Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Фото: istockphoto.com
Мемлекет басшысы заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген «Жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Жаңа құжаттағы түзетулер жануарлар дүниесін басқарудың заманауи ғылыми тәсілдерін енгізуге, саланы цифрландыруды дамытуға, жануарлар ресурстарын қорғау мен молықтыру тетіктерін жетілдіруге және табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Құжат аясында жануарлар ресурстарын басқарудың бейімделмелі моделіне көшу, аңшылық шаруашылығында жануарларды өсіруді дамыту және есепке алу бойынша есептілікті цифрландыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ электр беру желілерін құстарды қорғау құрылғыларымен міндетті түрде жабдықтау талабы енгізіліп, әуесқойлық аң аулау кезінде жылу бейнелеуіштерді, түнгі көру құрылғыларын және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға тыйым салынды.
Сонымен қатар жаңа Заң жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті айтарлықтай күшейтеді. Атап айтқанда, заң бұзушылар үшін айыппұл мөлшері өсіп, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамауға алу, бас бостандығын шектеу мен айыру мерзімдері ұлғайтылды. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру мерзімдері де қатаңдатылды. Ұсынылған нормалар жануарлар дүниесін қорғау тиімділігін арттырып, биоалуантүрлілікті сақтауға және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға жағдай жасамақ.