1.07.2021, 23:48
Оқылды: 180

Атамыздың қабірін таптық

Міне, биыл Ұлы Жеңіске – 76 жыл. Ұлы Отан соғысының жалыны өшіп, Жеңіс жалауы желбірегелі көп жыл өтті. Алайда сол сұм соғыстың әр шаңырақты шарпыған жалынын, адамзат жүрегіне салған жарасын ұмыту әсте мүмкін емес. Менің атам Шәріп Смағұлов – Новгород облысы, Холм ауданы, Сопки деревнясы маңындағы алапат шайқас кезінде ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің бірі.

2015-2

Атам 1907 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Шалқар ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін осы елді мекенде мектеп мұғалімі болып қызмет атқарып,  адал еңбегі арқасында партия қатарына қабылданған. Ал 1942 жылдың басында Қорғалжын аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, бір топ жерлестерімен бірге майданға аттанған. Алғашында Алматы қаласында құрылған 316-атқыштар дивизиясы құрамында болса, кейін оған сол дивизия командирі Панфиловтың есімі берілген. Оның құрамына 1073 және 1075-атқыштар полкі де кірген.  Бұл аталмыш дивизия сол кездегі Кеңес одағының астанасы Мәскеуді қорғауға қатысқаны тарихтан мәлім. Осынау кескілескен ұрыс 1941 жылдың 30 қыркүйегінен 1942 жылдың 20 сәуіріне дейін, яғни 7 айға (203 күнге) созылған.

2015-1 год

Бұдан кейін де атамыз өмір мен өлім белдескен талай қанды қырғынды бастан кешеді. Бір күні Шәріп атамыздың отбасына үшкіл хат орнына «қарақағаз» келеді, онда: «Жауынгер Шәріп Смағұлов 1942 жылдың  3 сәуірінде Новгород  облысы, Холм ауданы, Сопки деревнясы түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген жазу ғана болған. Бар ақпарат – осы. Жауынгердің сүйегі қайда жерленгені белгісіз болып қала береді. Тума-туыстарының көп жыл іздеген жұмыстары да нәтижесіз болған, тек түбі бір дерек табылар деген үміт оты ғана өшпеген. Ақыры 2011 жылдың маусым айында Ресей Федерациясының  мұрағаттарына жазылған хаттардың біріне келген жауап Шәріп атамыздың жерленген жерін анықтауға өз септігін тигізді. Яғни Отан үшін жанын қиған жауынгердің мүрдесі Ресей Федерациясы, Новгород облысы, Холм ауданы, Первомайская деревнясының әскери зиратына жерленгені белгілі болды.

2011 жылдың 16 шілдесінде ұрпақтары атынан үлкен ағам Абай Смағұлов екеуміз атамыз жатқан зиратқа туған жерінің топырағын жеткіздік. Әрі елге келгесін ата рухына бағышталып  Құран оқытылды, ас берілді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер кеңесінің шешімімен «Сұрапыл жылдар қаhармандарына тағзым» атты 5-кітапқа майдангер Ш.Смағұлов туралы ақпарат енгізілді. Ал 2015 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай біз Смағұловтар әулетінен екінші ағам Ағыбай, інім Кайрат қызы Анэльмен Первомайская деревнясындағы зиратқа тағы да соғып, Холм  қаласында өткізілген іс-шараларға қатысып қайттық.

Айта кетелік, Шәріп атадан қалған жалғыз тұяқ Совет әкемізден бүгінде Зәмзәгүл, Абай, Ағыбай, Абылай, Болат, Кайрат, Әсемгүл есімді жеті немере мен жиырма шөбере тарап отыр. Бізге осындай бейбіт күнді сыйлаған ата-бабаларымызды ұлықтап, рухына тағзым ету – кейінгі толқынның парызы һәм қарызы деп санаймын.

 

Болат Смағұлов, 

полковник,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале