Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті түсімдердің уақтылы әрі толықтай түсуіне, бюджеттен қате (артық) төленген сомаларды қайтаруға, есепке жазудың дұрыстығына және салықтық әкімшілендіруге мемлекеттік аудит жүргізеді. 2023 жылға бекітілген мемлекеттік аудит объектілерінің тізіліміне сәйкес Теректі және Бөрлі аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларында 2020-2022 жылдар кезеңіне аудиторлық іс-шара жүргізілді.

Аудиторлық іс-шара нәтижелерін талқылаған отырысқа тексеру комиссиясының басшылары және қызметшілері, аталған аудандық басқармалардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Осы отырыста тексеру комиссиясының мүшесі Қанат Алпысбаевтың жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижелері туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамаға сүйенсек, Қазақстан Республикасының салықтық және өзге де заңнама талаптарын сақтамаудың салдарынан барлығы 37 млн 835 мың теңге бюджетке түспеген. Аудит барысында және тексеру комиссиясының отырысына дейін өтелуге тиіс қаржының 31 млн 626 мың теңгесі бюджетке аударылған.
Теректі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында анықталған олқылықтарға тоқтала кетелік. Аудит нәтижесінде салықтық және өзге де заңнама талаптары сақталмағандықтан, бюджетке 22 млн 147 мың теңге түспей қалды. Бұл сома жергілікті бюджетке өтелуге жатады. Сондықтан аудит барысында және отырысқа дейін қазынаға түспеген қаржының 21 млн 599 мың теңгесі өтелді. Салық төлеушілерге 134 хабарлама жолданып, 2 салық төлеушіге 3 әкімшілік материал толтырылған. Өткен 3 жыл ішіндегі 7 млн 725 мың теңге шамасындағы өтелмеген әлеуметтік салық аудит барысында қазынаға толығымен құйылды. Сонымен қатар 9 млн 340 мың теңге шамасында жеке табыс салығы, 1 млн 895 мың теңге өтелмеген мүлік салығы толықтай өтелген.
«Теректі таза су» ЖШС-ның 41 мың 400 теңге көлемінде жер салығы есепке алынбаған. Уәкілетті құрылым ұсынған мәліметтерді зерделеу барысында «БайсамғаАгро» ЖШС-ның тіркеу есебінде 2022 жылғы 28 наурыздан бастап мемлекеттік тіркеу нөмірі көрсетілген «ГАЗель» аутокөлігі бар екендігі анықталды. Алайда 2022 жылғы кезең үшін салық міндеттемелерін орындамаған. Бұл ҚР Салық кодексінің 496-бабының 1-тармағын бұзу болып табылады. Осылайша бюджетке 17 мың 900 теңге түсім түспеді. Салық төлеушіге тиісті хабарлама жолданып, берешек төленді. Басқарма 94 жеке тұлғаның 767 мың теңге шамасындағы 2020 және 2021 жылдарға көлік салығын есепке алмаған. Аудит барысында салық төлеушілердің жеке шоттарына есептеулер жүргізілген. Басқарма 2 салық төлеушіге көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдамаған. Салық төлеушілерге жалпы сомасы 33 мың 800 теңгенің салығын өндіру туралы хабарламалар жолданбаған. Салықтық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етпеген салық төлеушінің берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу жұмысын жүргізбеген.
Жиынға төрағалық етуші тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллин аталмыш аудан басқармасының басшысынан аудандағы салықты өтеудің қазіргі жағдайын нақтылап сұрады. Аудандық кірістер басқармасының басшысы С. Есенғалиев аудиторлық тексерістің нәтижелерімен келісетінін, камералдық бақылау барысында кейбір салықтық берешектерді анықтаудың қиындығын айтты. Уақтылы төленбеген салық төлемдері бойынша 34 хабарлама жолданған. Бюджетке әлі 127 мың теңге – 10 азаматтың көлік салығы өтелуі тиіс.
– Облыстың жекелеген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысын аудару кезінде жергілікті бюджетке әлеуметтік және жеке табыс салықтарын есептемеген және ұстамаған. Соңғы 6 айда тексеру комиссиясы ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар аудан бойынша салыққа қатысты олқылықтар анықталып, толықтай өндірілуде, – деді Батыржан Хамидуллин.
Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында анықталған олқылықтарға тоқтала кетелік. Аудит нәтижесінде басқарманың салықтық және өзге де заңнама талаптарын сақтамауының
салдарынан 15 млн 688 мың теңгенің бюджетке түспегені анықталған. Бұл қаржы жер-
гілікті бюджетке құйылуы тиіс. Аудит барысында және осы өткен отырысқа дейін 10 млн
теңге өтелген. Салық төлеушілерге 18 хабарлама жолданған. 8 салық төлеушіге және бір уәкілетті құрылымның басшысына қатысты әкімшілік материал толтырылған.
Тиісті заңдылықтарға сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде арнаулы салық режімдерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер үшін
есептелген корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасы (төлем көзінен ұсталатынынан басқа); есептелген әлеуметтік салық сомасы; есептелген бірыңғай жер салығының сомасы 100 пайыз шегеріледі деп белгіленген. Алайда сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге осы бапты қолдануға шектеу қойылған. Сыртқы экономикалық қызметті атқаратын тұлғалар деп үшінші елдермен, яғни Еуразиялық экономикалық одағына мүше емес мемлекеттерге қатысты тауарлар импорты мен экспортын, жұмыс пен қызмет көрсетуді жүзеге асыратындарды айтады. Салық төлеуші 3-елдерге қатысты тауарлардың импорты мен экспортын, жұмыс пен қызмет көрсетуді жүзеге асырған кездерінде алынған табыс көлеміне салынатын салықтан босату талабын қолдануға құқығы жоқ», – деген Қанат Алпысбаев заңнама талаптары ескерілмегенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, заңбұзушылықтың салдарынан бюджетке төленетін әлеуметтік салық негізсіз азайтылған және бюджетке 2 млн 888 мың теңге төленбеген. Сондай-ақ жеке табыс салығы да заңсыз азайтылған. Соның кесірінен бюджетке 3 млн 107 мың теңге түспеген. Аудит барысында жекелеген салық төлеушілер қарыздарын жапқан. Аталмыш аудандық кірістер басқармасының басшысы Ермек Алғазиев қазіргі кезде бұл соманың толықтай өндірілгенін хабарлады.
– Жекелеген салық төлеушілер, атап айтқанда «West-Leader» компаниясы 2021 жыл үшін 1 млн 236 мың теңге, Ақсай мәдени ұлттық ат спорты кешені 128 мың, Бөрлі аудандық ауруханасы 2020 жылға 1 млн 931 мың, 2021 жылға 2 млн 53 мың, «Ақсайжылуқуат» кәсіпорны 2020 жылға 165 мың және 2021 жылға 55 мың теңге мүлік салығын есепке кіргізбеген. Сонымен қатар «Алтын бесік» балабақшасы 700 және 701 нысандары бойынша декларация тапсырмаған. 2021 жыл үшін 49 мың 200 теңге мүлік салығын есептемеген. Аудандық аурухана 1 млн 896 мың, «Ақсайжылуқуат» 2022 жылы 153 мың теңге шамасында ағымдағы төлемдердің есебін дұрыс көрсетпеген. Аудит барысында аталған мекемелер қарыздарын өтеді, – деді баяндамашы.
Тексеру комиссиясының отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды. Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне, Теректі және Бөрлі аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларына анықталған бұзушылықтарды және оларға ықпал ететін себептерді жою тапсырылды. Сонымен қатар осындай олқылықтарға жол берген жауапты қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қолдану туралы тиісті нұсқамалар жіберілді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»