15.02.2021, 14:58
Оқылды: 151

Аутокөлік айдап кеткендер Атыраудан ұсталды

Орал қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 23-24 қаңтарда О.Исаев көшесіндегі көппәтерлі  5 қабатты үйдің  ауласында тұрған қара түсті көліктің ұрланғаны туралы жедел мәлімет түсті. Көлік иесі 23 қаңтарда сағат 21.00-де үйдің  ауласына айдап әкелген көлігін таңмен орнынан таппай қалған. Дәл осыған ұқсас оқиға  31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні орын алады. Т. Масин көшесіндегі  балабақшаның қасынан тағы бір көлік айдалып кеткен.

D09D72F2-A8A3-49C2-B430-D613FE0F1981

Соған орай дереу атқа қонған Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктілерді іздеуге шықты. Кәсіби шеберлігі шыңдалған, қырағы жедел уәкілдер 8 ақпанда екі күдіктіні анықтады. Олардың бірі Атырау облысының, екіншісі өңіріміздің тумасы екен. Күдіктілерді құрықтау мақсатында Абай полиция бөлімінің қырағы үш қызметкері Атырау қаласына барып, жедел іздестіру іс-шараларын қолға алды. Сақшылар Атырау қаласына іргелес шеткі ауылдардан екі жігітті түнде ұстады. 1992, 1994 жылғы атыраулық және оралдық қос жігіт екі көлікті қуып айдап кеткенін, оны  сатып жібергендерін толықтай мойындады. Бұл аз дегендей, көлік ішінен аутомагнитолла ұрлаған. Күдіктілердің бұған дейін де айыпты болғандары, өзге де жеке бас деректері нақтыланды.

Бүгінде екі  күдікті Орал қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оларға қатысты екі көлікті айдап кету, бір ұрлық, бір дене жарақатын келтіру фактілері бойынша төрт эпизодты қылмыстық іс қозғалды. Көлік иелеріне 600, 800 мың теңге көлемінде және 200 мың теңге көлемінде материалдық залал келді.

Атырау қаласына  айдалып кеткен көліктерді Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері Орал қаласына жеткізді. Көліктер жуырда өз иелеріне қайтарылады.  Ал өзгенің мүлкін пайдаланып, оңай ақша таппақ болғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады.

Жыл басынан бері Орал қаласы аумағында 8 көлікті айдап кету дерегі орын алғанымен, көлік ұрлығы тіркелген жоқ.

Гүлжан Ғалым,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале