11.01.2024, 12:47
Оқылды: 79

Ауған  мен   арба арасы...

Тілші деген қауымның тіршілігі қызық қой. Кейде ойламаған жерден бұрын көрмек түгілі,  атын естімеген адаммен танысып, қалам ұшына сондай тағдыр иелері іліккеніне өзің таңданасың. Әрі бүгінгі мақаламыздың атауы да естір құлаққа түрпілеу ме, қалай өзі?! Енді оны кейіпкеріміздің тірлік тынысына бізбен бірге «саяхаттаған» кезде пайымдай жатарсыз...

6b419cd5-472b-4d9e-b283-33ccc33ac57b

Тағдыр! Бұл өзі пенде біткеннің маңдайына тумысынан басылатын жазмыш заңы десек, оны айналып өтушілер некен-саяқ шығар. Қаладағы анау тас қабырғалардың тасасында қаншама сондай тағдыр иелері жасырынып жатыр десейші?! Бәріміз асығыспыз, айналаға зер сала қарауға уақыт жоқ. Мынау өмір-өзеннің ығы-жығы ырықсыз толқыны кейінге мойын бұрғызбайды, «межелі» жерге жетіп бір тоқтайсың. Тек ол кезде біз біреуді емес, біреулер бізді іздеуі мүмкін-ау... Әрі Жаратқан ие қазір тірлік тегершігін бұрынғыдан бетер қатты айналдырып жібергенге ұқсайды, тіпті, алыс-жақындағының бәрі ұялы телефонмен тілдесіп, сонымен шақырысатын болды. Бұл – қарынға жабысқан талақтай ілесе шапқан ішкі ой ғой баяғы.

Енді аттың басын бетегеден биік, жусаннан аласа боп қатарымызда келе жатқан, көргенде «Япыр-ау, бар екен ғой, қайсар рухты қазақтар!» дегізер азаматқа қарай бұрайын. Түріне қарасаң, қойторы кісі, осыған дейін жүріп келген «ізіне түссең», азуы алты қарыс арлан тектес нағыз қыр ұлы. Күнілгері әріптестерінен естігеніміз, өзгелерден оқ бойы озық қасиеттері – әділдігі, тазалығы, қайсарлығы, қайраттылығы. Адам талғамайтын, кісі жатырқамайтын көпшілдігі және бар. Алпыстың ауласынан жаңа шыққанымен, уақыт алдында, ел алдында парызын өтеген адам десе, оның да артықтығы жоқ секілді. «Сонда бұл кім болды екен?» деген оқырман емеурінін де сезіп отырғандаймыз, айтайық ендеше, аты-жөні – Жұмабек Талапқалиев, тұрғылықты жері – Орал шаһары. Және бір қосарымыз, Ауған соғысының ардагері, доғарыстағы полиция подполковнигі.

Иә, кімге болса да туған жер, атамекен – алтын бесік. Алдымен аз-мұз жөн-жосық сұрасқанымызда айтқаны: «Мен Жалпақталдың «Жұлдыз» кеңшарында туғанмын». «Біз – бөкейлікпіз» деген соң, өрісіміз бір болды ғой дегенді ұқтырғысы келген тәрізді. Сосын: «Қалғанын сен жалғастырсайшы» дегендей, жанындағы бәйбішесіне қарады. «О бастан сөзге сараң еді, анада алған жарақатынан кейін тіпті тұйықталып қалды» деп сүйіктісі Ырыс мән-жайды түсіндіріп жатыр.

Жарайды, қалғанын естіп-білгеніміз бойынша өзіміз баяндайық. Әлгінде Жөкең «Жұлдызда» туғанын жеткізді ғой. Кеңес кезінде сол совхоз Орда ауданының (Бөкей ордасы) Саралжын ауылымен іргелес орналасқан-ды. Бүгінгі ерлі-зайыптылар бірқыдыру уақыт осындағы Қ. Сағырбаев атындағы мектеп-интернатта оқыпты. Партадан басталған балауса сезім кейін мөлдір махаббатқа ұласып, бауырларынан қос ұл мен жалғыз қыз өрген. Шүкір, ата мен әже құшағын жылытатын немерелері де бар. Тек кенжепай бойжеткендері – әзір студент.

Сонымен, отбасындағы он ұл-қыздың екіншісі саналатын Жұмабек қолына аттестатты анау-мынау емес, Оралдағы Сәкен Сейфуллин атындағы білім ұясынан алған. Зерек ұлдың қатарластарымен бірге Алматыға аттануға қабілет-қарымы жетіп тұрса да, ол бірден Саратов облысына қарасты Александров-Гай ауылында тұратын анасына қарай тартады. Осындағы ДОСААФ-ты бітіріп, қолына жүргізуші куәлігін алғанда әскерге шақыртады. Отан қорғауға аттанған бозбала алғашында Саратов маңында әскери дайындықтан өтіп, кейін Түркіменстанға түседі. Араға алты ай салып, яғни 1981 жылдың мамырында Кеңес одағының шағын әскери тобы құрамында Ауған-станның Кандагар қаласынан бір-ақ шығады. Әттең, денсаулығы сыр беріп, қазіргідей кереуетке таңылмағанда ғой... Біраз жайды өз аузынан естір ме едік?! Бір кем дүние! «Көп нәрсе еске түспейді, ұмытып қалғанмын...» деп ол ырқына көніңкіремей отырған салалы саусақтарын сипалап, жанарын жарына қарай аударды. «Айтпақшы, біздің Жұмабектің оны-мұны шатпақтары көп, әскерде жүргенде «Ажалдан арашалаған ару» деп ат қойған бір жазбасы облыстық газетте басылған сияқты. Оқушының торкөз дәптеріне тізген өлеңдері де бар-ды. Егер таба алсам, іздеп қарайын» – деп жаңа бір сырдың ұшын шығарған Ырысты орнынан көтеріліп, шкаф үстіндегі қағаздарды аударыстыра бастады.

44377452-ef14-40bb-a256-5730a2b3aa4b

– Сонда біздің «Орал өңіріне» шыққан ба? О-һо-о, біз кіммен сөйлесіп отырмыз? Жөкең үнсіз жымиып қояды.

– Таптым-ау, өзіңіз оқып шығарсыз, – деп бір кезде шеттері қайтарылып, беттері күнге күйген газетті қолымызға ұстатты. Жалма-жан жарық көрген мерзіміне назар аудардық, «О.ө.», №19, 14 ақпан, 2004 жыл. Тек қазіргіден айырмашылығы – сол мезгіл талабына сай үлкен форматта басылған. Мұндайда қалай қуанбайсың, алдыңнан аға буынның қолтаңбасы қалған сүйікті басылымың шығып, онда жарияланған шығарманың иесі саған қасқая қарап отырса... «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, сарғайған үнпарақ көрсек, сабырдан айырылатын әдетімізбен бір демде оқып шықтық. Оқиға желісі жаралы жауынгер – Жантемір (есімінің өзі олқы емес) мен далалық госпитальдың мейірбекесі Софияның арасындағы сырлы сезімге һәм өзара сыйластыққа құрылған. Оқ пен оттың ортасындағы диалогтар қалай жымдасып, көркем тілмен кестеленген десейші?! Сөз салмағын саралай білетін патша көңілді оқырманымызға сол «сары газеттен» кішкентай ғана тәбәрак һәм үзінді: «...Жантемір аяғының жарақатын ауырсынып, бірер секундқа аялдап қалғаны сол еді: «Құла, тез құла траншеяға!» деген Софияның үздіккен үні құлағына шалынды. Жігіт дауыс шыққан жаққа мойнын бұрып та үлгермеді. Анадайдан айғайлап, жүгіріп келе жатқан қыз оны бар пәрменімен шұңқырға итеріп үлгерді. Бірақ... ажал іздеген автомат оғы бойжеткеннің жауырынын тесіп өтіп, траншея ішінде жатқан Жантемірдің үстіне сұлық түсті».

Бұл – қағаз бетіне түскен бір ғана штрих, бір ұрпақтың бастан кешкен тағдыры. Тарих тақтасына үңілсек, 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында Ауған жерінде болған соғысқа Кеңес әскері құрамында 22 мыңдай қазақстандық аттанса, соның 761-і қыршынынан қиылды. Татар дәмі түгесілмеген мынау біздің Жұмабек сол қанды қырғынның бел ортасынан оралған санаулы сарбаздар қатарынан. Сын сағаттарда сағы сынбаған оның ішкі әлемі бізге құпия, өзіне ғана аян. Командирінің жарақатына байланысты қатарынан кейін қалып, желтоқсан айының соңын ала туған топырағына оралуы да тегін болмаса керек. Замандастығымыз бен жерлестігімізді (бір жас кішілігі бар) алға тартып, тағы да сыр суыртпақтау ниетіміз бар-ды. «Айтпайды бәрібір» деген сырмінез серігінің сөзі тоқтатты.

Әңгіме ауаны Ауғанстаннан кейінгі тірлік қарекетіне ауысқанда, Жөкең тағы сүйіктісіне қарай бұрылды. Қайран ескінің есті келіндері-ай! Бәрін-бәрін қас-қабағынан ұғатыны көрініп-ақ тұр. Сол-ақ екен, облысымызда қызмет істеген бірқатар тәртіп сақшылары өмірінен сыр шертетін шағын жинақты («На страже правопорядка») әулеттің анасы алдымызға тастады. Ішінен «өз кісімізге» тиесілі деректерді теріп, қойын дәптерімізге түртіп алдық. Мұның сыртында екеуара түсініп-түйсінгеніміз бар. Қысқасы, ол 1983 жылдың ақпанында Орал қалалық полиция бөліміне күзетшілік қызметке қабылданған. Жиырма бірдің жалына қолы жаңа тиген жігерлі жігіт кешікпей патрульдік бекет жасағына ауыстырылып, бірден өз қырағылығымен танылады. Қалай дегенмен, кеше ғана белдігіне граната байлап, БМП (әскери техника) үстінде жауына қарсы шапқан жауынгердің бірі емес пе?! Ал енді сөзі мен ісін қабыстырып, көздеген биігіне шықпай тынбайтын өжеттік қанмен берілген қасиет. Осылайша он бес жылдай тәртіп сақшылары қатарында қосшы да, басшы да бола жүріп, бала қиялында қалған Алматыдағы арнаулы, артынан сол шаһардағы жоғары милиция мектебін бітіруі – бірбеткейліктің шынайы көрінісі емес пе?! Қысқасы, сержант шенімен милиция киімін киген Жөкең 1998 жылы подполковник дәрежесінде доғарысқа шығады. Ішкі істер саласындағы соңғы қызмет орны – БҚО қаржы полициясы департаменті (сол кездегі құрылым). Бұл жерде де жазықсыз жаза арқалап, арқасын «аяз қарған» біраз пендені тон болып жылытып, теріс істің тоңын тіліп, сеңін сөгіп, ақиқаттың ақ жолына алып шығады. Мұндайды біздің қазақ жалтағы жоқ жалаңтөс дейді. Бәрі де өзіндік ар-намысына қылау түсірмей келе жатқан табиғи табандылығы мен жалғандыққа жаны қас өткірлігінің арқасы ғой. «Қия баспайды. Қызмет бабында да қаталдығы мен қайсарлығынан танбады. Танып-білетіндер, қамқорлығын көргендер қазір де астындағы атын түсіп беруге бар, алайда...». Әлгінде бізді осында бастап келе жатқанда өзіміздің Құрақаңның осылай дегені бар-ды. (Құрманғазы Алхамұлы – облыстық полиция департаменті орталық аппараты ардагерлер кеңесінің төрағасы). Бұ кісі де артық әңгімеге жоқ, шындықтың шырағын жағып жүретін жан.

– Қонақтар, шай дайын! Айып етпесеңіздер, осы жерге әкеле қояйын, Жұмабектің құлағы бізде болсын, – деді бір кезде Ырыс «қажет емес» дегенімізге қарамай. «Дұрыс» деп «кемпірін» жақтап қояды отағасы. Біздің санамыздың саңылауынан «Бұл өзі қалай болған оқиға, ардагер арбаға қалай таңылды?» деген сауал сығалап тұрғалы қаша-а-ан... Сұраудың өзі ауыр, сұрамауға тағы болмайды. Кереует жанындағы мүгедектер арбасына қадала қарап қалғанымызды аңғарған Құрманғазы аға: «Інім, бұл «көлікті» жуырда Жұмабектің жора-жолдастары сыйлады. Өзі де талайға қолғабыс етіп, алғыс арқалаған азамат қой» – деп үнсіздікті бұзып, әңгіме тінін қайта тарқатып жіберді.

– Солай, қауіп-қатер қайдан дерің бар ма? Сосын қажет десеңіз, зейнеткерлікке шыққан соң да Жөкеңе «құда түскендер» көп болды. Салалық басқармаларда, әкімдіктерде заңгерлік қызмет атқарды. Талай айтыс-тартыстардан жалауы жығылмай шықты ғой, әйтеуір, – деген Ырыстың үні кенет бұзылып сала берді. Айтуынша, жолдасы жеке баспана тұрғызу қамымен жүріп, 2012 жылы бейнетке ұрынады. Бірақ біраз ем-дом қабылдағаннан кейін әупірімдеп қатарға қосылып кетеді. Тек 2018 жылы «ескі ауруы» қайта сыр беріп, бірте-бірте аяқ-қолы жансызданып, ақыр соңында төсекке таңылады. Ырыс амалсыз тәрбиешілік қызметімен қоштасып, шаңырақ иесінің бағым-күтімін қолға алады. «Ештеңеге мұқтаж емеспіз-ау, Жұмабектің осындай халге душар болғаны болмаса. Ер-азамат үшін 61 жас деген не тәйірі?!». Жар жанары тағы суланды... Көңіл аспанын торлаған мұң бұлты сейілген кезде Жөкең алған мақтау-марапаттар, медаль, төсбелгілер жайында сұрамаймыз ба? Өйткені, ілулі тұрған костюмінің өңіріндегі қаздай тізілген «сылдырмақтар» сонадайдан көз жауын алады. Алыста қалған Ауған соғысынан арбаға таңылғанға дейінгі тірлік соқпағы өз сынағына қоса, сый-құрметін де аямағанға ұқсайды. Құманын қайта демдеп жатқан келіншегі: «Ол жағын білмеймін, өзі айтсын» дегендей ишарат танытты.

– Керек емес, «Елге қызмет – ерге міндет» демей ме?! Нағыз білекті, жүректі жігіттер майдан шебінде ерте көз жұмды ғой. Мен бақыттымын, соларды айтсайшы... Нағыз бір нәрсе жазу керек болса, «Ауған халқының алғысы» медалі мен «Үздік полиция қызметкері» төсбелгісін ғана түртіп алыңыздар. Қалғаны өзгелер де тағып жүрген дүниелер, – деді Жөкең өз ойын үздік-үздік жеткізіп. О бастан жез легендей жылтыраған дүниеге құмартып,  атақ-даңқ қумаған қарапайым болмысыңнан айналдық сенің, Азамат!

Авторлық шегініс: Тағдыр салған ауыртпалыққа мойымай, кереует үстінде де еңсесін тік ұстап отырған ерге қалай сүйсінбессің?! Жазым ғой, оқыстан тайып құлаған бір сәт осы дертке себепші болыпты. Жиырмаға жетпей соғыс тәніне (қара санын оқ тескен) жара салса, елудің бел ортасынан аса бере тәңір тағы бір кеселін көлденең тартуын қарасайшы?! Өмірдің өзі шыңдаған, ішкі тәрбиесінен текті-ліктің лебі ескен, тумысынан туралықты сүйген және адамға мейірімі төгілген жайсаң жанның қасынан ұзап кетудің қиыны-ай! Қағаз-қаламымызды туарған соң да, омалып орнымызда біраз отырдық. Жібергісі келмейді, көкбөрінің тұқымы еркіндікті аңсайтындай...

Бауыржан  БИСЕНОВ,

«Орал өңірі»,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале