.

D92C8936-7BD9-4D20-B23F-B63E50951400

Атам 1944 жылдың 29 тамызында Польша жерін азат етуде Варшава түбінде үлкен кескілескен ұрысқа қатысады. Немістің штаб үйіне басып кірген ол жаралы жатқан неміс офицерін пистолетпен атып өлтіремін дегенде атылған оқ ғайыптан өзінің көзінің астынан шыққан екен. Сол жерде есінен танып құлаған оны өлдіге санап, елге солай хабар кеткен. Кейін жерлеу кезінде тірі екенін шыңғырлаулық Мақым Абдрахманов байқап қалған. Осы соңғы ұрыстан ғажайыптың күшімен аман қалған оны әуелі далалық, сосын Москваға, кейін Удмурт АССР-не госпиталіне емделуге жібіріпті.

980CA819-668B-4179-836B-05432482E25B

Мұхит атамыз 1945 жылдың ақпан айында өзіне бектілген санитардың көмегімен ауыр жағдайда елге оралғанда ғана үйдегілер оның тірі екенін білген. 18-20 жасында соғыста ерліктің үлгісін көрсеткен ардагер, гвардия ефрейторы Мұхит Базарбаев 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін»,«Германияны жеңгені үшін»,«Әскери қызметі үшін», «Маршал Жуков» және бейбіт кезеңде көптеген медалдармен марапатталған. Ол соңғы ұрыстағы ерлігінің елеусіз қалғанын айтып отыратын. Артында қалған ұл-қыздары, немере-жиендері атамыздың соғыста көрсеткен ерлігін мақтан етеміз. Соғыста әкесін «көріп қалармын» деген үміттің жетегінде болған ол қазір Ақшат ауылында әкесінің қасынан мәңгілік мекенін тапты. Міне, санаулы күндерден соң Ұлы Жеңіске 75 жыл толмақ, елі үшін өмірлерін құрбан еткен ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмасын дегім келеді.  

Немересі Нұржан Базарбаев

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале