10.12.2024, 12:00
Оқылды: 69

Аусыл індеті қауіпті – маман

Аусыл – жұқпалы және тез таралатын аша тұяқты жануарлардың аса қауіпті вирустық ауруы. Ол ауыз қуысының, көмейдің шырышты қабығының, қол мен аяқ терісінің көпіршіктер мен эрозияға ұшыраған ойық жараларға өтетін өзіндік бөртпелер түріндегі афтоздық зақымдануымен сипатталады. Вирустың 7 түрі белгілі: О, А, С, САТ-1, САТ-2, САТ-3 және Азия-1. Бір типтегі аусылмен ауырған жануарлар басқа типтегі вирус жұқтырған жағдайда қайта ауырып қалуы ықтимал. Бұл жөнінде Орал қалалық ветеринариялық стансаның ветеринария дәрігері Дулат Бекетов айтты.

сиыр корова дала мал

Сурет сайт архивінен

Жұқпа қоздырғышының көзі – ауру жануарлар. Ауруға шалдыққан жануарлар ұзақ уақыт (2-3 айға дейін) вирусты сыртқы ортаға сілекеймен, сүтпен, нәжіспен, зәрмен, көпіршіктердің құрамында шығарып, сау мал басы үшін эпизоотиялық және қызмет көрсететін жұмысшылар үшін эпидемиологиялық қауіп төндіреді. Адамға аусылдың жұқпасы ауру малдың шығарындыларымен жанасқанда, терінің, көздің, мұрынның және ауыздың шырышты қабаттары арқылы және шикі сүт, басқа да термиялық өңделмеген өнімдерді, ет, сойылған ауру жануарлар мен шұжық өнімдерін тұтынғанда  жұғады. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаның вируспен ластанған нысандары –  малдың төсемі, жемшөп, құрал-саймандар, сүт ыдыстары, малды қарайтын адамдардың киімдері мен аяқ киімдері, аутокөлік дөңгелектері арқылы берілуі мүмкін.

Бұл аурудың табиғи резервуары болып табылатын үй және жабайы аша тұяқтылар аусылға өте сезімтал болып келеді. Ірі қара мал, шошқа, қой-ешкі сияқты ауыл шаруашылығы жануарларына аусыл індетімен ауру қаупі төнеді. Сондай-ақ солтүстік бұғылары, киік, елік, түйе сияқты жануарлар арасында да тіркелген. Аусылмен жылқы, ит, мысық сияқты жануарлар сирек ауырады. Кеміргіштердің кейбір түрлерінің (егеуқұйрықтар, тышқандар, сарытышқандар және т.б.)  инфекцияға сезімталдығы төмен, бірақ тамақ қалдықтарын, шөпті, сабанды, топырақты және басқа да заттарды механикалық тасымалдау арқылы таралуы ықтимал. Жануарлар арасында аусыл ірі қара малдың айтарлықтай мал басын қамти отырып, өткір эпизоотия түрінде жүреді. Әрі айтарлықтай экономикалық залал келтіреді. Індет ауыл шаруашылығы жануарлары арасында, әсіресе  төлдерде ауыр түрде жү-реді,  өлімге  әкеледі.

Ауру малға диагноз қою кезінде эпизоотологиялық деректер, аурудың клиникалық белгілері, патологиялық-анатомиялық өзгерістері және міндетті түрде зертханалық зерттеулердің нәтижелері ескеріледі. Індеттің алдын алу, онымен күресу шараларына келсек, бастысы аусыл вирусының енуіне жол бермеу үшін зоогигиеналық тәртіптер мен жануарларды ұстау қағидаларының талаптарын сақтаған жөн. Қолайлы аумақтардан жем сатып алуға және оларды тамақтандыру алдында термиялық өңдеуді жүргізуге, шаруашылық нысандарының аумағына кіретін орындарды санитариялық өткізгіштермен, дезинфекциялық тосқауылдармен (кілемшелермен) жабдықтауға мән беру керек. Сондай-ақ оларды жұмыс жағдайында таза ұстаудың маңызы зор. Шаруашылық аумағына кірген кезде жануарларды ұстау, жемшөпті сақтау және дайындау орындарына, көлік құралдарына тұрақты дезинфекция жүргізу ескерілгені дұрыс. Дератизация мен дезинсекцияны жүйелі түрде жүргізу қажет.  Әрқайсысымыз рұқсат етілмеген сауда орындарынан ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ мал мен мал өнімдерін сатып алмағанымыз жөн. Жаңадан сатып әкелінген жануарлар ветеринариялық қызмет құрылымдарында және ауылдық әкімшіліктерде тіркеуге алынып, 30 күн ішінде табынға қосар алдында міндетті карантиндеуден өткізілуі тиіс. Жануарларды бақылаусыз серуендеуге және жайылымға шығаруға тыйым салынады.  Ветеринария маманы малды соярдан бұрын тексеріп, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілуін қамтамасыз етуі керек. Қорытындылай келе, аусыл ауруына күдік туған кезде шаруашылықтың басшысы (жануардың иесі) және шаруашылыққа (елді мекенге) қызмет көрсететін ветеринария маманына, ветеринариялық қызмет құрылымдарына бұл туралы дереу хабарлауға міндетті.

Олар шаруашылыққа (елді мекенге) келгенге дейін ауру және ауруға күдікті жануарларды олар тұрған үй-жайда оқшаулап, мал союды  және сатуды тоқтатып, шаруашылық (ферма) аумағынан мал өнімдері мен шикізатты, жемшөп пен басқа да жүктерді шығаруды тоқтатулары тиіс.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале